Мектеп • 25 Тамыз, 2023

Асханасыз 110 мектеп

325 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы кей мектептерде жаңа оқу жылына дайындық енді қыза бастағандай, құрылыста да жанталасқан әрекет. Кейінгі жылдары сыбайлас жемқорлықпен, түрлі қылмыстық оқиғалармен «танымал» болған өңірдің білім саласында, мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізілуі бекітілген кестеден кешігуі үлкен даулардың тууына түрткі болғалы тұр. Өйткені жаңа оқу жылына дайындық көңіл көншітпейді. Дегенмен облыс әкімдігі ай соңына дейін түзелер азын-аулақ шаруа болмаса, мектептер оқу жылына дайын деп отыр.

Асханасыз 110 мектеп

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Түркістан облысында биыл 51 621 оқушы бірінші сыныпқа барады. Облыста салынып жатқан 33 мектептің бесеуі 1 қыркүйекте тапсырылса, жыл соңына дейін 14-і және 2024 жылы 14 мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланған жиын­да облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен жылу маусымына дайындығын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуын жіті қадағалауды жүктеді. Облыстағы мемлекеттік білім беру меке­ме­лері 100% дабыл батырмаларымен қамтылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуге тиіс білім беру ұйымдары күзет фирмаларымен келісімшартқа тұрып жатыр. Қажеттілікке байланысты білім беру ұйымдарының қоршауы жаңартылу үстінде. Ішкі әжетханасын ретке келтіруге тиіс 89 мектепте кәріз жүйесіне қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. 28 мектептің жылу жүйесі газға өтті. Бұл жұмыстарға 70 мек­тепке бюджеттен 1 млрд 665 млн тең­ге қаржы қарастырылған. Білім беру­ мекеме­ле­рінің жылыту жүйелері гидравли­калық сығымдаудан өткізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы 1-4-сыныпта оқитын 187 832 бала бір рет­тік ыстық тамақпен қамтамасыз еті­­леді. Бұған об­лыс­тық бюджеттен 6 млрд 197 млн теңге қаржы бөлінген.

Өңірдегі 21 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мерзімінде аяқтамаған мердігер компанияларға заң­на­ма талаптарына сәйкес шара тағайын­далады. Мәселен, Сарыағаш ауда­нындағы №16 Панфилов атындағы жалпы орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты «Шаңырақ-21» ЖШС-ға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Облыс бойынша 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке та­сымалданады. «Балалар жылы» аясында облыс мектептеріне Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингпен 101 жаңа заманауи автобус алынған. Олар 101 мектепке жеткізілді. Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобуспен ұйымдастырылады. Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары үшін мектеп формасы және оқу құралдарын алуға облыстық бюджеттен 1 млрд 316 млн теңге қаржы бөлінді. Осы санаттағы 32 455 балаға 40 567 теңгеден қарастырылып, ата-аналарының шоттарына қаржылай аударым жасалды. Республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам оқушы қамтылады.

Алайда жоғарыда келтірілген кей мәліметтердің шынайы жағдайға сәйкес еместігін айтушылар аз емес. Бұл ретте жуырда өңірдің бірқатар ауданында болып, мектептердің дайындығын бақылап қайтқан облыстық мәслихат депутаттарының өз айтары бар. Білім саласындағы өзекті мәселелер қаралған «Amanat» партиясының Түркістан облыс­тық филиалында өткен жиында мәслихат депутаттары, партиялық бақылау мен қоғамдық кеңес мүшелері өңірде кем дегенде бес мектепте күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай қалуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Осы жиында баяндама жасаған Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов білім ұяларының жұмысына жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді тізіп берді. Ал білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың баяндамасында келтірілген құрғақ цифрлар, жалаң мәліметтер көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ. Мысалы, А.Садықова Төлеби ауданында күрделі жөндеу жұмыстары 5 мектепте жүріп жатқанын мәлім етті. Алайда бұл ауданда күрделі жөндеу жұмыстары «Қаратөбе» мектебінде ғана жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Мұны жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек те растады. А.Садықова кезінде осы Төлеби ауданында мектеп директоры болған. Екі мәрте аудандық білім бөліміне басшылық еткен. Төлеби ауданындағы білім саласының жағдайын бес саусағындай білуге тиіс орынбасардың не себепті жалған дерек беріп отырғаны белгісіз. Аудандағы 43 жыл бұрын пайдалануға берілген Қаратөбе жалпы орта мектебінде 415 оқушы білім алады. Күйген кірпіштен соғылған білім нысанында бұған дейін шатырлар, есік-терезелер ауыстырылған. Өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Оған жергілікті құрылысшылар тартылыпты. Нысанның ішкі жұмыстары аяқталуға жақын. Осы айдың соңында пайдалануға берілуге тиіс. Ал Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылындағы №6 Киров атындағы жалпы орта мектебінің жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. 750 орындық ғимарат 1978 жылы салынған. Бүгінде аталған мектепке 1100-ден астам оқушы барады. Күрделі жөндеу 2022 жылы басталғанымен, осы жылға өтпелі болған. Биыл тиісті қаржы бөлінді. Алайда жөндеу жұмыстары белгіленген кестеден кешіктіріліп жатыр. Бұл орайда облыс әкімдігі тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан компания басшысына түнгі ауысымға көшіп, кешіккен кестені бір аптада қуып жету жөнінде талап қойылыпты. Егер орындай алмаса айыппұл арқалайды. Қазіргі кезде 70-тен астам жұмысшы қызу еңбек үстінде.

Тағы бір өзекті мәселе бар. Қыр­күйектен бастап бастауыш сынып оқушыларының барлығына бірдей ыстық тамақ беру туралы Президент тапсырмасын орындауға әзірлік нашар. Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету де­партаментінің мәліметі бойынша, өңір­дегі мемлекеттік 907 мектептің 110-ында асхана жоқ. Мектептерде ин­тер­­неттің, дабыл қаққыштың, бейне­камералардың, турникеттің жұмыс істеуі, әжетханаларды ғимараттың ішіне көшіру сынды талаптардың үдесінен шығу жағы да сын көтермейді. Жаңа оқу жылына дайындық шараларына байланысты жұрт жанталасып жүргенде облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы кейінгі екі-үш айдың көле­мінде жиындарда төбе көрсетуді қойған. Бірде денсаулығына байланысты жұмыста болмайды, енді бірде еңбек демалысына шығып кетеді. Басқарма басшысының «тиіп-қашып жұмыс істеуін» жақын күндері министрлікке ауысуды көздеп жүргенімен байланыстырушылар бар. Былтыр жыл соңында әкімдікте өткен жиында облыс әкіміне жемқорлыққа қарсы күресті жандандыруға уәде берген Дінислам Болатханұлы биыл жыл басында жемқорлықпен тұтылды. Рас, басқарма басшысы мен оның орынбасарларының үстінен жемқорлық қылмыс жасады деген негізбен қозғалған қылмыстық іс кейін жабылды. Дегенмен антикор облыс әкіміне Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларының тәртіптік мәселесін қарау жөнінде хат жолдаған. Жаңа оқу жылына дайындық қызу жүргізілуге тиіс жаз айларында басшысы бірде науқастанып, енді бірде демалыста жүрген, орынбасары нақты жағдайды білмейтін облыстық білім басқармасының жұмысына сын айтушылар көп.

Десек те жаңа оқу жылына дайын­дық облыс әкімі мен осы салаға жауапты орынбасарының күнделікті қадаға­ла­уында. Бүгінде құрылыс немесе жөндеу жұ­мыстарына жауапты барлық мердігерге сапаға аса мән беру, жұмысты кестеге сай аяқтау тапсырылған. Басты талап – нысандар жаңа оқуы жылына толық тапсырылуға тиіс. Осы орайда мердігерлер алдағы уақытта екі ауысыммен тынымсыз жұмыс істеуге уәде беріп, жұмысшы бригадаларын көбейтуге кіріскен.

 

Түркістан облысы