Саясат • 28 Тамыз, 2023

Дипломатиядағы айқындаушы үрдіс

504 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ғаламдану үдерісі айналамыздағы жойқын өзгерістерді, одан туындаған жаңа қауіп-қатерлерді үдете түсті. Мұндай сын-асулардан кез келген елді тек мықты дипломатия ғана сүрін­дір­мей аман алып шыға алады. Ал дипломатия­сы бәсекеге түсу қабілеттілігі тұрғысынан әлсіз елдер неге ұшырайтынын ойлаудың өзі қорқынышты. Мұн­дай пайымдарға келуге дипломатия саласындағы отыз жылғы тәжірибемде кезіккен екі-үш оқиға түрткі болды.

Дипломатиядағы айқындаушы үрдіс

Ең алғашқысы 1997-2000 жылдары Үндістанда дип­ло­матиялық қызмет етіп жүр­ген­де болды. 1949 жылға дейін мемлекет ретінде өмір сүріп келген Тибет елі дип­ло­матияға қажетті көңіл бөл­ме­геннің кесірінен ҚХР, Ұлы­бри­тания және бұ­рынғы КСРО-ның білдірмей бас қосқан үштік кездесулерінің нәтижесінде бір-ақ күнде мем­лекеттілігінен айырылды. Тибет мұның қалай болғанын өзі де білмей қал­ған. 2013-2016 жылдары Ин­донезияда қызметпен бол­ға­нымда осы елдің АҚШ-та ұзақ жылдар елшісі болған Дино Пати құрған үкіметтік емес ұйы­мының ұйымдастыруымен ке­зекті бір конференция өтті. Сол жиында Дино Пати сөзін «Не­ліктен Индонезия бес ғасыр бөтен елдің отары болды?» деген сұрақтан бастап, «Өйткені индонезиялықтардың өз дипломатиясы болмады» деген жауап қатумен өрбітті.

Дипломатияға жеткілікті түр­де көңіл бөлмеудің зардабы ұлт тағдырына орасан апат әкел­генін Махамбеттің 200 жыл­дығына орай Астанадағы өткен іс-шара кезінде абыз Ә.Кекілбаевтың сөйле­ген сөзі­нен аңғардым. Ол кісі бір са­ғат­тың ішінде адамзаттың Аф­ри­кадағы дамуынан бас­та­ған әңгімесін Қаройға алып келіп тіреді де, Ресей импе­рия­сының қолданған саяси тех­­­но­логиясының салдарынан дипломатиясы әлжуаз Қазақ елі­нің, соның ішінде Жәңгір ханның әуелі қалай биліктен айырылғаны, соңынан оның бес баласының екі жыл ішінде белгісіз себеппен өмірмен қош­тас­қанымен аяқтады.

Өткен тарихты зерттеп, зерделемесек, ел басына түскен қа­сіреттің себеп-салдарына үңі­ліп, сабақ ала алмасақ, одан қорытынды жасап, көңілге тоқи алмасақ, қайғының одан бетер қайталанбасына кім ке­піл? «Кімде-кім алыстағыны біл­месе, ол жақындағыны да білмейді, бөтендікін білмей, өзіңдікін де білмейсің» дейтін шығыс даналығына сүйенсек, 60-жылдары басталған ғы­лыми-техникалық немесе бас­қаша айтқанда, ақпараттық революция ғаламданудың катализаторына айналған бүгінгідей заманда болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік бол­уы үшін дипломатиясы ең күшті елдердің игі тәжірибесін үне­мі електен өткізіп отыруға мін­дет­тіміз.

Зер салып қарасақ, заман ағымына қарай бүгінгі дип­ломатияның айла-әдістері сан түрленіп, жаңа сын-қатер­лер­ді туындатты. Бүгінде шар­та­рап­қа таралған БАҚ, желілер мен жүйелер әлеуметтік пен сим­волдық қатынастардың шиыр­ланып, жергілікті болсын, алыс-қашықтағы болсын оқи­ға­лардың бір-біріне ықпал етуіне алып келді. Нәтижесінде, халықаралық қатынастардағы іс жүргізудің жаңа тәсілдерін қамтитын дипломатияның жа­ңа түрлері жиі қолданысқа түсе бастады. Атап айтсақ, дип­ло­матия экономикалық, мә­­­ден­иет, қоғамдық, парадип­ло­­ма­тия, элек­трон­дық, желі­лік,  диас­по­ра­лық болып бөлінді.

Публикалық немесе қоғам­дық дипломатия шетел­дік қо­ғамдық санада оң образ қа­лып­тастыру көмегімен өз мемлекет мүддесін алға жыл­жы­татынын көреміз. Ол қоғаммен диалогке елдің өкілдерін ғана емес, сондай-ақ бизнес-қауым, үкіметтік және үкіметтік емес, ғылыми және мәдени ұйымдар өкілдерін, басқа да алуан түрлі санаттағы азаматтарды диалогке тартады. «Жаңа публикалық дип­ломатия» деген атпен даму­дың жаңа кезеңіне аяқ басқан дипломатияның бұл түрі көбіне өзін желілік ортада көрсетіп отыр.

Электрондық дипломатияға келсек, оның түрі сан ­­алуан. ­Оларға «твипломатия» (twiplo­macy), әлеуметтік медиа дип­л­оматиясы (social media diplomacy), интернет дипломатия (Internet-diplomacy) және тағы басқалар кіреді. Сонымен қатар бейнеконференциялар мен электрондық келіссөздер жүйесі барған са­йын белсенді пайдаланылып келеді. Айталық, Ресей СІМ-нің «Вконтакте», «Facebook» әлеуметтік желі­лер­де, сондай-ақ «Twitter», «YouTube» және «Flicr» сайттарында ресми сайт­тар мен аккаунттары бар. Электрондық дипломатия ақ­па­рат тарату мен алмасуды қам­тамасыз ете­тін электрондық құралдар кө­ме­гімен жүзеге асады. Яғни мақсат-мүдде­лерге қол жеткізуде ақпарат­тық-коммуникациялық техно­ло­гия­лардың рөлі орасан зор. Ақпараттық ортаға және дипло­ма­тияға жаңа технология­­ларды ендіруді икемдей білу күн тәртібіне шыққалы бергі бұл міндеттерді шешу үшін, АҚШ мемлекеттік департаментінде «XXI ғасырдағы мемлекетті бас­қару өнері», Ұлыбри­та­ния­ның Форин-офисінде «Сандық дипломатия» және Кана­да­да­ғы «Ашық дипломатия» сын­ды тиісті бағдар­ла­малар қа­­былданды. Көптеген арнау­лы әдебиет пен электрондық ба­сылымды, блок пен интернет ресурсты өзіне сіңіре отырып, ғаламдық коммуникация­лы заманауи әлемнің жақсы сипатын бере алатындықтан электрондық дипломатияны публикалық дип­ломатияның құрамдас бөлігі деп қарай­тын­дар да кездеседі.

Парадипломатия немесе өңір­лік дипломатия түрлі ел өңір­лерінің халықаралық ұйым­дарда және басқа да бір­лес­­тіктерге, сондай-ақ ынты­мақ­тастықтың шекара­лық, өңір­­­аралық және транс-өңір­ара­­­лық алуан түрлеріне қа­ты­суларымен байланысты туын­дайды. Мұндай дипло­ма­тия­­ның негізін географиялық жағ­дай­лар, экономикалық даму, сондай-ақ ресурстармен, технологиялармен, тәжіри­бемен, кәсіпқой кадрлар­мен алмасу мүмкіндіктер ұқ­сас­тығымен айқындалған фактор құрайды. Мысалы, мұндай дипломатия­ны ТМД елдері, Ресей және Еуропалық өңірлерден көре ала­мыз.

Желілік дипломатия – тер­­­мині іс жүргізудегі жаңа қағидатты  білдіру үшін ресейлік сырт­қы саясатта қолданылады. Айталық, бұрын негізгі дәне­кер­лік контактілер жоғары немесе ұйымдар деңгейінде жүр­гізілсе, енді түрлі ел ми­нис­тр­ліктері мен ведомстволары бір-бірлерімен тікелей және нақты бағдарламалар бо­йынша байланысқа түсе ала­ды. Алайда желілік дипломатияны басқаша түсіну жолы (Net diplomacy) да бар. Оның электрондық дипломатиядан айырмашылығы – заманауи коммуникация құралдарын жай пайдаланып қана қоймайды, сонымен қатар орын алған оқиғаға қатысты белгілі бір көз­қарас пен құндылықтарды әлем өңірлері мен түрлі ел үшін әр­түрлі тілде жайып, тарататын сайт­тар, жаңалықтар мен басқа да электрондық ресурстар құру.

Қазіргі әлемде желілік өзара ықпалдасу алуан фактор­лар­дың, соның ішінде мемле­кет­тердің, үкіметтігі бар, үкімет­тік емесі бар халықаралық ұйым­дардың, трансұлттық кор­порациялардың, сондай-ақ түр­лі әлеуметтік индивид пен топтың арасында жүріп жатыр. Сөйте тұра зерттеулерде «өзара ықпалдасу желі» ұғымы орнына «саяси желі» ұғымы жиі кездеседі. Бұл ұғымның екі мәні бар: 1) «policy network» – стратегия, бағыт-бағдар, курс, іс-әрекет жоспары секілді кең ұғымдағы саяси желі; 2) «political network» – тек саясат саласына қатысы бар тар ұғымдағы саяси желі.

«Саяси желі» терминінің қос мәні де қазіргі халық­ара­лық әлемдегі болып жатқан сан алуан үдеріс пен заңды­лықты толыққанды көрсе­те алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, желілік өзара ықпалдасу тек саясатқа емес, сондай-ақ қоғамдық өмір­дің барлық саласына да қа­тысты. Екіншіден, желіге қа­тысу­шы­лар­дың құрамын, олардың ерек­шеліктерін, олар баға­лайтын құндылықтар мен көздейтін мүдделерді санақ­қа алмай барлық назарды тек үдеріске жиынтықтау дұрыс болмас еді. Үшіншіден, желі­де­гі байланыс көпшілік жағ­дайда қоғамдық өмірдің екі және одан да көп саласын қам­тиды және кешенді сипатқа ие. Желілік өзара ықпалдасуға түрлі институттың, топтың және қауымның өкіл­дері қаты­са­­тындықтан, шын мә­ні­сінде, ол әлеуметтік желі саналады.

Қалыптасу үстіндегі жаңа ортадағы дипломатия бағыт-бағдарының құндылықтарына келсек, мемлекеттер, халық­аралық ұйымдар, қоғам­дық бірлестіктер, тіпті ха­­лықаралық байланысқа түс­кен жеке адамдар арасын­дағы желілік өзара ықпал­дасу­лар ғана келесі онжылдықта халық­аралық қатынас дамуы­ның айқындаушы факторына ай­налмақ.

 

Мұрсал-Нәби ТҰЯҚБАЕВ,

Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері