«Абайдың ақын ұлдары» атты жинақты құрастыруда автор Абайдың ақын ұлдары-шәкірттерінің шығармашылығын насихаттауды мақсат етеді. Кітапта ақынның ұлдары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл мен немересі Әубәкір Ақылбайұлының еңбектері, өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу мақалалар, эсселер топтастырылған. Жинақ бес бөлімнен тұрады, алғашқы төрт бөлімі Абайдың ақын ұрпағына арналған болса, «Кітап ішіндегі кітап» бөліміне Тұрағұл Абайұлының таңдамалы аудармалары еніпті. Аталған еңбек – жоғары және орта оқу орындарының ұстаздары мен студенттеріне таптырмайтын оқу құралы. Әдебиетсүйер қауымның да көңілінен шығады деген ойдамыз. Кітап құндылығы неде десеңіз, Абайдың ақын ұрпақтарының еңбектерімен бір жинақ арқылы танысуға болады. Иә, күні бүгінге дейін де ақын шәкірттері туралы жеке-жеке жарық көрген еңбектер баршылық. Дегенмен, оның барлығы оқырман қолына түсе бермейді. Абайдың ақын ұлдарының архивтер мен ғылыми институттарда, музей қорлары мен кітапханаларда жатқан еңбектері қайта басылып, бір кітапқа топтастырылуы, әрине, оқырман үшін жақсы жаңалық.
Кітаптың алғашқы бөлімінде Ақылбай шығармашылығына қатысты зерттеу мақалалармен қатар, ақынның өміріне, балалық шағына қатысты оқырманға қызықты оқиғалар берілген. Тоқтархан Шәріпжанұлының «Ақылбайдың шапшаңдығы» атты шағын материалын оқи отыра, Ділдәнің өз балаларын ақындық өнерге тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлгенін түсінеміз. М.Әуезовтің «Ақылбай шығармалары туралы», абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының «Ақылбай Абайұлы Құнанбаев», Қажым Жұмалиевтің «Ақылбай Абайұлы», Мұхтар Мағауиннің «Жоғалған поэма тарихынан» сынды көлемді зерттеу мақалаларымен қатар, Ақылбайдың өз өлеңдері мен поэмалары да жинаққа енген.
Екінші бөлім Ақылбайдың ұлы Әубәкір ақынның шығармашылығына арналған. Әубәкір Ақылбайұлын Қайым Мұхамедханұлының «Әубәкір ақын» атты мақаласынан танып-білуге болады. Аталған мақала бөлімнің өн бойын ашып тұрғанымен, ақын туралы тереңірек зерттеуді қажет ететіндей. Әубәкір – Абайдың қасында он екі жыл жүріп, көп тағылым-тәрбие алған баласының бірі. Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай сынды көзі ашық, көкірегі ояу, көрген-білгені мол жандардың жанында жүріп, тәлім алған Әубәкірдің де өнер-білімнен кенде емесі анық. Әубәкірдің Абайдың өзге баласынан бөлек қыры – суырыпсалмалығында еді. Әзіл, қалжың, оспақ-әжуаға толы жыр жолдарын сол арада өз жанынан ауызша да, жазбаша да шығара қояды. Өлеңдері ауызша таралғандықтан ба, кей өлеңдері толық сақталмаған көрінеді. Бұл мәселеге кітап құрастырушысы да түсініктеме бере кетіпті. Атап айтқанда, кітаптағы әр өлеңге қатысты түсініктеме-анықтамалар оқырманның түсініп-түйсінуіне өте ыңғайлы.
Қайым Мұхамедханұлының «Әубәкір ақын» атты мақаласында қозғалған мына бір ойды оқырманға айтуды жөн көріп отырмыз. Әубәкірдің әйелі Кәмәш мынадай естеліктер қалдырған екен. «... Мен келін боп түскеннен кейін әкем (Абайды айтады. – Қ.М.) шақырып алып: Қарғам Кәмәш, ата-енені сыйлау, үлкенді қадірлеу бетін жауып алып, тізе бүгіп сәлем етіп, жан біткеннен жасқаншақ болудан басталмайды. Алдымен менің өз алдымда бетіңді аш, сәлем етпей-ақ, осы үйдің ішінде өзіңнің оң жақта жүргеніңдей, қаймықпай жүре бер. Мына Еркежан екеумізді ата, ене деп қарама, әке-апа деп қара, менің тілегім осы», деген екен. Әр бөлімдегі материалдарды оқи отыра, ұлы ақынның отбасы тәрбиесіне айрықша көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Ұл-қыздың тәлім-тәрбиесіне мән беру, баланың өнер-білімге деген қызығушылығын ояту, ауыл қариясының насихаты, т.б. ұлттық педагогикамыздың жарқын үлгісін дәл осы жинақтан оқып білуге болады.
Кейінгі екі бөлім Мағауия мен Тұрағұл шығармашылығы жайында сөз етіледі. Абайдың ақын ұлдары да Еуропа және орыстың классикалық поэзиясының дәстүрінен үлгі алған. «Балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!» деп Абайдың өзі айтқандай, ақын балаларының білім алуына, оның ішінде орысша оқытуға да көңіл бөледі. Ақынның әр баласы әке-ұстазынан бөлек стиль, бөлек бағыт іздеуге күш салғанын, нәтижесінде, жазба әдебиеттің қалыптасқан өкілі атанғанын аңғарамыз. Шын мәнінде, Абай ауылының ақын шәкірттері хакім мұрасының осы күнге жетуіне, шашау шығармай, ұрпаққа жеткізуге көп септігін тигізді.
Б.Жүнісбековтің Абай жайында әр жылдары жазған зерттеу еңбектері топтастырылған тағы бір кітап – «Абай сәулесі». «Абай сәулесі» деген атаудың өзі оқырман жұрттың назарын бірден аудартады. Кітапта Абайдың шығармашылығы мен өміріне, оның ұрпақтарына қатысты тың деректер эссе-мақала, сұхбат форматында ұсынылған. Сондай-ақ Шәкәрім ақын мен Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы туралы зерттеулер де енгізілген. Кітап оқырманның қабылдауына жеңіл, бөлімдер мен тақырыпшаларға бөлініп, ықшамдалып берілген. Автор Абай туралы халықтың бүгінге дейінгі көкейде жүрген әртүрлі мәселелерге қатысты нақты тұжырым жасаған. Атап айтқанда, ақынның нақты туған жері мен туған күнінен бастап, ұрпағына дейін түгелдей тізбелеп, расталған ақпарды жинақтауға назар аударған. «Ақын мұрасының бас шырақшысы», «Құдайдан қорықпаған қоғам», «Арбамен Америка асқан» деген тақырыптардың өзі оқырманды бірден баурап әкетеді. Аталған қос жинақтың да оқырман үшін берері мол. Абай тағылымы мен ақын шәкірттері туралы әлі де ғылыми ізденістер жалғаса бермек.
Айсұлу СЪЕЗХАН,
Абай атындағы ҚазҰПУ студенті