Әдебиет • 29 Тамыз, 2023

Еліміздің сара жолы қандай болмақ?

248 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбденұлының «Қазақстанның сара жолы» атты кітабы жарық көрді. Бұл еңбек әбден кемеліне жеткен ғалымның қазіргі шақ туралы 45 ой-толғамынан тұрады. Кітап әлемдік көзқараста елімізді жаңа өркениетке жетелеу жолында жазылған. Сол мақсатта қоғамды жаңғыртуды, ұлттық сана өзгерісін ұсына отырып, жаңа технологияны ізгі мақсатқа жұмсау жолын көрсетеді.

Еліміздің сара жолы қандай болмақ?

Оразалы Сәбденнің экономикаға қатысты ұсыныстары мен жобаларының мемлекет дамуына тигізетін пайдасы зор. Ғалымның ұтымды ұсыныстары іске асар болса, елімізге елеулі табыс әкелуі мүмкін. Ел экономикасы үдемелі дамып, халқымыздың күнкөріс деңгейі өсу үшін батыл шешімдер маңызды.

«Әлем жаңа қарқынды технологиялармен даму үстінде. Нанотехнология, биотехнология, ақпараттық технология, ғарыштық технологияларға басымдық беру маңызды. Бірақ бізде инновацияның аты бар да, заты жоқ. 2003 жылдан бері елімізде мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламалар іске асып келеді. 2010 жылы тағы бір бағдар­лама, 2016 жылы, 2019 жылы тағы бір бағ­дарлама, одан кейін тағы... Ешқайсысы орындалып жатқан жоқ. Мұны жауып қояды да, тағы бір бағдарлама қабылданады. Қысқасы, көзбояушылық», дейді ғалым.

Экономиканы әртараптандыру – кезек күт­тірмейтін шаруа. Оның тетігі бар. Біріншісі – өндіріс. Екіншісі – ауыл шаруашылығын дамыту, ауылға көңіл бөлу. Үшінші – шағын кәсіпті көтеру. Төртінші – ғылыми технологиялық жа­ңалықтар ашу, ғалымдарға қолдау көрсету, идея­ларын іске асыру. «Міне, осы төрт жол қазақ елі экономикасын гүлдендіретіні сөзсіз. Енді 20-30 жылда жерасты мұнайымыз бен газымыз да түгесіледі. Сол үшін ауыл шаруашылығы державасына айналуды жоспарлайық. Сол себепті ауылдарда ұжымдық кооперация шұғыл қолға алынуы керек. Ертеректе «Самұрық-Қазына» мемлекет ішіндегі мемлекет деп айтқанмын. Оны әртараптандырып, мәселен, бидай, мал азығы өнімдеріне қаржы бөлетін жеке компания жасау керек. Еліміздің логистика­лық бағытын қаржыландыра­тын бөлек компа­ния, халықаралық жолдар салуға жеке компания құруды меңзегенмін. Неге десеңіз, ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының 80 пайызы ауылға жетпей, ірі компаниялардың қалталарына кетіп жатыр. Ауылдағы фермерлерге түк жоқ, ештеңе тамбайды. Осы орайда ұжымдық кооперация заңын іске асыру керек. Бір өзің ештеңе өндіре алмайсың, сондықтан мұның бәрі – кооперация арқылы жүзеге асатын үдеріс. Сондықтан 300-500 адам бола ма, қайтадан кооперацияға өту керек, жұмылып ұжым болып игеру ма­ңызды», дейді Оразалы Сәбденұлы.

«Кезінде еліміздің ішкі жалпы өнімінің 27-29 пайызын ауыл шаруашылығы беретін. Қазір 5 пайызға жетпейді. Бізді шетелдіктер аграрлық мемлекет деп таниды. Ал біздің әле­уетімізбен ауыл шаруашылығы өнімдері­мен талай мемлекетті қамтамасыз етуге болады. Ауылды өркендетуіміз керек. Бізді шетел «та­мақ өнеркәсібінің алып державасы» дейді. Сондықтан мәселені ауылға бөлу керек. Өйт­кені жұмыр басты пенденің бәрі күніне үш рет ауқаттануға тиіс. Демек бәріне тамақ керек. Әр ел азық-түлікке тәуелді. Ал көліксіз, техникасыз жүре аласың. Сол үшін тамақ жегісі келетін әр мемлекет техникасын өздері әкеледі. Әрине, біз тек аграрлық саламен отыра бермейміз. Біз де ғылымды, технологияны дамытып, заман ағымынан қалмай, өндірісті де дамыта беруіміз қажет», деген пікірді ортаға салады ғалым.

Кітапта әр тақырыпқа қатысты автордың тұжырымы бар. Мысал келтірейік:

«Ғалам керемет те шексіз үлкен әлем спиральмен дамуда. Әлем 2050-2100 жылдарда қалай болатынын бүгін болжамасақ, кеш қаламыз. Алайда қазір әлемді «қалың тұман» торлап тұр. Келешегімізді сол «торлаған тұманнан» сейілту – біздің қолымызда».

«Ежелден келе жатқан Шығыстың мораль философиясына қарсы қоятын Батыс өрке­ниетіне жаңа парадигма туған жоқ. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде жаңа өркениет басталады».

«Байтақ жері мен қазба байлығы жағынан әлемде ең бай мемлекеттердің біріміз, алайда азаттық алғанымызға отыз жылдан асса да неге кедей тұрамыз? Көп ұзамай қазба байлық бітеді, енді экономикамыз қазба байлықтың үлесінен емес, ел азаматының ақыл-ой мүмкіндігін дұрыс пайдалануынан ілгерілеуге тиіс. Жетіспеушілік кедейшілікте емес, адамның санасы мен миында. Демек сана дағдарысын еңсермей, даналыққа жете алмайсың».

«XXI ғасыр – сана дәуірі. Бар мәселенің негізгі кілті – экономикада. Биліктің өздеріне керек идеологиясы болды, ал жалпыхалықтық идеология болмады».

«Рухани элита құрмай, дамыған елдер­дің қатарына қосылу екіталай. Ол үшін әр адамның ақыл-ойы мен рухын көтеруге күш жұмсау қажет. Алыстағыны болжай алмасаң, жақындағы қиындыққа тап боласың».

«Моральдық қалпы жоқ адам кешірілмей­тін қателіктер жасайды. Қазақты қазақ етіп отырған, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың қорғап келе жатқаны – жері».

«Өркениетті ел болу үшін өзіміз өндіруіміз керек, ол атакәсіп жерді игеруден басталады. Біз небәрі 20 миллионға жуық қана халықпыз, сондықтан тек сапамен ғана биік мақсатқа жетеміз. Қаншалықты дамысақ та, ғарышты игерсек те, түбі біз ауылдан қол үзбейміз. Біздің ауыл да ауасы таза, шұрайлы, құнарлы, ұлттық нәрі аңқыған елді мекен болуға тиіс. Сондықтан қазірден бастап ауылға асар жасау керек».

«Көп жыл бойы күнкөріс үшін өмір сүріп келдік. Ендігі жерде жайлы өмір, білімді қоғамды қалыптастыру үшін қызмет етейік. Саны аз халық қыруар байлықты ұстап тұра алмайды. Демек халық санын жедел көбейтпей, қуатты мемлекетке айналуымыз екіталай».

«Қазақстанның жаңа дәуірі – жастардың ақылы мен санасында. Жоғары технологиялар экономикаға серпіліс береді. Керегіңді шетелден ал, соны қазақтың өз мүмкіндігімен ұштастыр».

Осы идеяның бәрі Оразалы Сәб­ден кітабында жан-жақты талданған. Біз со­ның негізгі түйіндерін ұсындық. Көзі­қарақты оқырман еңбекпен танысып, түйсініп, көкірегіне түйіп алса, еліміз соны жүзеге асыра білсе, экономист ғалымның алға қойған мақсаты орындалар еді. Осындай ашық пі­кі­р­­мен жазылған кітаптың жарыққа шығуы – қазіргі биліктің демократиялық жолға нық қа­дам басуының айқын көрінісі. Өйт­кені «Қазақстанның сара жолы» еңбегінің оқырманға берер ғибраты мол.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы