Тарих • 29 Тамыз, 2023

Шәмші мен сыған қызы: анығы һәм аңызы

2582 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақ вальсінің патшасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың қай әні де жүректі тербетер сырлы сазымен ғана емес, қызықты тарихымен де тыңдарманын елітіп әкетеді. Әр әнінде әсемдік әдіптеліп, сыршылдық әспеттелетін композитор туындыларының ішінде әсіресе «Сыған серенадасының» орны ерек. Сазы да, сыры да бөлек туынды жарыққа шыққанынан-ақ ән төңірегінде түрлі әңгімелер де қатар ерді.

Шәмші мен сыған қызы: анығы һәм аңызы

Соның бірі – «Шәмші сыған қызына ғашық болып, тіпті со­ңы­нан еріп ен далаға – таборға кетіпті» деген сыңайдағы алып-қашпа сөздер де көп. Бұл болжамды белгілі ақын Исраил Са­парбай жазып, Алматыдағы М.Әуезов атындағы ұлттық театр сахнасында әлі күнге дейін жүріп жатқан әнмен аттас қойылым тіпті қоюландырып жіберді. Шәм­ші шынымен сыған қызы Изоль­даға ғашық болған ба? Атал­ған дерек қаншалықты дә­йекті? Әлде бұл ақын ойы­нан шығараылған бейнелі болжам ғана ма? Шындық пен шығар­ма­шылық қиялдың шекарасы қай жерде?

Көпшілік көкейіндегі осы тектес сан сауалға, алыпқаш­па әңгімелерге композитордың жа­ры Жәмила Қалдаяқова кезін­де былай деп нүкте қойыпты: «Шәм­­­шіні сыған қызымен байла­ныс­тыратын ешқандай да себеп жоқ. Шәмші тек сығандардың ән өнеріне қатты қызықты. Нәти­жесінде, «Сыған серенадасы» туды» десе, композитордың тай құлындай тебісіп бірге өскен замандасы, жақын досы, әріптесі Ілия Жақанов әннің туу тарихына қатысты мына бір дәйекті бізге әңгімелеп берді:

– Шәмші екеуміз 1957 жыл­дың аяғынан бастап эфирге бірге шықтық. Содан бері өле-өлгенше жұбымыз жазылған жоқ. Тіпті бір үйде тұрдық. Апаң екеуміз отбасын құрғанда Шәмші «Сен сұлу» деген әнін үйлену тойымызға шашу ретінде әкеліп, дастарқан үстінде тұсауын кескенбіз. Сон­дықтан да Шәмші әндерінің көпшілігінің туу тарихы күні кешегідей көз алдымда. Рас, «Сы­­ған серенадасы» әнінің тағ­дыры шытырманға толы болды. Соңынан түрлі қаңқу сөз де ерді. Бірақ оның барлығы жалған. Жас кезімізде Шәмші, Мыңжасар Маңғытаев бар, барлығымыз жи­налып, басымыз қосыла қал­са, орыстың халық әндерін айтып, сыған романстарын тың­да­ғанды жақсы көретінбіз. Со­дан шабыт алатынбыз. Тіпті сол үшін сыған романстарының жи­нағын Мәскеуден арнайы алдырт­қанымыз да бар. Шәмші анда-санда үйге келгенде соны қосып қойып, шабыттана тыңдайтын. Сыған романстарын сондай жақсы көрді. Соның әсерінен осы «Сыған серенадасы» әні туды. Кейін сөзін Қадыр Мырза Әліге телефонмен өтініш айтып, қолқалап жаздырған болатын. Оның алдында ғана мен «Сен отырсың терезенің алдында, Ұзақ түнде шаршадың ба, талдың ба?» деп басталатын «Түнгі серенада» деген ән жазғам. Шәмшінің «Сыған серенадасы» соның жал­­ғасындай болды. Екеуі де ха­лық арасына тез тарап кетті. «Сыған серенадасының» туу тарихы бар болғаны осы. Ел гулеткендей, Шәмші ешқашан сыған қызына ғашық болған емес. Махаббаттан мәжнүн күйге түсіп, табордың соңынан да кеткен жоқ, – деп тоқетерін түйген сазгер Шәмші мен сыған қызы туралы алыпқашпа әңгіменің қалай туындағанан да баяндады:

– Бұл оқиғаны ең алғаш жаз­ған Оразбек Бодықов. «Шәмші өмірі қызық болсын деп жазған мен едім, Ілия шырағым», деп ке­йін өзі де айтты. Алайда «сы­ған­ хикая­сы» көпке ұнап, ел ара­сында тез тарап кетті. Оны кейін Исрайыл Сапарбай қайта жан­дандырып, пьеса жазды. Ал ол айналып келгенде, Шәмші әуле­тінің үл­кен қайғысы болып отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – біздің ком­позиторларымыздың өзінің шы­ғармашылық мұрасына деген сал­ғырттығы. Тіпті өмірден өткен кейбір әріптесімнің өмірбаяны да дұрыс жазылмапты. Сондықтан да осылай түрлі дауға арқау болып отыр, – деп өнер иесі өткен күндерге шегініс жасап, жадында сақталған сағынышқа толы жылдар жайлы осылай деп сыр шертті.

Бір қызығы – бүгінде махаббат әнұранына айналған құнарға бай қуатты туынды неге екені білгісіз ә дегеннен қабылдана қой­­мапты. Біраз жыл шаң басқан тарт­пада орындаушысы мен тың­даушысын күтіп қалады. Ән­ді алғаш жарыққа шығарып, қазақ радиосы толқынынан шыр­қаған белгілі әнші, кәсіби режиссер Зәуреш Есбергенова бір­неше жыл жұлдызы жанбай жатып қалған әннің бағын ашты. Араға үзіліс салып эстрада әншісі Тоқтар Серіктің орындауында туындының тағы бір тынысы ашылып, халық арасында кеңнен танылды, тез таралады. Осылайша, «Сыған серенадасы» тыңдарманның сүйікті әніне айналып қана қоймай, ізінен аңыз ерген тұлға өмірін романтикаландырып жіберген түрлі әңгімелердің тууына да түрткі болды. Және сол тарих, яғни Шәмші мен сыған қызы ара­сындағы ғашықтық хикаясы тың­дарманына ұнағаны сон­ша­лық, ақиқаттан алшақ әңгімені жыл­дан-жылға жандандыра түсті. «Әкемтеатр» сахнасындағы ән аттас қойы­лымға ине шаншар орын қалдырмай, әлі күнге дейін аншлаг жинайтын көпшілік ықы­ласы да соның айғағы болса ке­рек. Әлбетте, көркем туынды қиялға ерік бергенде қиянға сам­ғайды, танымалдылығы арт­а­ды десек те, атақты әннің туу тарихына қатысты ақиатты біліп жүр­геннің де артықтығы жоқ деп санаймыз.