Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Кейінгі 53 жыл бойы жүргізілген (1970-2022 жылдар) әйел құқығы реформалары мен 190 мемлекеттегі әйелдердің экономикалық мүмкіндігіне әсер ететін заң мен ережелерді талдауға негізделген бұл индекс үкіметтерді дискриминациялық заңдарды реформалауға ынталандырады.
Есеп әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін айқындайтын заңнамалық 8 индикаторға негізделген. Олар:
- Мобильділік – қозғалыс еркіндігін шектеу;
- Жұмыс орны – еңбек саласындағы шешімдерге әсер етуші заң;
- Еңбекақы – жалақыға әсер ететін заң мен ереже;
- Неке – некеге қатысты құқықтық шектеулер;
- Ата-ана болу – балалы болғаннан кейін әйелдердің жұмысына әсер ететін заң;
- Кәсіпкерлік – әйелдердің бизнес жүргізуіне қойылатын шектеу;
- Активтер – мүлікті иелену және мұрагерліктегі гендерлік алшақтық;
- Зейнетақы – әйелдің зейнетақы мөлшеріне әсер етуші заңдар.
Қазақстан өткен жылы 69,4 ұпай жинаса, 2023 жылғы есеп бойынша 75,6 ұпай жинап рейтингтегі көрсеткішін жақсарта алды. Еліміздің биыл жоғары балл жинаған себебі – 2022 жылы (2021 жылғы 2 қазаннан 2022 жылғы 1 қазанға дейін) Еңбек кодексіне елеулі өзгерістер енгізіліп, әйелдерге рұқсат етілмейтін жұмыс түрлерінің тізімі алынып тасталды. Қазақстан көрсеткіші мобильділік, неке және активтер (100 ұпай) индикаторы бойынша жоғары болса, жұмыс орны (50), зейнетақы (25) көрсеткіштері бойынша өте төмен. Бұған зерттеудегі жұмыс орнындағы харассмент және оның құқықтық жауапкершілігі, зейнетке шығу жасы бойынша сұрақтарға берілген баға әсер еткен.
Бүгінгі таңда әлемде 14 мемлекет қана (Бельгия, Канада, Дания, Франция, Германия, Греция, Исландия, Ирландия, Латвия, Люксембург, Нидерланд, Португалия, Испания және Швеция) индекс бойынша толық 100 ұпай жинап отыр. Қазіргі қарқынмен әлем елдері заң тұрғысынан гендерлік теңдікке жетуі үшін кемінде 50 жыл қажет. Демек, қазір жұмыс істеп жүрген әйелдердің көпшілігі тең құқықтарға ие болмай тұрып зейнетке шығады.
Әйелдердің ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүруіне, ақысыз бала күтіміне және еңбек демалысына байланысты көбіне ерте зейнетке шығып, қаржылық қиындықтарға тап болу ықтималдығы жоғары. Өйткені еңбек ету мерзімі қаншалықты ұзақ болса, зейнетақы да соншалықты жоғары болады. Алайда 107 мемлекеттегі зейнетақы жүйесі жәрдемақыны есептеу кезінде бала күтіміне байланысты еңбек демалысын есепке алатыны қуантарлық жағдай. Ал 37 елде әйелдер ерлерге қарағанда ертерек зейнетке шығып, толық емес зейнетақы төлемін ала алса, 63 мемлекетте әйелдер ерлерге қарағанда ертерек зейнетке шығып, толық зейнетақы ала алады.
Гендерлік теңдіктен туындайтын экономикалық артықшылықтарға қарамастан, 2023 жылғы есепте көрсетілген құқықтық реформалардың баяу қарқыны әлі де осы мәселе төңірегінде жұмыстану қажеттілігін көрсетеді. Кей мемлекеттер айтарлықтай прогреске қол жеткізгенімен, заңнамалық тұрғыда гендерлік теңдіктің орнығуы барлық ел үшін әлі де тұрақты міндет болып қала береді. Зейнетақы саясаты, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, бала күтімі сияқты мәселелерді шешу және заңнамалық тұрғыда гендерлік теңдікті орнату тең экономикалық өсу мен әділ және инклюзивті қоғам құру мақсатында өзекті.
Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,
Қазақстан қоғамдық
даму институтының жоба-менеджері