Зеренді ауданына қарасты етек-жеңі кең пішілген Шағалалы ауылындағы мектеп сонау 1965 жылы пайдалануға берілген. Соншама уақыттан бері күрделі жөндеу көрмегендіктен, тозығы да жеткен. Білім ошақтарын жаңғырту бағдарламасына сәйкес 2021-2022 жылдары 188 мектепті жөндеуден өткізу үшін 4,2 млрд теңге қарастырылған. Қыруар қаржы көнерген ғимараттарды жаңартып, материалдық-техникалық базасын толықтырып, білім саласын жаңа биікке көтеруге шарапатын тигізіп отыр. Шағалалы мектебі де күрделі жөндеуден кейін қайта түлеген. Бұл білім ошағына 261 млн теңге бағытталған. Орта және бастауыш сыныптардың ғимараты облыстық және республикалық бюджет есебінен жаңғыртылған. Кіреберіс дәліз де, пән кабинеттері де жарқырай жайнап тұр. Орталықтандырылған су желісіне қосылған. Өздерінің жеке қазандығы бар. 27 оқу кабинетінің 20-сы компьютермен жабдықталған. Спорт зал, асхана, медицина кабинеті көзтартарлық. Мектеп директоры Жәнібек Нұршәріптің айтуынша, білім сапасының көрсеткішіне байланысты аудандағы 62 мектептің арасынан үшінші орынға ие болыпты. Мұғалім де жеткілікті.
Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіліп отыр. Жалпы, білім аламын деген оқушыға мүмкіндік мол. Электронды кітапхана жұмыс істейді. Бастауыш сыныптың оқытушысы Айнұр Ратай кітапханашы жұмысын қосымша атқарады. Тағы бір жағымды жаңалық – қазақ тілі пәні кабинеті интерактивті тақтамен, моноблокпен жабдықталған. Сабақ жаңа әдістеме бойынша жүргізіледі. Бұрынғыға қарағанда жергілікті ұлт тілін үйренуге деген ынта басым. Оған тіл оқытудың техникалық мүмкіндігінің жетілуі себепші болып отыр. Мектеп директорының айтуынша, бірнеше ұлттың балалары білім алып жатқан мектепте барлық оқушы қазақша ауызекі тілде сөйлей алады. География пәнінің кабинетіне құны 2 млн теңге тұратын Touch Panel сенсорлық экраны орнатылған. Өзіңіз ойлап қараңыз, білмекке жаны құмар ауыл балалары география пәнін оқыған кезде әлемнің кез келген жерін алақандарына салғандай көріп, қыр-сырын жадына тоқитын болады. Осы бір әдемі мүмкіндік төрткіл дүниені тегіс танып білуге құлшыныстарын арттырады емес пе? Титімдей тетікті бассаңыз болды, өзен бе, теңіз бе, асқаралы тау ма көркем суреті кілкіп, көз алдыңызда тұрады. География пәнінің мұғалімі Ардақ Қабденованың пікірінше, осы бір техникалық мүмкіндік оқушылардың ой-өрісін кеңейте түскен әрі бұлардың мектебі осы жаңалықтың арқасында аудандағы білім ошақтарының алдыңғы легінен табылды. Білім ошағын жаңа заманның талабына сай жабдықтау, мұғалімдердің де еңбегін біршама жеңілдете түскен. Бұрынғыдай қадам басқан ісін хаттайтын қағазбастылықтан арылып, ізденіспен жұмыс істеуге ұмтылу үстінде.
– Қазіргі мұғалімнің мүмкіндігі молайды, – дейді Ардақ Қабденова. – Мәселен, мен тапсырманы экран арқылы көрсетемін. Сыныптың барлық оқушысына жеке-жеке тапсырманы басып шығарудан арылдық. Былай қарағанда, жеңіл-желпі дүние болғанымен, күн сайын қайталана келе қыруар шаруа болып шығар еді.
Щучье қаласындағы №5 орта мектептің жөндеуіне 459 млн теңге қаражат бөлінген. Айтпақшы, білім ошағы 1957 жылы салыныпты. Содан бері тыңғылықты жөндеу жұмысы жасалып отырғаны осы. Құрылысшылар қабырғасын ғана қалдырып, қалған дүниенің бәрін жаңалап шыққан. Есесіне қазіргі кейпі жаңадан салынған ғимарат тәрізді. Бұрын-соңды болмаған асханаға да орын табылған. Тағы бір керегі – ұжымның басын қосатын мәжіліс залы. Бұл білім ошағы – Щучье қаласындағы ауызекі тілде «станса сыртындағы поселке» деп аталатын шағын ауданның азаматтарының басын қосып, кездесу өткізетін де жері. Бүгінде 533 орындық білім ошағында 329 оқушы білім алады. Математика, физика, тарих пәні мұғалімдерінің жетіспеушілігі бар. Жоғары оқу орнын бітірген түлектер баспана берілмейтіндіктен келе алмай отыр. Жөндеу жұмысы жүргізілгеннен кейін жаңа информатика кабинеті жабдықталған. Мұндай кабинеттердің саны – алтау. «Балалар роботтехниканы меңгеріп, әртүрлі байқауларға қатысады. Алдағы уақытта бұл бағытты жетілдіруге күш саламыз», дейді мектеп директоры Қуаныш Шаяхметов.
Қатаркөл елді мекеніндегі Әбілқайыр Досов атындағы орта мектеп 1971 жылы пайдалануға берілген. 2021 жылы облыстық бюджеттен 354 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір көрген жан көне деп айта алмас еді. 2022 жылдың 8 тамызында «Қазақстан халқына» қорымен келісімшарт жасалған. Осы келісімнің нәтижесінде ауыл мектебі 250 млн теңгеге қажетті құралдармен жабдықталған. Мектеп жаңғырған соң Щучье қаласынан келіп оқитын оқушылар да көбейе түскен. Мектеп директоры Серікбай Мусин білім ошағының кіреберісіндегі ақпараттық киоскінің жұмысымен таныстырды. Электронды жүйе дәл осы кезде мектеп іші немен тыныстап жатқанын айна-қатесіз көрсетіп береді. Әр кабинет ыңғайлы жиһаздармен жабдықталған. Тіпті жаңа телестудия пайда болыпты. Мектепте «Озық ойлар оралымы» деп аталатын мүйіс те бар. Бұл жерге мұғалімдер мен мектеп оқушылары өздерінің ой-пікірлерін, ұтымды ұсыныстарын жазып қалдыра алады. Қатаркөл мектебі Астана мен Көкшетау қаласындағы интеллектуалды мектептермен байланыс жасайды.
Щучье қаласындағы орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің жатақханасына жалпы құны 221 млн теңге болатын күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Бұл – өңірдегі ең байырғы білім ошағы. Ұжым осы жылы 125 жылдығын атап өткелі отыр. Қазір колледжде 500-ге жуық білім алушы бар. Жөндеу жұмысымен айналысқан мердігерлер ғимараттың еденін толық жаңалаған. Электр, су, жылу желілері жаңартылған. Есіктері алмастырылған. Бейне бақылау орнатылған. Шатыры қымталған. Колледж директоры Азамат Қожақовтың айтуынша, білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз етуде мәселе туындаған емес.
Осылайша, Көкше өңіріндегі білім ошақтары заманға сай түлеп жатыр.
Ақмола облысы