Әдебиет • 03 Қыркүйек, 2023

Есенғали феномені

238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бізге дейін іргесі қаланған керуен дүниеге әр ақын өзінше зер салып, өзінше пікір түйді, сүйе білді. «Ақындар өтеді бәріне таң қалып» деген сол болар. Ал алыстан-ақ даралығы көзге ұратын Есенғали жырының түйсігі бөлек, сезімі терең.

Есенғали феномені

Есенғали аға жанашыр еді. Кісіге жаны ашып, болысуға даяр тұратын. Бірде түс әлетінде бөлмесіне бара қалғанда, көңілдене сөйлеген. Кенет мейрамхананың әйнегінен сыртта аяңдап өтіп бара жатқан ақсақ кісі көрінді. «Қараңдаршы, шіркін-ай, қолымда құдірет болса ана кісінің аяғын салып берер едім. Ай, обал-ай, салып берер едім ғой», деп сырттағы адамға ұзақ үңілді. Мейрамханадан шыққанда, жол бойы көліктерді аралап қайыр сұраған әйелді көріп, тағы да қынжыла қарап, «Жұмекен ағаларың осындайларды үнемі аяп жүретін», деді. Ақын тұрпаты өлеңдеріндей әр нәрсеге селт етер нәзік, мұңшыл еді.

«Сен жылағанда,

Бәйек болып тіл қатқан кім?

Жел еді!

Көз жасыңды құрғатқан кім?

Жел еді!

Жел еді ғой жұбатуға асыққан,

Ол да өзіңдей жетім еді себебі.

...Толқыды түн

Тілсіз қара айдындай,

Қайырымсыз деп ойлап па едің Ай мұндай,

Жел әкелді сені үйіңе серік боп,

...Сен үйіңе кіріп кеттің қайрылмай».

Бір оқығанда-ақ жадыңда жатталып қалар осы өлең, шынайы әсерден туған өлең. Мұнда артық жасандылық, жалған эмоция жоқ. Кейде ішкі қуаты формаға бағынған жырлар болады, ал кейде форма ішкі иірімге қызмет етеді. Жоғарыдағы жыр соңғы сапқа жататын, құйыла салған табиғи жыр.

Көзі тірісінде шын бағасын алған ақын сирек. Тіпті әлем әдебиетінде құбылыс саналған ірі шайырлар жайлы жазылған бәсі биік туындылар көп емес. Мүмкін «құшаққа сыймасты ешкім де құшақтамайды», деген рас шығар. Достаевский «Пушкин жайлы сөзінде» орамды ойлар айтып, Пушкиннің тек орыс әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінің пайғамбарлық құбылысы екенін шегелеп дәлел келтіріп, данышпан жыршыны тиісті тұғырына шығарады.

Өкінішке қарай, Есенғали Раушанов хақында жазылған, оның биігін айқындар сүбелі жазба өте сирек. Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Бозанға біткен боз жусан» кітабында жарияланған алғысөзі бір төбе: «ХХ ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін қазақ өле­ңіне толқын-толқын болып жамырай келіп жат­қан жас лириктерге толайым қозғау салып, соңынан шәкірт ерткен, өз мектебін ашқан шайырлар бізде көп емес. Қазақ поэзиясының классигі Есенғали Раушанов сол аз шоғырдан – санаулылар санатынан. Бұл орайда оны мәдениеті зор ұлттық ақын деуге болады».

«Мәдениеті зор ұлттық ақын» дегенге назар салсақ, расында, дегдар, сөзге сақ ақын­нан әлеу­меттенген ой, әуселесі төмен сөз табу қиын. Керісінше, көнерген сөздер мен ұмы­тыла бастаған ұлттық ұғымдар шоғыры басым.

« – Қош бол, – дедім құмдарға,

Есен жүрсем, бір келермін, мұңданба.

Ат тағалап, атан қомдап ер жеткен,

Ең соңғы ақын мына мен ем бұл маңда.

Мен кетем.

Мұнартады төңірек,

Жетім шиді сыңсытады жел үдеп.

Алматыға түйе мініп бармайды,

Маған бұлай қарамаңыз, кер үлек».

Сөз жоқ, ақын поэзиясы – ескі мен жаңа­ның қосыны, шығыс пен батыстың синтезі, әлем­дік ой-сананың ұлттық жүректе гүлдеуі. Құдай берген ақылы ерек жаралған Есенғали феномені оқырманға ізгілік шашып, қазақ халқының ұлылығын сездірері анық. Ұлттық поэзияның құдіреті де сонда емес пе?