Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Кезекті бір Үкімет отырысынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова журналистермен кездесіп, сол арада банктеріміздің шетелдік банктердің бәсекелестігіне төтеп бере алатындығы тұрғысында пікір білдіргені бар-тын. Төрағаның айтуынша, бәсекелестік ресурстардың қолжетімділігін арттыруы жағынан ғана болуы мүмкін. Бірақ біздің банктер ресурстардың қолжетімділігі өкпелетпейтіндей жағдайға жақындап келе жатқандығын ескере кеткеніміз жөн.
Банктің тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін оның цифрландыру деңгейі анықтайды. Біздің банктердің цифрландыру деңгейі посткеңестік мүше елдермен салыстырғанда көшілгері. Мұны алыс-жақын шетелдерге шыққанда талай рет көрдік.
Агенттік төрағасы айтып өткендей, жаңа банк келсе, бірінші кезекте базалық мөлшерлемеге, экономикадағы ақшаның құнына назар аударады. Содан кейін Ұлттық банк бекіткен ойын ережесіне бейімделеді. Егер қаржыландыру көзі «төркінінде» болса, онда әңгіме басқа.
Демек шетелдік банктер келсе, несие пайызы төмендеп кетеді деп үміттеніп қалуға болмайды.
Мемлекет басшысының «шетелдік сенімді үш банкті елге тарту керек» деген бірауыз сөзінен кейін сәуегей сарапшылар ішкі нарыққа кіретін банктердің «географиясы» мен «биографиясына» дейін нақтыланып қойғанын айтып жатыр. Кейбір сарапшылар бұл тізімде ресейлік банктердің түсіп қалғанына сенімді. Себебі санкцияның қыспағында отырған елдің қаржы институтын елге алып келу үшін біраз күш керек. ЕАЭО-да, тіпті Орталық Азия аймағында мықты коммерциялық банктер жоқ. Ішкі болжам сол үш банктің кемі екеуі ҚХР банктері болуы әбден мүмкін деген қисынға басымдық береді. Себебі Қытайдың елдегі инвестициялық жобаларының беталысы әртараптандырыла бастады. Алдағы бірер жылда елде тіркелген Қытай банктері оларға қызмет көрсетеміз деп «шаршап» қалуы да әбден мүмкін.
Мемлекет басшысының сенімді үш банк дегенді сеніммен айтуының да экономикалық себебі бар. Соңғы төрт жылда банктер іріленді, жаңа банктер пайда болды. Микро қаржы институттарының екінші деңгейлі банкке (ЕДБ) айналуына мүмкіндік берілді.
Президент ЕДБ-ге «табыстарыңды мемлекетпен бөлісіңдер дегенін өткен аптада қайталап тұрып тағы да ескертті. Себебі ЕДБ-нің ҰБ ноталарына қаржы салып, 10-17 пайызбен таза табыс тауып жүргенін, соңғы жарты жылда олардың табысы 2,1 млрд доллардан асып кеткенін сарапшылар талайдан бері айтып келеді. Бұл мәселені біз де газетімізде бірнеше рет көтердік.
ЕДБ-нің экономиканы несиелеу деңгейі 15-20 пайыздан аспай тұр. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 пайыздың айналасында. Соңғы оншақты жылда ЕДБ біз сенетін жобалар жоқ десе, несие пайызы жоғары, бізге «ұзын несие керек» деп жылайды. Демек, елдегі нарыққа келуге шешім қабылдаған үш банк біздің «еркетотай» банктерден «таяқ» жеп, елдеріне кері кетеді немесе Фридом банк сияқты төл банктердің табиғатымен интеграцияланып кетеді.
Біздің ішкі қаржы нарығына шетелдік банктердің келіп-кетуі жаңалық емес екені осыған дейін талай рет айтылды. Соңғы онжылдықта бірі келсе, бірі кетіп жатты. 2020 жылдың желтоқсанынан бастап әлемнің қаржы нарығында жұмыс істеп жатқан және орналасқан жері ДСҰ-ға мүше елдердің банктері елімізге келіп жұмыс істеуге және бұл құқықты кез келген банк пайдалануға құқылы.
Ұлттық банк Қазақстанға келіп, филиалын ашуға ниет танытқан шетелдік банктерге барлығы бес талап қоятынын осыдан бірер жыл бұрын айтқан. Ол банк бірінші кезекте қадағалаушы органының лицензиясына ие болуы керек. Бұған қоса 20 млрд доллардан кем емес сомадағы активтерге ие болуға міндетті. Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл банкте қаржының жылыстауына қарсы күрес шараларын дайындау тобында (FATF) болуы, ҰБ-пен резидент-банк шыққан елдің қаржылай қадағалаушы органы арасында келісім, алдағы 5 жылға арналған жылдық қаржы жоспары болуы да міндетті. Көп көңілінде «несие алар кезде банк комиссиясы төмендеп, депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі жоғарылай ма?» деген сауалға сарапшылардың жауабы мәз емес. Себебі, шетелдік банктерді қаржыландырушы көз – Ұлттық банк. Демек, бас банк бұлар үшін банк маржасын төмендете алмайды. Демек, олардың ішкі нарыққа келуі банк сервисі, технологиясының жаңғыруына ғана септігін тигізеді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекшісі Елена Бахмутова шетелдік банктердің Қазақстанға келіп, лицензияларға сәйкес жұмыс істеп жатқанын, ДСҰ-мен келісімдер күшіне енгеннен кейін банк филиалдары ресурстарды теңгемен ұсына алатынын айтады. Себебі осыған дейін ресейлік «Сбербанк» отандық банктермен бірлесе, бәсекелесе жұмыс істеді, Halyk Bank және Kaspi сияқты ірі ойыншыларымыз халықаралық нарықтарға өз бетімен шыға бастады. Бірақ шетелдік банктердің бәрі елдегі несие пайызына өзгерістер енгізе алмады.
Сарапшы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, шетелдік банктер ең алдымен баратын елінің ішкі мүмкіндігіне басымдық береді. Ішкі мүмкіндікке қуат беретін фактор – халық саны. Елге келіп, филиалын ашпақ болған банктер үшін халық саны 50-60 млн, оның көпшілігі 30-35 пайызы экономикалық белсенді азаматтар болуы керек. Біз бұл талапқа сай келмейміз. Содан кейінгі екінші мәселе бізде 100 млрд АҚШ долларынан асатын жергілікті жобалар аз. Ал елдегі ірі компаниялар біздің ЕДБ-нің көмегіне жүгінбейді.
«Біздің нарық бірінші кезекте Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстанның банктері үшін тартымды. Себебі экономикада осы жоғарыдағы екі елдің үлесі салмақты. Егер инвестициялық тартымдылығымыз оңалып жатса, Орталық Азиядан қырғыз, түрікмен банктері келуі мүмкін. Олар біздің банктік сервиске аса көп өзгерістер енгізе қоймайды», дейді сарапшы.
Содан кейінгі сарапшы айтқан екінші мәселе шетелдік банктер бірінші кезекте халық санына, оның ішінде экономикалық белсенді топтың үлес салмағына назар аударады. Бірінші талап – халық саны 50 млн, экономикалық белсенді топ сол халықтың кемі 30 пайызын құрау керек. Біздегі жағдай екі талапқа да сай келмейді. ЕДБ-нің несие қоржынында бизнеске бөлінген несие емес, тұтынушылық несиенің салмағы басым. Соңғы мәліметтер бойынша соңғысының үлесі 60 пайыздан асып кетті. Бұл да елге ат басын бұрғысы келген шетелдік банктерді шошындыратын фактор. Сарапшының айтуынша, экономиканы несиелендіру – банктің күретамырының тынысын ашатын фактор. Ал бізде ішкі нарықта құны 100 млрд АҚШ долларынан асатын, жергілікті банктер қаржыландырған жобалар аз. Елдегі ірі кәсіпорындар қазақстандық қаржы институттарының көмегін қажетсінбейді.
Е. Ибрагим айтып өткендей, соңғы 20 жылда шетелдік қаржы институттарының келуі емес, кетуі жиірек байқалды. 2007 жылдары UniCredit итальяндық банкі өзінің Банк Austria Creditanstalt құрылымы арқылы сол кездегі үшінші ірі банк – АТФБанкті толығымен сатып алды.
Қаржы институтының баспасөз хабарламасында мәміленің құны 2,175 млрд доллар болғаны айтылған. Сол кезде UniCredit АТФБанктің көмегімен Ресей нарығындағы қатысуын кеңейте алады. Өйткені сол тұстарда «Омбы облысында қазақстандық қаржы институтының филиалдары ашылды» деген хабарлар тарады. 2013 жылы UniCredit тобы АТФБанкті KNG Finance-ке сатып, Қазақстаннан кетіп қалды. Содан бергі 11 жылда батыс елдерінің жетекші банктері жетекші қазақстандық банктерді сатып алды деген хабар шыққан жоқ. Шетелдік банктердің Қазақстан нарығынан шығу себептерінің әртүрлі екені қазір сараланып жатыр. Бірі – бизнес құрылымын өзгертеді, енді бірі шығындарды азайтумен айналысады.
Е.Ибрагим айтып өткендей, біздің елге құрылымдық мәселелері бойынша аймақтағы кейбір озық елдердің тәжірибесін енгізуді қолға алатын кез келді. Бұл ретте бізге шағын, бірақ өте ашық экономикасы бар Гонконгке назар аударуға болады. Гонконгтің сауданы дамыту жөніндегі кеңесінің құрылымы біздің нарықтың табиғатына жақын. Бұл ұйым жыл сайын 40-тан астам шағын және орта бизнес өкілдерін әлеуетті нарықтарға алып шығады. Кеңес сонымен қатар кәсіпкерлерге өздерінің сауда өкілдіктері арқылы шет елдердің бизнес қауымдастықтары мен мемлекеттік ұйымдарына кіруге мүмкіндік береді. Қазір қазақстандық шағын және орта бизнес секторына ішкі нарықтың мүмкіндігіне назар аудару керек», дейді Е. Ибрагим.
Кез келген қаржы институтының табиғаты экономиканы несиелендіруді құп көреді. Ал біздің жағдайымызда бұл қағида тұтынушылық несиеге ойысып кетті. Тіпті, олардың қалыпты деңгейден асып кетуі банк тәуекелінің деңгейін көтеріп жіберді.
Қаржы талдаушысы Сергей Полыгаловтың айтуынша экономикадағы белгісіздіктер қазақстандық нарықтың инвестициялық сипатына кері әсер етіп отыр. Экономистің пайымынша, әлемдік пайыздық мөлшерлемелердегі несиелік пайызды біздің нарық көтере алмайды. Себебі біздің елде тіркелген банктер біздегі ойын ережелерімен жүруі тиіс. Бұл фактор шетелдік банктерді әлеуеті жағынан отандық банктермен жанама түрде теңестіреді. «Біздің елге келген шетелдік банктердің бизнес моделі бірінші кезекте есеп айырысу-кассалық қызмет көрсетумен ғана ерекшеленуі мүмкін» деген пікірді бұл сарапшы да қолдайды. «Нарықтағы шетелдік банктердің бәсекелестікке ықпал ету дәрежесі өте аз. Күні кешеге дейін олардың артықшылығы қызмет көрсетудің айтарлықтай жоғары деңгейі дамыған IT болып келді. Қазір біздің банктердің ақпараттық технологиялық қуаты жоғары. Демек отандық қаржы институттарына бәсекелестік қысым қызмет көрсету жағынан болуы мүмкін деген қауіп сейілді», дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, батыс банктері әзірге әліптің артын бағып отыр. Әзірге бізге Азия аймағынан келуі мүмкін, олардың қаржылық күші мен әлеуеті біздің банктермен деңгейлес. Демек бұл елдерден келген қаржы институттары біздің банктерге сервистік қызмет көрсету жағынан бәсекелес бола алмайды. «Нарықтағы бәсекелестік ойын ережесіне өзгерістер алып келеді. Бірақ біздің елге келемін деп кезек күтіп тұрған банктерді көріп тұрған жоқпын. Бізге қазір өзімізбен деңгейлес банктер емес, ғасырлық тәжірибесі бар мықты ойыншылардың келгені маңызды. Бірақ ішкі нарық оған әзірге дайын емес», дейді сарапшы.
ХХI ғасырдың тек адам капиталы үшін ғана емес, инвестиция үшін де күреске бағыт алып бара жатқанын байқау қиын емес. Сарапшылар шетелдік банктерді елде ұстап тұру үшін проценттік мөлшерлемені өзгертуі мүмкін дегенді жиірек айта бастады. Егер жағдай осы бағытпен жалғаса берсе, біздің банктер салымшыларынан айырылып қалуы да әбден мүмкін еді. Бірақ Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетелдік банктердің филиалдарын реттеу резидент банктерге қолданылатын қолданыстағы реттеуші тәсілдерге негізделетінін хабарлап, бұл мәселеге нүкте қойды. Осы кезге дейін жанкештіліктен қуат алып тұрған ашық бәсекені руханият саласынан жиірек көретінбіз. Енді жанкештілік сегментіндегі ойын ережесі қаржы нарығына қарай ойыса бастады. Тағы қайталап айтайық, ішкі нарық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «үш банк» деп үкілеп отырған қаржы институты қай тараптан келеді» деген жауапқа сауал іздеп толқып тұр. Өйткені біздің банктер «Қазақстанға келсең кел, өз-өзіңе сенсең кел!» дейтін деңгейге жете қойған жоқ... Ал мемлекет банктердің еркелігін енді көтере алмайтынын әрбір шешімімен аңғартып жатыр... Енді өз-өзіне сенген банктер ғана ашық бәсекеде ойын ережесін өзгертуге әрекет жасайды...
АЛМАТЫ