Қоғам • 05 Қыркүйек, 2023

Халал инфрақұрылымның қарқыны

106 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз үшін халал инфрақұрылымын дамыту аса маңызды мәселе, себебі Smiic халықаралық стандарттары бойынша халалды сертификаттау – көптеген елде сұранысқа ие бағыт. Аккредиттелген сертификаттау халал өнімдеріне деген сенімді арттырады және тұтынушылардың мүдделерін қорғайды. Бұл сондай-ақ ел көлеміндегі Халал ұлттық сапа жүйесін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Халал инфрақұрылымның қарқыны

Орталық коммуникациялар қыз­ме­тінде өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Қазақстандағы халал инфрақұрылымының даму бары­сы туралы жан-жақты баяндады. Тақырыпқа қатысты бірқатар мәселе бойынша «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК Бас ди­рек­торының орынбасары Бауыржан Мұхамед­жанов, Ұлттық аккредиттеу орта­лығы бас директорының орын­басары Әбсамат Әкімов түсінік берді.

Еліміз алдында 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көрсеткішін 41 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Халал индустриясы бұл көрсеткішке қол жеткізудің драйвері болып саналады. Оны дамыту аясында елімізде жүр­гі­зі­ліп жатқан жұмыстар стандарттау, са­рап­шыларды аттестациялау мен аккредиттеу, халықаралық ынтымақтастық және үшінші елдердің нарығына шығу бағытында өріс алып келеді.

«Халал өнімдерінің әлемдік нарығы өте жылдам өсіп келеді, қазір ол 3 триллион долларға бағаланып отыр. 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш пессимистік сценарийде – 3,27 триллионға, оптимистік сценарийде 11 триллионға жетеді деп күтілуде», деді Қ.Елікбаев.

Халал нарығы бойынша мемлекеттік деңгейде 18 ұлттық стандарт қабылданды, ТМД елдері үшін 11 мемлекетаралық стандарт жобасы әзірленді. Осы мақсатта әлемдік жетекші стан­дарттар негізінде халықаралық ұйымдармен мал союға қойылатын талаптарға, сертификаттау органдарына, косметикалық өнімдерді сертификаттау тәртібіне, туризм мен сәйкестік белгісіне қызмет көрсетуге қатысты бірқатар меморандум мен келісім жасалды.

Қазақстан халал стандарттау жөнін­дегі техникалық комитетті алғашқы­лар­дың бірі болып құрып қана қоймай, бүгінде ТМД аясында осындай комитеттің Хатшылығын басқарып отыр. Сонымен қатар Халал өнімдері бо­йынша сарапшы-аудиторларды даярлау бойынша оқу бағдарламалары қабылданды, бірқатар жоғары оқу орынның оқу бағдарламаларына «Халал өндіріс технологиясы» пәні енгізілді. Әлемнің жетекші елдерінде білім алған 8 сарапшы-аудитор сертификатталды. Алғашқы Халал ерікті сертификаттау жүйесі мемлекеттік реестрде тіркелді. Қазақстанда 100-ден астам зертхана барлық тамақ өнімдеріне арналған бірыңғай техникалық регламентке сәйкес аккредиттелген. Оның 37-сінде ДНҚ компоненттерін анықтауға болады.

Бүгінгі таңда Халал инфрақұрылымы тек мұсылман елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде экономиканың даму қарқыны бар саласы болып отыр. Халал (араб тілінен аударғанда – рұқсат етілген) құндылықтар жүйесі: тамақ, киім, косметика, парфюмерия, жеке гигиена, демалыс, көңіл көтеру, қаржы және өзге де адам өмірінің кез келген саласымен байланысты. Кең мағынасында, доңыз, ит, жыртқыш аңдар, сондай-ақ құрамында алкоголь және басқа да зиянды, улы қоспалары бар тағамдарды есепке алмағанда басқа тағамдардың барлығы тұтынуға жарамды. Халал нарығының көлемі мен оның жыл сайынғы өсу қарқынын ескерсек, еліміздің де жаһандық халал нарыққа өз өнімін жеткізуіне мол мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыда Ұлттық аккредитация орта­лы­ғы тарапынан өндірушілерге халал сертификаттар мен стандарттары беріліп, елдің жаһандық нарыққа енуіне алғышарт қалыптастыруда.

Халал өнімдерінің сәйкестік сертификатын шетелде мойындаған ұйымдар да бар, сол арқылы 10 жыл ішінде отан­дық кәсіпорындарға 1 300-ден астам сертификат берілген. Өз тауарларын әлемнің жетекші нарықтарына жеткізу үшін әлемнің 10 елінен сертификат алуға өтініш берген кәсіпорындар негізінен шұжық, кондитерлік өнімдер, сусындар, жартылай фабрикаттар, сүт, бал өндіреді.

«Өткен жылы Парсы шығанағы елде­рі­не экспортталатын халал өнімдерді сер­тификаттау жөніндегі бірінші орган аккре­дит­телді, ол жарма, ұн, кебек, қой және сиыр етін экспорттауға сертификат берді», деп мәлімдеді Қ.Елікбаев.

Комитет қабылдаған стандарттар әртүрлі негіз бойынша талаптарды көз­дейді. Мысалы, кез келген түрдегі алко­голь­ге тыйым салу сияқты жалпы та­лаптар бар. Еліміз бен алыс-жақын шетелдер арасындағы тұрақты экономикалық бай­ланыстарды ескере отырып, халал инфра­құрылымын дамытудың болашағы зор деп сеніммен айтуға болады.