Кезінде Малайсары, Олжабай, Жасыбай, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқпар батырлардың жоңғарларға ойран салып, қалмақтарды қырып салған XVIII ғасырдағы тарихи мекен бүгінде тарихшылар мен археологтер тарапынан аз зерттелгені былай тұрсын, туристік әлеуеттілік тұрғысынан да ешкімді қызықтыра алмай отыр. Бұл таудың ауқымында шашырай орналасқан Бесқару төбешігі, Қайса ата кесенесі, Сәтен Мақыш бұлағы, Қызқұлаған шыңы, Гауһар биігі (шын есімі – Майсары, Малайсары батырдың қарындасы, Қаракерей Қабанбай батырдың жары), Әулие үңгір (Қаныш үңгірі), Қалмаққырған жазығындағы ескі зират-обалардың қай-қайсысы болсын зерттеуге сұранып тұрған орындар.
Бәрінен бұрын таудың күнгей жағында орналасқан Әулие үңгірдің ерекшелігі көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Үңгірді бойлап кіріп көрдік. Ұзындау болғанымен тар, 5-6 метрден кейін еңкейіп жүруге тура келеді. Десе де әрі қарай 14-15 метрден кейін жүру мүмкін болмаған соң кері қайттық. Жергілікті азаматтар үңгір орналасқан шоқпар тастың екінші жағынан тағы бір шағын үңгірді көрсетті. Сөйтсек, Әулие үңгірдің құрылысы шоқпар тастың күнгейінен басталып, теріскейдегі екінші жақтан бір-ақ шығатын дәліз сияқты екен. Бір замандарда үңгірдің бел ортасы құлап, жабылып қалған. Сондықтан күнгей жақтағысы ғана әзірше қолжетімді. Сонау алмағайып кезеңде бұл жерді дұшпанынан қашқан азаматтар паналап, қауіп төнгенде екінші жағынан шығып, сытылып отырған деседі.
Қазақтың маңдайына біткен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев бұл жерде 1920 жылы болыпты. Жергілікті жұрт соған орай үңгірді «Қаныш үңгірі» деп те атайды. Шоқпар тастың ең биігіне шыққанда айналаның барлығы алақандағыдай көрінеді. Оңтүстік төскейде 60 шақырымдай жерде Баянауылдың Қызылтау, Сарытауы қол бұлғаса, оңтүстік-батысқа қарай Торайғыр таулары сілемденіп жатыр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жасақтары осы таулардың биік нүктелеріне от жағып, жаудың келгенін жеткізген екен. Малайсарының қарындасы Майсары жоғарыда айтқан Гауһар биігінен (бір деректерде Қарауыл төбе аталады) айналаны шолып, қауіп көрінсе, ағасына жаушы шаптырып отырған. Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында айтылатындай, Баянауыл мен Қалмаққырған тауларындағы қазақ-жоңғар шайқастары нәтижесінде қазақтар жеңіске жетіп, Сарыарқа даласының тағдыры шешілген.
Павлодар облысы,
Май ауданы,
Қалмаққырған мекені