Қаржы • 07 Қыркүйек, 2023

Іскерлік ортаға ілкімділік қажет

302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары бизнес бюрократия құрсауынан босап, еркін тыныстай бастады. Десек те, мемлекеттің іскерлік ахуалды жақсарту және инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі күш-жігеріне қарамастан, жеке компаниялар бәсекелестік пен ашықтыққа байланысты проблемалармен үнемі бетпе-бет келіп жүр.

Іскерлік ортаға ілкімділік қажет

Бірқатар мемлекеттік қызмет­тер­ді цифрландыруда және бизнесті тіркеу мен жүргізу үшін әкімшілік ресімдерді жеңілдетуде едәуір алға бастық. Әйтсе де, компаниялар тара­пынан цифрлық технологиялар­ды енгізу барысы әлі де баяу. Эконо­ми­­калық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанның іс­кер­­лік ортасы туралы зерттеуінде цифрлық шешімдерді пайдалану үшін инфрақұрылым мен дағдыларға қолжетімділік әлі де шектеулі екенін жазған. Сонымен қатар компаниялар қызметінің нақты жағдайларында, әсіресе сауда рәсімдерін жеңілдету және келісімшарттарды сақтау бө­лігінде түйткілдер бар.

Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары одан әрі дамуды қамта­ма­сыз ету үшін елімізге мемле­кеттің экономикадағы рөлін төмендетуге және толыққанды нарықтық тетік­терді құруға бағытталған терең құ­рылымдық реформалар жүр­гізу қажет екенін атап өткен. ЭЫДҰ тұжырымдары нарықтың басым­дық­ты рөлі, дамудың неғұрлым тұ­рақты, әртараптандырылған және инклюзивті моделіне көшу қажет­тігі туралы осы ойларды то­­лығымен растайды. «Өкінішке қарай, Қазақстанның жоғары эко­но­микалық көрсеткіштерінің негізгі қозғаушы күші мұнай мен басқа да пайдалы қазбаларды өндіру мен экспорттау болып қала береді. Тарихи тұрғыдан алғанда, мұндай өсу жеке сектордың дамуын ынталандыра алмады, тіпті кейбір тұстарда оған кедергі келтірді. Бұл ретте мемлекет нарықтық емес шарттарда жеңілдікті қаржыландыруды ұсы­на отырып, бәсекелестік орталарда өзінің қатысуын кеңейтуді жал­ғастырады. Мұндай ортада нарықтық қа­тынастар жұмыс істемейді және жеке инвестицияларды тарту қиын болады», делінген Halyk Finance шолуында.

Зерттеу аясында 2022 жылы ЭЫДҰ Қазақстандағы іскерлік ортаға кейінгі жылдардағы жаһандық оқиға­лардың әсерін бағалау үшін кәсіпорындарға сауалдама жүргіз­ген. Респонденттер негізінен Қазақ­стан­да жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындар, сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінен бірқатар сауда және коммерциялық ұйымдар болды. Осындай халықаралық компания­лар мен ұйымдарды елге тарту – мем­лекеттің инвестициялық және өнеркәсіптік саясатының басты басым­дықтарының бірі. Сауалдамаға қатыс­қан компаниялардың 58%-ы эконо­миканың қазіргі жағдайын қанағат­та­нарлық, ал қалған 42%-ы әлсіз деп бағалаған. Дегенмен олар негізінен өздері жұмыс істейтін секторды немесе өз компаниясының елдегі қызметін әлі де оң бағалайды. Сондай-ақ респонденттердің жар­­тысына жуығы Үкіметтің COVID-19 пандемиясы кезінде биз­неске көмектесу үшін жасаған барлық шарасын тиімсіз деп тапты. Жа­рамды шаралардың ішінде рес­понденттер негізінен салық тө­леуді кейінге қалдыруды және компания­лар шығындарының бір бөлігін жабу үшін ақшалай кө­мекті, сондай-ақ дағдарыс кезінде жұ­­мысынан айырылған жұмыс­шы­ларға өтемақы беруді атап өтті.

Украинадағы қақтығыстың салдары Қазақстанның экономикасы мен іскерлік ортасы үшін елеулі соққы болды. ЭЫДҰ сауалдамасы соғыстың бастапқы кезеңінде ком­па­ниялардың алдында тұрған бас­ты қиындықтар – теңгенің айырбас бағамының жоғары құбылмалылығы және жеткізу тізбегіндегі іркілістер екенін көрсетті. Респонденттердің 50%-дан астамы бұл мәселелер олар­­дың қызметіне қатты әсер ет­кенін айтады. 80%-ға жуығы ши­кі­зат, энергия және шикізат емес тауарлар бағасының айтарлықтай өсуіне теріс әсер еткенін алға тартты. Кейіннен бұл компаниялар­ды өз бағаларын көтеруге, сондай-ақ жаңа жеткізушілер мен төлем меха­низмдерін іздеуге итермелеген. Ук­раинада ұрыс қимылдары бастал­ған­нан бері бизнеске көрсетілген мемлекеттік қолдаудың ішінде компаниялар бюрократияны бұзу және жаңа экспорттық маршруттарды ашу шараларына оң көзқарас танытты. Респонденттер, сонымен қатар, ауыл шаруашылығына көмектесу шараларын, соның ішінде энергияның шекті бағаларын енгізуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін фор­вард­тық бағамен сатып алуды қол­дады. Валюта нарығындағы шек­теулер әртүрлі қабылданды: компания­лар­дың 45%-ы бұған белгілі бір дәре­жеде оң деп қараса, 23%-ы теріс пікір білдірді.

ЭЫДҰ өз талдауында Қазақ­стан­ның ұзақмерзімді перспективада дамудың жоғары қарқынын қолдау үшін әлеуетке ие екенін, алайда бұл мақсатқа қол жеткізу экономикадағы құрылымдық өзге­рістерді одан әрі іске асыруды талап ететінін жазады. Осы ша­ралардың көпшілігін жүзеге асыру оларды қарапайым әзірлеу мен қабылдаудан гөрі, әлдеқайда күр­делі және мемлекеттен саяси ерік-жігер мен тиісті әкімшілік әлеуеттің болуын талап етеді. Қа­зақ­­стан­дағы іскерлік ортаны да­мыту ‒ инвестициялық немесе өнер­кә­сіптік саясат мәселелері ғана емес, бәсекелестіктің неғұрлым кең құрылымдық проблемалары және мемлекеттің экономикадағы рөлі. Halyk Finance сарапшыларының өздері бұл бағыттағы реформалар өте баяу жүріп жатқанына және кейбір жағдайларда тіпті кері кет­ке­ніне назар аударған. «Іскерлік ортаның орнықты өсуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет иелігінен алу және нақты на­рықтық тетіктерге көшу жеке сек­торды дамытуға деген жалпы­мем­лекеттік көзқарастың негізгі ба­сым­дықтарына айналуға тиіс», деп санайды олар.