Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, елорда төрінде өткен ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесіне облыс орталығы Тараз қаласы мен өңірдегі 10 ауданның тауар өндірушілері белсене қатысып, 298,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелген.
«Жылдағыдай қалыптысқан дәстүр бойынша Атырау облысының азаматтарынан кейін жамбылдық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де елордаға ат басын бұрды. Жәрмеңкеге өңірдегі барлық ауданның қатысқанын айта кеткен жөн.
Астанадағы жәрмеңкеге барлық шаруалармен қатар, 2019 жылы басталған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы аясында құрылған ауыл шаруашылығы тауар өндіруші кооперативтері мен өз кәсібін ашқан жеке кәсіпкерлер жұмылдырылды. Олар жалпы сомасы 168,6 млн теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімін әкелген.
Нақтырақ айтсақ, 33 тонна ет өнімдері (жылқы, сиыр, қой еті), 3,2 тонна тауық еті, 4,0 тонна шұжық, 14,0 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 1,0 тонна кондитерлік өнімдер, 3,4 тонна макарон, 10,0 тонна балық, 5,0 тонна бал, 208 тоннадан астам көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімі астаналықтарға тиімді бағамен өткерілді», дейді Қ. Мәдібек.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесіне өңір басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы қатысты. Жәрмеңке барысында жамбылдық өнерпаздар елордалық тұрғындарға әннен шашу шашып, концерттік бағдарламасын ұсынды.