Саясат • 12 Қыркүйек, 2023

Жол құрылысындағы міндеттер белгіленді

181 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабта республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау мәселелері қаралды.

Жол құрылысындағы міндеттер белгіленді

Көлік министрі Марат Қарабаев Прези­дент­тің 2029 жылға дейін республи­калық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялау міндетін қойғанын баяндады.

Мәселен, таяу жылдары жалпы ұзынды­ғы 4,7 мың км негізгі автожол жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр. Олар саланы жаңғыртуға және Транс­каспий халықаралық көлік бағы­тында республиканың транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Бүгінде бірінші кезекте 2 мың шақырымға арналған үш жоба тұр. Олар бойынша өте ауқымды жұмыс жүргізілген. Бұл «Ресей Федерациясының шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда», «Жезқазған – Қарағанды» және «Сарыағаш қала­сын айналып өту» трассалары. Кейбір учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыс­тары жүріп жатыр, ал басқалары бойынша жұмыстар 2024 және 2025 жылдары басталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жол бойындағы сервис инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып келеді. Бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1,6 мыңнан астам қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді, олардың 78%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін тағы 78 жаңа нысанды, сондай-ақ 25 жылы санитарлық-гигиеналық қондырғыны іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға қарай Ұлттық стандартқа сәйкес келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету нысанының құрылысы жүргізілмек.

Жергілікті жолдар желісіне келетін болсақ, бүгінде 70 мың шақырым жол­дың 85%-ы – нормативтік жағдайда. Биыл әкімдіктер 4,2 мың шақырым жолда жұмыс жүргізуде. Жалпы, 2029 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Сонымен қатар автожол саласын реформалау аясында автожолдар салу үдерісін бақы­лауды күшейту тетіктері енгізіліп, нормативтік құжаттар жетілдіріліп келеді.

Премьер-министр осыған дейін халық­аралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен іске асырылатын ірі автожол жобалары бойынша конкурстарды көбіне талаптарға сай келетін шетелдік компаниялар жеңіп отырғанын атап өтті. Содан кейін олар тапсырыстарды отандық фирмаларға қосалқы мердігерлікке тапсырып отырған.

Енді кейбір талаптарды өзгерту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде (жылдық қаржы айналымы көрсеткішін төмен­дету, елімізде өз иеліктерінде арнайы техника­сының болуы туралы талапты қосу, жұмыс­тардың 50%-дан астамын қосалқы мердігерлікке тапсыруға жол бермеу және т.б.) қазақстандық компаниялар дербес не консорциумдарға біріге отырып, осындай конкурстарда жеңіске жетіп, өз кірістерін едәуір арттыра алады.

Сондай-ақ отырыста «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев баян­дама жасады. Өңірлерде жүргізіліп жат­қан жұмыстар туралы Батыс Қазақстан облы­­сының әкімі Нариман Төреғалиев, Аты­рау об­лысының әкімі Серік Шәпкенов пен Жеті­­су об­лысының әкімі Бейбіт Исабаев айтып берді.

Премьер-министр көлік саласы елдің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуға тиіс екенін атап өтті. Биыл тәулігіне 50 мыңға жуық автокөлікті өткізуге мүмкіндік беретін «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» алғашқы концес­сия­лық жобасы іске асырылды. «Алматы – Қара­ғанды», «Талдықорған – Өскемен», «Меркі – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» сияқты ірі автожол жобалары аяқталуға жақын.

Бұл ретте Үкімет басшысы жолдардың сапасы жиі сынға ұшырап жататынын атап өтті.

«Тұрғындардан түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Халыққа үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елді мекендер арасында жақсы жолдар қажет. Бұл бәрімізге, біздің экономикамызға қажет»,  деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы құрылыс маусымы аяқта­луға жақын екенін, сондықтан қыркү­йек айын­да жол-құрылыс жұмыстарын айтарлықтай жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Премьер-министр көктемде «асфальт қармен бірге шайылып кетпес үшін» жолдардың тиісті сапасын қамтамасыз етуді талап етті.

«Әкімдіктердің инженерлік коммуникацияларды жүргізгеннен кейін жолды қайта қалпына келтіруді кешіктіруі қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Алматы қаласының Қарасу шағын ауданында коммуникациялар жүргізілгеннен кейін 5 жылдан астам жолдың болмауы – осының бірден-бір мысалы. Бір топ белсенді Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа шағым түсірген. Бұл ретте техникалық қадағалау мен энергетика басқармасы жол төсемінің сапалы қайта қалпына келтірілгені туралы есеп берген. Оған қоса жолдың жоқтығына Алматыдағы Рахат шағын ауданы­ның тұрғындары шағымданды»,  деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, елді мекендерді «сыртқы әлеммен» байланыстыратын жолдарға ерекше назар аудару қажет, себебі адамдардың өмірі мен денсаулығы осындай жолдардың болу-болмауы немесе олардың жай-күйіне байланысты.

Үкімет басшысының сөзінше, бірқатар өңірде жол салуға арналған бюджет қара­жатын мақсатсыз және тиімсіз пайдалану жағ­дайлары тіркелген. Мәселен, Жетісу облысының прокуроры ақшаны заңсыз жұмсау фактілерін анықтап, жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 35 конкурс бойынша рәсімдер тоқтатылды.

Тағы бір маңызды мәселе – автомобиль жол­дарымен ауыр жүк машиналарының жүруі.

«Бір жолды жөндеу және салу кезінде жүк көліктері басқа жолдарды, соның ішінде жаңадан жөнделген жолдарды бүлдіретін жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, Қарағанды облысындағы «Нарманбет – Балқаш» автожолында жаңадан жөнделген жол бойынша Шұбартау карьерінен кен тасымалдана бас­таған. Кен тиелген жүк көлігінің салмағы – 60 тонна! Салдарынан жаңа асфальт бүлінді. Мұндай мысалдар көп, тіпті қалаларда да кездеседі», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр жолдарды жобалау және салу, сондай-ақ оларды күтіп ұстау мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Көлік министрлігі арнайы қайта құрылып отыр.

«Ведомствоның алдына жол құрылысы саласын қайта құру бойынша нақты міндеттер қойылды. Жол активтері сапасының ұлттық орта­лығының сапасыз жүргізілетін жол-құры­лыс жұмыстарына жол бермеу, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу жөніндегі рөлін күшейту қажет. Сондай-ақ талаптарды қатаңдатып, жаңа нормативтік құжаттарды қабылдау қажет», деді Үкімет басшысы.