Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Орталық қызметі менталитетке қайшы емес
Қала ішіндегі өзге үйлерден оқшауланған зәулім ғимаратты бірден байқадық. Маңайында келімді-кетімді кісі көрінбейді. Орталықтың мекенжайын алдын ала нақтылаған соң, жаңылмай жеткенімізді түсіндік. Ғимараттың қасбеті қонақүйге ұқсағанымен ішкі тыныс-тіршілігі мүлдем басқа екенін соңынан білдік. Жұмыс барысында зыр жүгіріп, талаптанып жүрген медицина мамандарының қимылы ширақ, қадамы нық. Көбі жас, бірінің көңілін бірі аулайтындай. Көп кідірмей Amara медициналық паллиативті көмек көрсету орталығының басшысы Гүлмира Князбековамен жолығып, мекеме жайында сұрадық.
– Орталық 2019 жылы ашылды. Сол кезде нартәуекел деп қала ішінен ғимарат жалдағанбыз. Ал мына ғимаратқа ауысқанымызға – биыл үшінші жыл. Медициналық паллиативті көмек алуға көбіне-көп емге бағынбайтын науқастар келеді. Санаулы ай, күн, сағаты таяғанның барлығын қабылдамаймыз. Өйткені жұқпалы ауруға шалдыққандар да болуы мүмкін ғой. Елімізде оларға бөлек орталықтар қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес бекітілген белгілі бір аурулардың тізімі бар. Соны ескереміз. Жұмыс күрделі. Кейде өзіміз де депрессияға түсеміз. Қайыспай, хал-қадерімізше еңбек етіп келеміз. Науқастардың арасында инсульттен, онкология, альцгеймер, паркинсон және басқа да аурудан ахуалы нашарлағандар кездеседі. Біз секілді орталықтардың қызметі қазақтың тұрмыс-тіршілігіне бағынбайды деуге келмейді. Иә, қазақта ет жақының мәңгілік сапарға аттанарда қарайласуың керек, соңғы сағаттары таяғанда баласы аузына су тамызу керек дейді. Әрине, солай болғанын біз де құптаймыз. Бірақ күнделікті қым-қиғаш тірліктің қамымен жүрген отбасыларды да түсінуге болады. Жұмысқа бармайын десе, отбасын асырау қажет. Ал жағдайы нашарлаған адамның күн-түн демей қас-қабағына қарайсың. Психо-эмоционалдық жағынан да жеңіл емес. Науқастың өзі де қиналып қалуы ықтимал. Біздегі мамандар жағдайы нашарлағандарды қалай күту керегін біледі. Ұзақ уақыт тыныс алу аппаратының көмегімен жататындар бар. Туған-туыстары бауырын орталыққа апардым, іс бітті демейді ғой. Келіп, хабар алып тұрады. Уақыты таяған науқастың жағдайын отбасына хабарлап, ескертіп отырамыз, – дейді Г.Князбекова.
Қордан бөлінген қаржы жетпейді
Орталықтың әр қабатында медицина маманы, психолог болады. Олардың барлығы дерлік өзінің жұмыс бағытына қарай тәжірибеден өтіпті. Науқасқа қалай қарау керек екенін біледі. Шетелдік тәжірибеге иек артады. Дәрігер әр пациентке өзінше бөлек ем-дом ұсынады. Көбіне-көп жанды жегідей жеген аурудың салдарын бір сәт басуға тырысады. Үй жағдайында ауырсынуды басатын екпе салдыру үшін қайта-қайта жедел-жәрдем шақыртуға тура келеді емес пе? Орталықта пациентті екі күнде бір мәрте жуындырады. Қажетті дәрумені бар ас-ауқатын уақтылы береді. Себебі науқастардың барлығы дерлік өздігінен емін-еркін жүруге қауқарсыз. Ал құр сүлдері қалып, ес-түссіз жатқандардың өздігінен ас ішу былай тұрсын, тыныс алуы қиын. Орталыққа науқастар еліміздегі ауруханалардан жолдама арқылы келеді. Бірақ квотаны күтпей, ақылы түрде бір палатада бір өзі жатқан науқастар санаулы болса да бар екен. Мұнда жолдамамен келген әр науқастың күнделікті күтіміне әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаражат төленеді. Кей-кейде қайырымдылық қорлары жердемдеседі. Әйткенмен қордан қаралған қаржы орталықтың керек-жарағын түгендеуге жетпейтін көрінеді. Жұмысшылар жалақысын ара-тұра мерзімінен кеш алатыны тағы бар. Әсіресе, жалға алып отырған ғимараттың шығынын өтеу қиын. Медициналық паллиативті орталықты екінің бірі аша бермейді. Басқа-басқа дәл осы әлеуметтік жобаның салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары. Жекеменшік орталықтың көбі осы күйді кешіп жүргенге ұқсайды.
Жалға алған ғимараттың шығыны көп
– Біз жалдап отырған ғимараттың жалгерлік ақысын, жұмысшылардың жалақысын уақтылы төлейміз деп қиналып қаламыз. Жыл соңында конкурсқа қатысып, жоспарлаған қаржының шамамен 50 пайызы тиді. Яғни былтыр желтоқсанда орталықта 112 науқас жатса, жыл басында тек 53 адамға қаржы қаралатынын білдік. Ал қалған науқастарды қайда жібереміз? Бірінің жақыны жоқ болса, екіншісі отбасын асырауы керек. Қаржылық жағынан қиналдық. Біз жыл соңына қарай қорға жұмыстың есебін тапсырамыз. Содан былтыр белгілі себептермен үш айдың жалақысын ала алмай қалдық. Әзірге барды қанағат тұтып, әупірімдеп келеміз. Жалақы, жалгерлік ақысымен қоса, дәрі-дәрмегіміз бар. Ахуалды айтып, Президентке хат жаздық. Бізге қалалық әкімдік ғимарат қарастырса, жағдайымыз оңалып, жұмыс біршама жеңілдеп қалар еді. Жөндеу көрмеген нысан болса да қолдан келгенше өзіміз реттеп алар едік. Ғимараттың жайын реттемесек, әрі қарай жұмыс істеу-істемеуіміз екіталай болып тұр. Біздің орталыққа екінің-бірі ғимаратын босатып бере салмайды. Бізді түсінген кәсіпкерлерге алғыс айтамыз, әрине, – дейді орталық басшысы.
Орайы келгенде онкологияда 13 жыл тәжірибесі бар, орталықтың бас дәрігері Ренат Байтақовпен де әңгімелестік. Ол орталық ашылған тұста жұмысқа келгенімен, жарты жылға жетер-жетпес еңбек етіп, қайта басқа жұмысқа ауысыпты.
– Жұмысқа алғаш келген жылдары тағамның дәмін сезуден қалдым. Өзімді нашар сезініп жүрдім. Оған дейін қалалық онкологиялық диспансерде еңбек еткенмін. Бас дәрігердің ұсынысымен онколог болдық. Операция жасадық, науқастарды емдедік. Бәрі сәтті өтетін. Медициналық паллиативті орталықта науқастар қайтыс бола бастады. Ауыртпалық түсті. Айына кейде 10-15 адам келместің кемесімен кететін. Ал биыл жыл басынан бері 53 науқас қайтыс болды. Алғашқыда науқастардың туған-туыстары дерттің дәруі бола ма деп жиі сұрайтын. Сұрағаны жақсы, хал сұрамайтындар да бар екен. Тіпті, суыт хабар жеткізу үшін хабарласқанда телефон тұтқасын көтермегендер болды. Содан біз дәрігерлердің операция жасап емдеуге тырысқанын, аурудың дәруі табылмағанын айтамыз. Шетел асқаннан да пайда жоқ екенін ескертеміз, түсіндіреміз. Жұмыстан шықтым дедім ғой, былтыр шақыртумен тағы келдім. Орталықты араладым. Жігерлі жастар біріне-бірі жәрдемдесіп, бірінің көңілін бірі аулап жүргенін байқадым. Іштей «бәрі психолог екен» дедім. Ұжыммен жұмыс істей алатынымды түсіндім. Дегенмен қазір жұмыс жеңіл деп айта алмаймын. Аурулар жасарып барады. Жүрек қантамыр ауруына шалдыққан жастарды көрдік. Артық салмағы жоқ, өңінен аурудың табы байқалмайтын науқастар инсульттен көз жұмды, – дейді ол.
Бас дәрігер де еңбекақысы қолына кеш түсетінін айтып қалды. Бірақ емханалармен салыстырғанда жалақы жоғары екенін ескертті. Қазір орталықта 107 науқас жатыр екен. Мамандар оларға күнделікті медициналық қызмет көрсетеді. «Адамның дегені емес, Алланың қалауы болады» деген. Ауруханадан бір күн өмірі қалды деп әкелген науқастардың ішінде жылдан аса жүрегі соғып тұрғандар бар. Сондай пациенттің бірі орталықта ес-түссіз жатыр. Тіпті, бір рет көзін аша бастапты. Құданың құдіреті, дәрігерлер науқасты сөйлеп кете ме деп ойлағанын айтады. Бірақ расында да миына қан құйылған науқас тілге келсе, таңғажайып жағдай болар еді. Пациент қазір де көзін ашады екен. Дыбыс шыққан жаққа қарайды. Дәрігердің, медбикенің даусын таниды. Бас дәрігер Р.Байтақов орталықта үй жағдайында ұзақ уақыт төсек тартып жатқан науқастарда пайда болатын жараның бітелуіне жәрдемдесетін ұнтақ жасаған. Құрамы біріне-бірі ұқсас екі түрлі ұнтақтың бірі шіріген тінді алып түссе, екіншісі толық жазылуға септеседі екен.
«Менің білетінімді балам білмесе екен...»
Медициналық паллиативті көмек көрсету орталығының психологі Эльвира Шорақызы тек науқастарға ғана емес, әріптестеріне де психологиялық көмек көрсетеді. Ол пациенттердің жан дүниесіне үңіліп, барынша жәрдемдесуге тырысатынын, жүйкесі жұқарғандарды жігерлендіруге ұмтылатынын айтты.
– Психолог болған соң байқаймыз, орталықтағы мамандардың ерік-жігері мығым. Әрқайсысы өзінің жұмысын біледі. Екінің бірі мұнда жұмыс істей алмайды. Тәжірибеден өткеннен кейін жұмысқа келуге құлқы болмайтындар да аз емес. Жұмыс күрделі. Себебі паллиативті орталыққа келетіндердің басым көпшілігі аяққа тұрып кететіндердің қатарынан емес. Ақтық сапарға жақындағандар. Аяққа тұрғандар ілуде біреу. Науқастарға да бауыр басып қалған соң қимайсың, көңіл босап, көзге жас алатын сәттер де болады. Кей-кейде әріптестермен сергіту сәтін өткіземіз. Қалай дегенде де санитарлар жас, қайтқан адамды көріп, көңіліне алып қала ма дейсің, – деп сыр ақтарды психолог.
Көп ұзамай біз екі науқастың палатасына беттедік. Бірінші пациенттің жасы отыздан асқан. Ол дәрігердің бақылауына, санитарлардың күтіміне көңілі толатынын айтты. Қысқасы, орталықтың мамандары қолынан келетін шаруаға тиянақты деседі. Алайда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі байқалады екен.
– Біздің қабатта мамандар отырады. Оларды шақыру қиын емес. Дауысымызды естігенде лезде келеді. Адам болған соң жаны ашиды ғой. Айтпағым, орталыққа қолдау керек. Қор, мейлі Үкімет қарайласса игі. Себебі Астанада жалғыз ғана паллиативті орталық бар емес пе? Бізге негізгі керегі дәрумендер мен ауырсынғанды басатын екпелер ғана ғой, – деді біз бірінші қайрылған пациент нық сөйлеп.
Паллиативті орталыққа келгеніне екі жарым жылдан асқан зейнет жасындағы әжей де медицина мамандарының жұмысына разылығын білдірді. Алғашында қалуды ойламаған әжейдің қазір қайтқысы жоқ. Жүрек түбінен туыстарыма салмақ салмасам екен деген ой қылаң береді. Ол «Біз асарымызды асап, жасарымызды жасадық. Осындай орталықтарға Үкімет қарайласса деймін, қазір далада жүрген қарттар бар», деп түйіндеді ойын.
Медициналық паллиативті орталыққа келген қарттардың туыстары кейде дәрігерлерден диагнозды айтпауын өтінеді екен. Көп жағдайда дәрігерлер хал-ахуалы нашарлаған науқастың жүзінен қандай дертке шалдыққанын білетіні көрініп тұрады деседі. Тіпті, кейде егде жастағылар дәрігерге диагнозын білетінін айтып, басу айтатын көрінеді. Өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарынан өткен, көпті көрген қариялар өзінің ауруын білмей қалуы мүмкін бе? Мейірбандар «менің білетінімді балам білмесе екен» десе керек.
Қорыта келе медициналық паллиативті орталық не үшін керек, деген сауалға ойыссақ. Ауруханада жансақтау бөлімінде ұзақ жататын науқастар бар. Күрделі операциядан кейін көзін ашпайтындар кездеседі. Осындайда шұғыл операция жасатуға келгендерге бос орын табылмай қалуы мүмкін. Ал ауруханада ұзақ жатқан науқастың ахуалы үйге шығуға келмейді. Мұндайда медициналық паллиативті орталықтың көмегі аурухана дәрігерлеріне әрі науқастың туыстарына да тиімдірек. Астанадағы осындай жалғыз мекеменің жайын жоғарыда егжей-тегжейлі тарқаттық. Ал Орталықтың қаржылық жағдайы келер жылы қалай болмақ. Ол жағы әзірше беймәлім.