Пікір • 13 Қыркүйек, 2023

Мемлекеттік қызметші: ұстыны мен ұстанымы

289 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміз бойынша мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзу, түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылу деректері азайып келе жатқаны қуантады. Мысалы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің жанындағы Әдеп кеңесінде 2020 жылы – 65, 2021 жылы – 59, 2022 жылы 39 тәртіптік іс қаралып, әдеп нормаларын бұзу дерегі өткен жылы 14%-ға азайған. Ал Әдеп кеңесінде қаралатын мәселелердің жартысына жуығы профилактикалық сұрақтарға арналып отыр.

Мемлекеттік қызметші: ұстыны мен ұстанымы

Осы орайда, мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңнаманың, Әдеп кодексі нормаларының бұзылуына жол бермеу үшін агенттік профилактикалық жұмыстарды күшейтіп отырғанын айта кету керек. Оның ішінде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, оның облыстардағы фи­лиал­дарында әдеп семинарларын ұйым­дас­тыру қолға алынған. Бұдан бөлек агенттіктің аумақтық департа­менттері аудан, ауыл деңгейінде мемле­кет­т­ік қызметшілермен, қоғам белсенді­­­лерімен кездесулер өткізу шараларын тұрақты ұйымдастырып келеді.

Мемлекеттік қызметте өз ісіне адал, әдептен озбайтын, отаншыл, сыбайлас жемқорлыққа ойымен де, ісімен де қарсы азаматтардың бүгінде көп екеніне күмәндануға болмас. Мәселе сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызметшілер арасында кездесуін болдырмау және адалдық пен әділдіктің, қарапайымдылықтың негізі құндылыққа айналуы үшін қандай идея, қандай қуат керек екендігінде. Тек қатаң жазалаумен мәселе шешілсе, жазаның ең ауыр түрі бар елдерде қылмыс болмас па еді? Осы сауал Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» шығармасы мен «Ұждан» шағын әңгімесін оқып отырғанда сананы мазалайды. Расында күрделі сауал. Адалдық пен әділдік, заң үстемдігі мәселесі – қоғамдық ғылым саласында, құқық философиясында өзекті тақырыптың бірі. Дегенмен, адалдық пен әділдіктің, заңның қозғаушы күші, қуаты не деген сауалдың күрмеуі қиын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев Түркістанда өткен Ұлт­тық құрылтайда: «Отаншылдық, адам­гершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттердің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бірауыз сөзбен сипаттауға болады», деп Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратынын баса айтты. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде халықтың 99%-дан астамы сауатты, ал интернет жүйесінен алынған кейбір мәлімет бойынша жұмыс істейтін азаматтардың 92,4%-ның кәсіби білімі бар болса, олардың 40,5 пайызында жоғары оқу орындарының дипломы бары көрсетілген. Сонымен қатар, елімізде мемлекеттік қызметшілердің 93%-дан астамы жоғары білімді. 2017-2021 жылдар аралығында «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерінің саны – 6, Президент жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясын білім алғандар – 20 пайызға, шетелдік жоғары оқу орындарын аяқтаған қызметшілердің саны 2 есеге ұлғайған. Десе де, жалпы қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтар арасында түрлі әкім­шілік, қылмыстық, тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылғандар, сыбай­лас жем­қорлық қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығып жатқандардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сонда, қоғамда еңбек етіп жүрген аза­мат­тарда жоғары білімінің болуына қарамастан олардың арасынан заң бұзушылыққа баратындардың, мем­ле­кеттік қызметшілердің ішінде Әдеп ко­дексін сақтамайтындардың, жемқор­лыққа жол беретіндердің кезде­суі, білім қуатының адамды тәрбие­леудегі күшінің жеткіліксіздігінен болса керек. Алаш зия­­лысы Әлихан Бөкейхан­ның «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінез­ден» дейтіні осыған келіп саятындай.

Жоғарыда біз айтып өткен «Үш анық» шығармасында Шәкәрім ынсап, әділет, мейірім қосылып «ұжданды» құрайтынын айтады. Егер осы ұжданды құрайтын үш ұғымға зер салсақ, ынсап – қанағатшылдықты көрсетсе, әділет – адалдық пен шыншылдықты, мейірім – адамға, еліңе деген сүйіспеншілікті бейнелейді. Демек, ұждан адамның жасаған жақсылығы мен тигізген залалын тізіп тұратын, санадан өшпейтін ішкі дауыс, адамның өзгеден жасырғанымен өзіне әрдайым белгілі болып тұратын істері, әрекеті. Алайда, ұжданға нана алмаған кісі өзінің жасаған қиянатының ізін білдірмеудің айласын тауып, өзін алдап өмір сүрмек керек. Халық арасында «күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылу» деген теңеу бар. Яғни ішкі дауыстың айқайы, оның істеген ісі үшін жоғарыда айтқан ұжданның мазалауы ретінде қабылдануы қажет. Шәкәрімнің екі дүниеге де керекті іс ұждан дейтіні де осыдан. Ойшылдың «Ұждан» дейтін әңгімесі арқылы бүтін бір қауымның ұйқысыздық дертіне шалдығып, оның емін табудағы ізденісін суреттеудегі шеберлігіне таңғаласыз. Шәкәрім заң жазып, әркімнің не істейтінін, нені істемейтінін қағазға түсіру арқылы және халыққа сол заңды түсіндіріп, оқыту, заңмен өмір сүру нәтижесінде ғана адамға маза бермейтін ұжданның жалғыз емін табуға болатынын көрсетеді. Заңмен өмір сүргенде ғана ұждан ұйқың­ды бұзғанына қарамастан, қанша мазаласа да, не жасасам да заң жолымен жасадым деп ұйқысыздық дертінен айғуға болатынын жазады. Шағын әңгіменің арқауы болған ұждан адамды заңмен өмір сүруге бастайтын қуатқа айналып отыр.

 

Өркен БАЛАЖАНОВ,

Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Түркістан облысы

бойынша департамент басшысы