Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Иә, ол – тілегіне жеткен адам. Бұлай деп айта салу, әрине, оңай. Осы «тілегіне жеткен адам» деген ұғымның астарында қаншама жанқиярлық еңбек жатыр. Сонау кездегі «бала актерден дара актер» болғанға дейінгі аралықта қаншама ізденіс, қаншама төгілген тер, оқу, үйрену, шеберлікті шыңдай түсу үшін өзін-өзі аямай қамшылау, қаншама асулар, қаншама кедергілер жатыр десеңші. Мінген атың топтан озбайтын мініс аттың бірі болса, оған жұрт көңіл аудармайды, ал мінген атың жүйрік болып, қалың топтан қара үзіп шыға бастаса, «ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман» дегендей, неше түрлі қаңқу сөз де желдей есіп шыға келетіні бар. Тұңғышбай Жаманқұлов қаңқу сөз де «құр» қалған жоқ. Бірақ ол ондай жел сөздерге қарсы тұра білді. Өйткені оның бар сенгені – өзінің қабілет-қарымы мен таланты болды. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ұлы Абайдың сөзі өмірлік кредосына айналды.
Оның шығармашылық жолына, суреткер-актер әрі режиссерлік жолына тоқталып жату тым ұзақ, Тараздан Меккеге дейін жаяу шыққанмен бірдей: «бала актер» Тараз болса, «дара актер» – Мекке. Тұңғышбай талай-талай жол азабын тартып, осы аралықты жаяу жүріп өтті.
«Бала актер» демекші, мен Тұңғышбаймен «бала» кезінде жақынырақ таныстым. 1978 жылы Бәйтен Омаров М.Әуезов театрының сахнасына менің «Әпке» атты пьесамды тұғыш рет қойған еді. Тұңғышбай сол спектакльде Қабеннің рөлін ойнаған. Қабен – әпкені, яғни Қамажайды кездесуге шақырып, тұрмысқа шығуға сөз салып жүрген жігіт. Ол кезде Тұңғышбай отызға енді жеткен жас жігіт болатын. Өзіне тұрмысқа шығуын өтініп жүрген жігіттің тым жас болғанына көңілі толмаған Фарида Шәріпова репетиция кезінде: «Құдай-ай, жап-жас баламен де ғашықтар сахнасын ойнайтын болдым-ау» деп күлгені әлі есімде. Содан бері аттай 45 жыл өтіпті. Осы 45 жыл бала актерді дара актерге айналдырыпты. Ол екеуміздің шығармашылық достығымыз Әуезов театрында қойылған «Кішкентай ауыл» спектаклінен соң жаңа биікке көтерілді. Мұнда ол делқұлы Демесіннің рөлін тамаша ойнап шығып еді. Бұл спектакль жайлы кезінде бүкілодақтық «Театральная жизнь» журналы көлемді мақала жариялаған да болатын.
Қай кезде оқығаным есімде жоқ, Т.Жаманқұлов туралы «Казахстанская правда» газетінде шыққан бір мақалада: «Он известен как неутомимый создатель образы великих казахских ханов» деп жазғаны есімде қалыпты. Оның болмыс-бітімі де, бойы мен ойы да, «Қайғысыз хан семіреді» дегендей, Абылайдан бастап басқа да хандардың рөлінде сахнаға шыққанда бүкіл қимыл-әрекеті мен сөз саптауларынан, келбетінен халқының қамын ойлаған уайым құшағындағы хандар мен ел билеушілерінің тірі бейнесін көргендей боламыз. Оның сахнада, экранда сомдаған рөлдерін санап шығу мүмкін емес. «Үндінің тарихын санап шығу – жүзжылдық арша ағашының қылқанды жапырақтарын санап шығумен бірдей» деп үнді жазушысы Мулк Радж Аманд айтқандай, Тұңғышбай сомдаған әйгілі бейнелер мен рөлдерге талдау жасау тоғайдағы талдардың бұтақтарын санап шығумен бірдей.
Биіктер сырласады, аласалар сыбырласады. Тұңғышбай театр табалдырығын аттаған күннен бастап алдыңғы ағаларымен сырласып өтті. Көзі тірілердің өзімен, көзі жоқтардың рухымен сырласты. Құдайға шүкір, қазақ сахнасы сырласатын, үйренетін тұлғалардан кенде болған жоқ. «Зер қадірін зергер біледі» дегендей, талант талантты тани біледі, бірін-бірі таба біледі. Тұңғышбай соларды тани білді, таба да білді. Кей кезде «егер Тұңғышбай секілді сахна мен экран шебері Ресейде өмір сүрсе, атақ-даңқы жер жарған нағыз өнер майталманы болып әлемге танылған аса ірі тұлғалардың бірі болар еді» деп ойлаймын. Амал қанша, біздің танымдық шеңберіміздің өрісі тар, экрандық туындыларымыз халықаралық деңгейде оқиға жасай алмай келеді.
Есімде, осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыға грузиннің атақты актері Кикабидзе келгенде, біздің халық арасында театр мен кино саласында танымал болып жүрген қайраткерлер де бар, бәрі қоғадай жапырылып, оны қолдан-қолға тигізбей кездесулер өткізіп жатты. «Япыр-ай, – дедім сонда күйініп. Дәл осы Кикабидзедей актерлер өзімізде де бар еді ғой. Тұңғышбай Жаманқұлов сол Кикабидзеңізді ойымен де, бойымен де он орап алатын актер емес пе еді? Неге біз осы өзге десе өзеуреп тұрамыз? Өз өнерімізді, өз тұлғаларымызды өзгелерден биік қоюды қашан үйренеміз? Осындай өзгеге табынушылықты көп көрген соң екен ғой байғұс Пушкиннің: «Черт догодал, с таким талантом и умом родиться мне в России!» деп күйінгені. Бірақ Ресей Пушкиннің осы сөзінен кейін өз таланттарын бағалауды үйрене бастады. Ресей қоғамы секілді, біз де өз таланттарымызды бағалауды үйрене бастайтын шығармыз».
Кешегі бала Тұңғышбай бұл күнде дара Тұңғышбайға айналып, жетпістің бесеуіне де жетіп қалыпты.
Бұл жас – адамның ақыл-ойы орныққан, Гете айтқандай өткенге көз жүгіртіп, сол жолда орындай алмаған мақсаттарына шүйлігіп кірісетін жас. Бұл жас – ұйқы азайып, арман көбейетін жас. Арман-мақсатың түрткілеп ұйқыңды қашырса оған қапаланба, Тұңғышбай іні-досым! Осы жеткен жетістігіңнің бәрі – еңбегің мен ақылыңның жемісі. Осы екеуінің жетегіне әлі де ере бер. Ол үшін амандық керек. Жамандықты жеңетін бір-ақ нәрсе бар, ол – амандық. Жамандықтың өлетін жері де – жақсылардың кеудесі.
Ақыл-парасатың толыққан, шығармашылығың молыққан жасыңда жабырқап қалмай, жалықпай жаңа мақсаттарыңды жүзге жеткенше жүзеге асыра бер.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы