Ең әуелі, билік тармақтары арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті орнатуға бағытталған бұған дейін жүргізілген саяси реформалар заң үстемдігінің іргелі қағидасы екеніне тоқталайық. Бұл, әсіресе, Қазақстанның ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға өтуі жағдайында өте өзекті. Осындай реформалар тежемелік және тепе-теңдік қағидатын берік ұстанғанын аңғартады. Биліктің шектен шығу қаупін азайтады және атқарушы биліктің әрекетін заң шығарушы және сот органдарымен тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай жүйелік тетіктер әрқашан ашық, есеп беретін және әділ басқару құрылымын құруға ықпал етеді.
Жолдауда сондай-ақ құқықтық және этикалық тұрғыда маңызды аспект – адам құқықтарын қорғау саласында жүргізілген реформаларға екпін берілді. Президент Тоқаев азаматтардың басқаруға және шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігін арттырып, демократиялық даңғыл жолға бағыт алғанын анық аңғартады. Азаматтардың құқықтарын кеңейту заңнамалық және әкімшілік үдерістерге әсер етіп, қоғамды неғұрлым инклюзивті, талқылауға қабілетті және сайып келгенде әділетті етеді.
Экономикалық реформалар мәселесіне тоқталсақ, бұл бағыттағы жаңа саясат әділеттілікке, инклюзивке және прагматизмге баса назар аударады, әділ құқықтық базаның негізін қалайды. Мысалы, Қ.Тоқаев экономиканы әртараптандыру және қуатты индустриялық база құру бастамасы жаңа жұмыс орындарын ашуға, табыс теңсіздігін азайтуға және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай мақсаттар күшті заңнамалық негізде бекітілсе, ұзақмерзімді тұрақтылық пен инклюзивті өсуге ықпал етеді.
Қызығушылық тудыратын бір мәселе мынада. Үкіметке мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімін жеңілдету және қысқартуға, сапаға басымдық беруге, оны автоматтандыруға тапсырма берілді. Құқықтық тұрғыда мұндай қадам тиімділік пен ашықтық мәселесін шешеді. Сыбайлас жемқорлық қаупі мен бюрократиялық кедергілерді азайтады. Бизнесті жүргізуге қолайлы және бәсекелестік орта құруға жол ашады.
Қаржы секторындағы реформалардың да маңызы ерекше. Шетелдік сенімді үш банкті елге әкелу инвестиция ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның банктік заңнамасы мен нормативтік-құқықтық актілерін жетілдіреді, озық халықаралық тәжірибеге иек артуға мүмкіндік береді. Мұндай «реттеуші тәсіл» жергілікті стандарттарды жақсартып, оларды халықаралық деңгейде танылған нормалар мен заңдарға сәйкестендіреді.
Қазақстан Президентінің Жолдауында салық мәселелері де қозғалды. Салық жеңілдіктерінің көлемін қысқартып, салық органдары мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу ұсынылды. Бұл ұсыныстар ашықтық, әділдік және салық төлеушілерге тең қарау қағидаттарымен үндесіп, сол арқылы фискалдық саясаттың құқықтық негізін нығайтады.
Әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты Қ.Тоқаев мектептер мен медициналық мекемелерді, әсіресе ауылдық жерлерде көптеп салуды тапсырды. Заң аясында тұжырымдалған бұл міндеттеме азаматтарға білім беру және денсаулық сақтауды қамтамасыз ету секілді Конституцияда бекітілген уәдені орындауға жол ашады. Мемлекетке әлеуметтік әділдік жөніндегі міндеттемелерін тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, атом электр стансасын салу мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығару демократия мен оның құқықтық бағытын құрметтеуді көрсетеді. Референдум өткізу ұжымдық шешімдерді қабылдауды жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар атом электр стансасының құрылысы мен жұмысын реттейтін заңнамалық базаны қалыптастырады.
Қорыта айтқанда, Президент Тоқаевтың Жолдауы құқықтық тұрғыда қарағанда теңдестірілген, әділ және инклюзивті қоғам құру жолындағы Қазақстанның серпінді реформалар қамтылған, жан-жақты ойластырылған көзқарасын білдіреді. Оны жүзеге асыру нағыз сынаққа айналмақ. Дегенмен ұсынылған бастамалар ел үшін келешегі зор құқықтық және этикалық траекторияны белгілейтіні сөзсіз.
Ричард БИННС,
адвокат, Ұлыбритания