Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2023

Сапасыз құрылыс сарсаңы

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жауапсыздық па, салғырттық па кім білсін, әйтеуір Шы­ғыс Қазақстанда жаңадан салынған сапасыз тұрғын үй көп. Өт­кен айда Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіне жұмыс са­парымен барған облыс әкімі Ермек Көшербаевқа жар­қы­рап тұрған 40 пәтерлі үйді емес, жертөлесі лай суға толып кет­кен Нұржау көшесіндегі жап-жаңа қос үйді көрсету керек еді.

Сапасыз құрылыс сарсаңы

Ұлан ауданының орталығы Қ.Қайсенов кенті, Нұржау кө­шесі, 16/3 тұрғын үйінің жер­төлесі суға толып тұрғалы қай за­ман?! Тұрғындар мәселе ше­шілетін шығар деген үмітпен осы уа­қытқа дейін үнсіз келген. Қыс болса, қыр астында. Ір­гетасы дым тартқан үйде жас та, кәрі де тұрады. Кем­ба­ғал жандар да жоқ емес. Кә­­різдің толып, жертөлеге тө­гіліп жатқанын үй иелері әкім­дікке бір емес, бірнеше рет айтқан, арызданған. Аудан бас­шылығы ақауды қалпына кел­тіру үшін қаражат та бөлген кө­рінеді. Қаржы бөлінгенімен, жүргізіліп жатқан жұмыс жоқ.

Жуықта шыр-пыр болған тұрғындармен тілдесіп, үйдің жағдайын көзбен көріп қайттық. Айтса, айтқандай-ақ, 30 пәтерлі тұр­ғын үйдің жертөлесіндегі көл­кіп тұрған судың тереңдігі 15 сантиметрдей. Электр желісі жинақталған қорапшаға сәл-ақ жетпей тұр. Былтыр оған дейін де жетіп, тұрғындар үш күн бо­йы жарықсыз отырған күн­дері де болыпты. Соның өзін­де түсіністік танытып, үнде­меген. Жарық сөнгенмен, үміт сөнбеген. Сөйтсе, бекер екен. Су толы жертөлеге бас сұққан бас­шы болмапты.

– Бұл үйді бес жыл бұрын ипотекаға алдық. Үйдің сапасы туралы айтпай-ақ қойдық. Ең үл­кен мәселе – жертөле. Кәріз­дің кесірінен жертөле су­ға толады. Қолымызда хаттама бар, ақша бөлінді деп тұр. Алай­да ол ақша қайда кетті, біл­мей­міз. Іргетастың дымданып кет­кенінен бе, еденіміз жарылып жатыр. Линолеум суланып тұ­ра­ды. Бала-шаға қыстай жө­теле­ді, – дейді көпқабатты үй­дің тұр­ғыны Альмира Ер­салина.

 Тұрғындардың сөзін пәтер иелері кооперативінің өкілдері де растап отыр. Растамаған күннің өзінде үйдің проблемасы қарусыз көзге тайға таңба басқандай көрініп тұр.

– Лас судың жертөлені ба­сып жатқаны шындық. Оны құзырлы органдар біліп отыр. Бірнеше рет сорып алу жұ­мыстарын жүргізген. Бірақ әлі де су басу тоқтаған жоқ. Оның себебі, шыға берістегі ор­та­лық құбырды топырақ басып қалған. Соның себебінен құ­бырларда шығарынды су кеп­теліп, жертөлені басып жатыр. Жалпы, кентте бұл ғана емес, жылу, су жүйесінде де мәселе көп. Әрбір үшінші құдыққа жөндеу жүргізу керек. Бұл мә­селені жылда айтамыз, – дейді «Жемчужина» пәтер иелері коопе­ративінің төрағасы Еркін Мұратұлы.

Сөзіміз толық дәлелді болсын деп, бірінші қабаттағы пә­тер­лердің біріне кіріп те көр­дік. Еденнің қопсып, қопа­ры­лып жатқанына көз әбден жетті. Пәтер иесі Сара Мусина еденнің линолеумін ашып тұрып көрсетті. Айтқандай, ылғалды сіңірген еден жабыны қағаздай жыртылады. Сапасы сан соқтырарын білсек, бұл үй үшін белшеден қарызға батпас едік дейді тұрғындар. Иә, 10-15 жыл ай сайын жүз мыңдап несие төлеу қай-қайсысы үшін де оңай емес.

Отыз пәтерлі тұрғын үй ие­лерінің жанайқайын алға тартып, Ұлан ауданы әкімдігіне ха­барластық. Аудан басшысы еңбек демалысында десті қоластындағылар. Ал әкім­дік қызметкерлері 2022 жылы Нұржау көшесіндегі кәріз же­лілерінің апаттық учаскесіне ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Демек, жөндеу жұмыстары жос­пардағыдай жүзеге аспаған. Әй­теуір, жауапты мердігер ком­пания «Памир ОМ» ЖШС-не ескертулерді жою жө­нінде ескерту хат жолдапты. Егер кәріз жүйесі қалпына кел­тіріл­меген жағдайда мәселе сотта шешілетінін де айтқан.

P.S: Іргесін су кеміріп жат­қан үйдің мәселесімен етене танысып, жазуға кірісе бергенімізде, тұрғындар хабарласып, «Egemen Qazaqstan» редакциясына ризашылықтарын білдірді. Айтуларына қарағанда, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары қабылдап, кәрізді қалпына келтіруге күш салатынын айтыпты. Көп уақыт өтпей жөндеу жұмыстары басталып кеткен.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы