Қоғам • 20 Қыркүйек, 2023

Этносаясат тәжірибесі

202 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада «Этносаралық қатынас­тар саласындағы мемлекеттік сая­сат­тың жай-күйі мен перспек­тивалары» атты респуб­ликалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының ұйым­дастырумен өткен іс-шараның басты мақсаты – ғылыми-сарапта­малық ортаны ұлт бірлігін одан әрі нығайту бағытындағы ұсыныстар әзірлеуге, трендтерді талқылауға тарту.

Этносаясат тәжірибесі

Жиында қазіргі жаһандану заманын­дағы мультикультурализм саясаты са­ла­сында тиісті зерделеу жүргізу қа­жет­тілігі туындап отырғаны айтылды. Әсіресе тіл, мәдениет, менталитет мәселелері төңірегінде қоғамдық пікірталастардың күшейген тұсында ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың терең зерттеулері қажет. Осы ретте ұйымдастырылған бұл басқосуда ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова, Мәде­ниет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Парламент Сенатының депутаты Евгений Больгерт, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжанова, «Астана» халықаралық ғылым кешенінің Қытай және Азия зерттеулер орталығының басшысы Светлана Кожирова ұлттық сананы қалыптастырудағы мемлекеттің рөлін, интернет кеңістіктегі «өшпенділік тілін» реттеу тәсілдерін жіті талқылады.

Сондай-ақ конференцияның шетелдік қонақтары Ханкук шет тілдер университеті жанындағы Орталық Азия институтының зерттеушісі Чу Ён Мин (Корея), Халықаралық Түркі академиясының қызметкері Әбілфаз Сүлейманлы (Түркия), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Ван Лулу (ҚХР) өз елдерінің этносаралық қатынастарды нығайтудағы тәжірибесімен бөлісті.

– «Бір белдеу – бір жол» принципіне негізделген бастама 151 ел мен 32 халықаралық ұйымды біріктірді. Бұл – шамамен әлем халқының 63 пайызы. Өзара ықпалдастық – халықаралық ынтымақтастықтың сапалы көрінісі. Қытай сол торапта орналасқан елдермен мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастық туралы 108 екіжақты құжатқа қол қойды. Соның негізінде бірқатар механизм құрылды. Жібек жолы театрларының, мұражайларының, өнер фестивалінің, кітапханалары мен көркем галереяларының халықаралық альянсы біртіндеп құрылып, жетілдірілді. Оған 88 ел мен аймақтан 319 шетелдік мәдени мекеме кірді, – деді Ван Лулу.

Технологияның қарқынды дамуы да этносаралық саясатқа өзіндік ықпалын тигізіп келеді. Мәселен бұл жетістік – тіл үйренемін деген өзге ұлт өкілдеріне таптырмас мүмкіндік. Осы орайда Анар Фазылжанова «Қазақ тілінің Ұлттық корпусы» интернет құралымен таныстырды. Бағдарламада мақал-мәтелдер мен қызықты материалдар, сөздердің баламалары бейнежазбаның сүйемелдеуімен ұсынылған.

Отандық және шетелдік сарапшылар­ды алаңдатқан тағы бір мәселе – интернет кеңістіктегі «өшпенділік тілі» үдеген тұста ақпараттық ортада этика мен жауапкершілік мәселесі. Өйткені «Еуропалық көршілестік кеңесі» талдау орталығының (ENC) биыл Орталық Азия елдерінде жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, отандастарымыздың 53 пайызы жаңалықтардың негізгі көзі ретінде әлеуметтік желілер мен телеарналарға көбірек жүгінеді екен. Ал азаматтардың 76%-ы еліміз туралы жаңалықтарға көбірек қызығушылық танытса, Орталық Азияның басқа мемлекеттері туралы жаңалықтарды отандастарымыздың 10% ғана қарайды. Бұған қоса ел тұрғындарының 60 пайызы – Instagram, 50 – You Tube, 30 – TikTok, 20 пайызы Facebook пен «Одноклассники» әлеуметтік желісін пайдаланады. Демек БАҚ немесе әлеуметтік желілер арқылы түрлі ақпаратты тұтыну кезінде қоғамның бір бөлігі арандатушылыққа, түрлі фейк ақпараттардың белең алуына түрткі болуы мүмкін.

Отырысқа Zoom платформасы арқылы 150-ге жуық адам қатысты. Сарапшылар жиын қорытындысында мемлекеттік саясатта табысты этносаясатты қалыптастыру мен қоғамды интеграциялаудың маңызды аспектілерін көрсететін қарар қабылдады.