Инвестиция • 21 Қыркүйек, 2023

Әлемде тікелей инвестиция ағыны баяулады

169 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ал біздің елімізде бұған деген өсім жоғары көрінеді. Сарапшылар өсімнің артуы инвесторлардың мұнай өндіру мен саудаға салынған қаржысына байланысты екенін айтып отыр. Сонымен тікелей шетелдік инвестицияның жаһандық көлемі өткен жылы 12,4% төмендеген. Былтыр инвесторлар әртүрлі елдердің даму жобаларына шамамен 1,3 трлн доллар аударғанымен, бұл алдыңғы жылғыдан 183 млрд долларға азайыпты. Бұл жөнінде БҰҰ сауда және даму конференциясында (UNCTAD) жарияланғаны бар.

Әлемде тікелей инвестиция ағыны баяулады

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Салынған қаржының салмағы

UNCTAD-тың әлемдік шетелдік ин­вес­тициялар туралы есебінде ТШИ-дың қысқаруы, әсіресе дамыған елдерде 36,7% азайған. Солтүстік Америкада – 25,4%. Капитал салымдары көлемінің үшт­ен екісі Қазақстан кіретін дамушы мем­лекеттерге тиесілі болған. Аталған елдер тобы халықаралық инвесторлардан 916 млрд доллар тартып үл­гер­ген. (2021 жылдағыдан 4%-ға артық).

Дамушы елдер үшін 4% – бұл орташа көрсеткіш. Дегенмен кейбір елдерде шетелдік инвестиция айтарлықтай қысқарған. Біздің елімізде керісінше, тікелей шетелдік инвестицияның таза ағыны өткен жылы 83,1% өсіп, 6,1 млрд долларға жетіпті. Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда бұл ең үлкен көрсеткіш көрінеді.

 Ұлттық банктің мәліметіне қараған­да, қаңтар-наурыз айлары аралы­ғын­да еліміз шетелдік инвесторлардан 2,5 млрд доллар алған, көр­сет­кіш былтырғы сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ған­да 44%-ға артық.

Бас банк неғұрлым кеңейтілген ТШИ жалпы ағынын жариялады. Оған жеке ка­питалдың негізгі құралдары – рези­денттік емес акционерлік капитал мен жылжымайтын мүлікті сатып алу және қарыз құралдары мен қайта инвес­тицияланған кірістер енген. Өткен жылы көрсеткіш 17,7%, ал биыл бірінші тоқсанда 10% өсіпті. 2022 жылы ел экономикасына ТШИ жалпы ағынының көлемі 28 млрд доллар, 2023 жылдың бірінші тоқсанында 7,6 млрд долларды құраған.

Өсім негізінен еліміздің мұнай өнді­ру, сауда және қаржы секторына халық­аралық компаниялардың қосымша инвестициялары есебінен тіркелген. Бұл салалар 58,4% үлеске ие және олардың әрқайсысы 2022 жылы айтарлықтай өсім көрсеткен. Шикізат секторы, сау­да және қаржы шетелдік инвесторлар үшін тиімді болса, бірақ бізде ТШИ жалпы ағыны қосымша 10%-ын өңдеу өнеркәсібіндегі (22,3% өскен) және көтерме саудадағы (24,2% өскен) салымдардың өсуі есебінен алған. Мұнай өндіру, керісінше, теріс нәтиже көрсетіп, өткен жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында 4,7%-ға азайған.

UNCTAD әлемдік есебінде сарапшылар дамушы елдерде тұрақты даму мақ­сат­тары үшін шетелдік инвестиция­ның тапшылығы бар екеніне назар аударады. Осы мақсаттардың бірі – «жасыл» энергетиканы дамыту. Сарапшылардың есебінше, жыл сайын экономикасы дамушы мемлекеттерге шамамен 1,7 трлн доллар көлемінде жел, күн және су электр стансалары мен басқа да өндіріске инвестиция салынуы керек. Былтыр бұл сома жеткіліксіз болған. Бар болғаны 544 млрд долларды құрапты. Еліміздегі электрмен жаб­дық­тау саласына шетелдік инвестиция – 698,3 млн доллар, дегенмен олардың ТШИ жалпы көлеміндегі үлесі өте аз, бар болғаны – 2,5%.

 Жыл басында шетелдік инвестиция құйылған негізгі өңірлер Атырау облысы мен Алматы қаласы болды. Олардың ТШИ жалпы көлеміндегі үлесі тиісінше 31,1% және 30,1% құрады. Елдің батыс бөлігінде инвесторлар негізінен мұнай өндіру саласына, Оңтүстік Астанада сау­да мен қаржы секторына инвестиция салған.

 

Инвестиция құйған елдер 

Тікелей шетелдік инвестицияның көп бөлігі бізге Еуропа мен АҚШ-тан келеді. Биыл бірінші тоқсандағы инвес­тиция құрылымына сүйенсек, еліміз үшін инвестициялардың бас «экспорттаушысы» – Нидерланд (үлесі 20,5%). Екінші орында 19% көрсеткішпен АҚШ тұр. Көшбасшылар үштігіне Швейцария да енген. Елімізге инвестицияланған әрбір оныншы доллар осы елден екен.

Бізге капитал түсетін 10 мемлекетке республиканың ірі сауда әріптестіктеріне Ресей мен Қытай да кіріп отыр. Егер 2022 жылы Украинамен қақтығыс және жалпы экономикалық құлдырау аясында Ресей елімізге ТШИ-ды 19,7% қысқартса, онда биыл бірінші тоқсанда үрдіс өзгеріпті. 2023 жылдың алғашқы үш айында ресейлік кәсіпкерлер біздің экономикаға 653,1 млн доллар құйған, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30,4% көп.

 

Инвесторлардың шекесі шылқи ма?

Өткен жылы инвесторлар үшін та­бысты жыл болды. Олардың табысы 11,4% өскен көрінеді. Бас банктің есе­бін­ше, осы кезеңде барлық елден ин­вес­торлардың жалпы табысы 24,5 млрд  долларды құрапты.

Көбірек инвестиция салсаң, көбірек табыс аласың, деген ұстаныммен инвес­ти­циялардың кіріс деңгейі бойынша ал­ғашқы орында Нидерланд пен АҚШ тұр. Батыс Еуропа елінен келген кәсіп­кер­лердің табысы 2022 жылы 8,8 млрд долларды құрады, бұл ретте ТШИ-дың жалпы ағыны 8,3 млрд доллар болды. Бұл жердегі айта кетерлік жайт, инвестордың табысы тек дивидендтер мен қарыз құралдары бойынша сыйақыларды ғана емес, сонымен бірге қайта инвестицияланған сомаларды да қамтып отыр. Яғни ақшаның бір бөлігі қайтадан отандық компаниялардың айналымына қайтарылады деген сөз.