Кеншілер қаласының астанасында тағдырын жеті қат жер астымен байланыстырған осындай әулет жетіп артылады. Атасының жолын жалғаған бала, ағасының ізінен ерген іні. Осылай еңбек жолы сабақтаса береді. Біздің өңірде мұндай үрдіс дәстүрге айналған. Солардың қатарында Нұрбековтер әулеті аса құрметпен аталады. Еңбек жолдары екі ғасырды жалғап отыр. Арғы аталарынан бастап қазір немерелеріне дейін тау-кен өндірісі саласында.
Абай қаласындағы ардагер кенші Алпысбай Тұрсынұлы бар өмірін көмір өндіруге арнаған. Алғашқыда механизатор мамандығын алған ол әкесінің жолын қуып, шаруашылыққа қарай бет бұрады. Трактор, комбайн тізгіндейді. Қазіргі Үштөбе ауылында. Кейіннен кенші болуды ұйғарады. 1965 жылы алғаш шахтаға түседі. Шахта басшылығы әуелі жігерлі жасты алты ай электрослесарь мамандығына оқытып алады. Содан бері Абай қаласындағы №6 учаске шахтасында табан аудармай отыз жыл еңбек етеді. Сол жерден құрметке бөленіп, зейнетке шығады.
Алпысбай ақсақалдың әкесі ғана агросалада еңбек еткенімен, әкесінің бауырларының барлығы Қарағанды шахтасында жұмыс істеген. Оны қадірлі ақсақал былай есіне алады.
– Әкемнің Тұрабай, Қаппар, Баттал есімді үш бауыры шахтада өмір бойы еңбек етті. Шамамен 35 жылдай. Ол кезде зейнетке 50 жастан шығатын еді ғой. Үшеуі де бір жерде. Сонау сәттегі бейнетті сөзбен жеткізе алмаймыз. Бала кезімізде көзбен көрдік. Менің жолымды кейін балаларым жалғады, – дейді Алпысбай ақсақал.
Алпысбай ақсақалдың Қуаныш, Жақсылық, Жақан есімді ұлдары да әкелерімен бірге Абай шахтасында еңбек етті. Шахта жабылғанша. Бала кездерінен кенші болуды армандапты.
– Балаларым ізімді жалғағысы келді ме, жер астындағы жұмыс қызықтырды ма, әйтеуір үшеуі де мен жұмыс істеген шахтаға жұмысқа тұрды. Арасында әскеріне де барып келді. Южный ауылында тұрдық. 3-4 шақырымдық жұмысқа жаяу барамыз. Келіншегім мен қызым амандығымызды тілеп, тосып отырады. Сөйтіп жүріп зейнетке шықтым. Балаларым шахта жабылғанша еңбек етті. 10 жылдан аса. Кейін Абайға орнығып қалған соң шахтадағы жұмыстарын әрмен қарай жалғамады. Бағыттарын басқа салаға бұрды, – дейді ақсақал.
Қазір атасының жолын қайта жаңғыртқан Ораз есімді немересі бар. Оның да еңбек өтілі он жылға толыпты. Абай шахтасында проходшылар бригадирі. Мақтаулы маман арғы аталарынан келе жатқан еңбек жолын жалғағанын абырой санайды.
– Атамның үлкен үш ағасы, одан кейін үш ұлы шахтер болған мен үшін бұл ізді жалғау абырой десек те болады. Жер астында жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдан асыпты. Осы жерде жүріп отау құрдық. Үй алдық. Үш кішкентайымыз бар. Үйден шыққан сайын жанымызды шүберекке түйіп шығамыз. Барлығы еңбектің арқасы. Кеншілер әулеті екенімізді есіме алсам, бойыма үлкен күш бітеді. Әкем де шахтада 10 жылдан аса уақыт істеді. Атам: «Атаңның, әкеңнің жолын қусаң, жаман болмайсың. Кеншінің әр күні берекелі. Батылдық басты орында. Жер астына түсу үшін екінші тыныс керек. Сондай болсаң, еліңнің экономикасына пайдаң тиеді», деп бала кезімде жиі айтатын, – дейді Ораз.
Атаның ақылын тыңдаған Ораз – қазір ұжымына сыйлы һәм беделді кеншілердің бірі. Әкелерінің еңбек жолын абыроймен жалғаған Алпысбай ақсақалдың тау-кен саласындағы төккен тері ескеріліп, Еңбек Ері төсбелгісімен марапатталған. Мұның сыртында басқа да қаншама мадақтама, алғысхат жетіп артылады. Бәрі де адал еңбегінің арқасы.
Жүрегінде Құдайы бар ақсақалымыз қуатты. Үш ұл, бір қыздан 10 немере, 11 шөбере бар. Қазір еңбектің зейнетін көріп, бала-шағасының шаттығына кенеліп отыр. Қадірлі кеншінің «Енді осы еңбек жолымызды шөберемізден біреу жалғаса», деген ізгі тілеуі бар.
Қарағанды облысы