Бұл роман – көптің көңілінде жүрген тақырыпты қозғаған, оқыған кісіні бейтарап қалдырмайтын еңбек. Осы жерде кітап авторы туралы бір ауыз сөз қыстыра кеткенді жөн көрдім. Иманғазы Нұрахметұлы жап-жас бала кезінде менің қолыма келді, аспирантурада оқыды. «Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесі» деген тақырып бердім. 2005 жылы сол тақырыппен кандидаттық диссертация қорғады. Біздің әдебиетіміздің көне тарихы туралы бұрын айтылмай келген өте күрделі мәселелерді қозғап, Түркі халықтарының көне әдебиеті сақтар дәуірінен бастау алатынын тарихи деректермен дәлелдеп, сол заманнан бүгінге дейінгі үзілмей келе жатқан арнасын ашып беріп, әдебиеттану ғылымына аз да болса олжа салғаны бар. Жанкешті еңбек адамы екенін сонда байқаған едім. Арада 25 жылдай уақыт өткенде «От пен су» романын беріп отыр.
Мөде хан – түркі халықтарының тарихындағы ең ұлы қолбасшы, саяси қайраткер ретінде теңдесі жоқ, қайталанбас тұлға. Шығыста Тынық мұхит жағалауына, батыста Каспий теңізіне, солтүстікте Байқал көліне, Енесей бойына оңтүстікте Қытай қорғанына, батыс-оңтүстікте Үндістанға дейінгі ұлан-байтақ даланы мекендеген көшпелілерді бір ту астында жинап, қуатты мемлекет құрып, тұтас Азия құрлығына әмірі жүрген патша. Ол кезде Қытай патшалары ғұндарға салық төлеп тұрғанын тарихтан білеміз. Арғы-бергі тарихымызда Мөдедей ықпалды билеуші болған емес. Алайда оның өмірі мен саяси күрестері толық зерттелген жоқ. Бұл тақырыпқа қалам тартушылардың аз болуы – заңды құбылыс. Себебі бұған үлкен дайындық және уақыт керек еді. Әсіресе тақырыптың күрделілігі мен деректердің аздығы зерттеушілерге қолбайлау болып келгені анық. Азды-көпті жазылған ғылыми, публицистикалық еңбектер болса белгілі бір деректерді қайталаудан аспады. Ал Мөденің образын сомдаған көркем шығармаға келсек, Түрік жазушысы Ahmet Haldun Terzіoğlu-ның «Mete han» атты романынан басқа түркі халықтары әдебиетінде кісі тұшынып оқырлық шығарма жазылған жоқ. Ол романда да деректер толық қамтылмаған. «От пен су» осы бір олқылықтың орнын толтырып тұрғандай.
Біріншіден, романда тарихи деректер барынша мол қамтылған және шығармашылық тұрғыдан игерілген. Соның арқасында ескі деректер тарихи шындықты тірілтуге қызмет еткен, яғни деректерді бүгінгі тілмен сөйлетіп, 2000 жылдың алдындағы халықтың өмірін оқырманның көз алдына әкеліп отыр.
Екіншіден, көне этнография мен салт-дәстүрлерді кейіпкерлер өміріне сіңіріп берген. Әдетте этнографиялық деректер мен салт-дәстүрлер – ғылыми тұрғыдан қанша жақсы баяндалса да, оқырман санасына қона қоймайтын шетін мәселе. Романнан ескі этнография мен салт-дәстүрлерді ғұндардың қалай орындағанын көзіңізбен көргендей боласыз. Тіл қолданысы жатық, оқиғаларды баяндауы мен суреттеулері аса қызықты. Автордың ауылда өсіп, көшпелі өмірді көзімен көргендігі көшпелілердің болмысын ашуда, өмірін суреттеуде көп пайдасын тигізген. Кейіпкерлердің сөйлеуі, ойлауы, өзара қарым-қатынасы шығарма тақырыбына және көне заманға сай, кітапты оқығанда көз алдыңызда ғұндар заманының көрінісі картина болып өтіп жатқандай әсер аласыз.
Үшіншіден, романда тарихи оқиғалар мен этнографиялық деректерден басқа ескі аңыздар мен тәңірлік сенімдерге де көп орын беріледі. Мысалы, Ғұн атасының садағы туралы, Қыдыр ата туралы, Тәңір тауының пайда болуы туралы, Сұмырай құс туралы ел есінен ұмыт болған ескі аңыздарды жаңғырта отырып, астарлы көп ойдың ұшығын ұстататыны бар.
Бұдан басқа автордың өзіндік бір ерекше қолтаңбасын диалог, монологтерінен байқаймыз. Диалогтерге барынша мән берген, ел иесі ақылды адамдарда көп сөзділік жоқ, өз ұстанымдарын ойлы, астарлы қысқа сөйлемдермен жеткізеді. Ел билеген үлкен адамдардың сөз сөйлеу машығы мен өзін-өзі ұстауын жақсы көрсете алған. Кейіпкерлердің аузынан қысқа-қысқа ой тұжырымдар беріп отыратыны бар. «Бұдұн ұстайтын кісі естігенінің бәріне жауап бермейді, өзі жауап бергісі келгеніне ғана жауап береді» немесе «жүрекке қан қатқан соң кек қуған ерлік емес, сол қанды қатырмаған ерлік» деген сияқты мәңгілік мәнін жоғалтпайтын тұжырымдардың төркінінде оқырманға ой салар астарлы терең мән жатыр. Осындай үлкен фәлсафалық толғамды тұжырымдары мақал-мәтел секілді жүрекке қона кетеді.
Сюжет құруда, оқиғаны өрбітуде өзіндік тың ізденістер жасаған. Көне заман адамдарының информация алу тәсілдерін де жақсы беретінін айта кеткен жөн. Ерте заман адамдары соның ішінде көшпелілер көбінде ішкі түйсігіне сүйеніп, онан қалса, түсіне сеніп шешім қабылдайтын болғанын жақсы білеміз. Соған байланысты адамдардың ішкі түйсігі мен түс көру және оны жору қабілеті барынша дамыған ғой. Көшпелілердің осы қасиеті көп шығармаларда ашылмай қалып жататын, «От пен суда» бұған ерешке назар аударылған. Романда авторы оқиғаға сырттан қарап ой жотамен баяндамай, өзі де, оқырманын да кейіпкерлерімен бірге өмір сүргізе білген. Кейіпкерлерінің бойында ізгілік те, пендешілік те жетерлік. Түменнің кіші әйелі Сүмәрәннің зұлымдығын, қаскүнемдігін көріп, ашуланып, тіпті кектенесің, солай бола тұра оның ақылдылығына тәнті боласың. Мөденің (Сұрапылдың) ұстазы Дестінің ерлігіне, адамгершілігіне сүйіне отырып, қатыгездігіне ішің ашиды, бірақ айыптай алмайсың. Тарихи романдарда көп кездесе беретін аранға аң қамау немесе батырдың ерлігін көрсету үшін жыртқышпен алыстыру сияқты жауыр болған эпизодтар жоқ. Бас кейіпкерге бар жақсылықты жинап беретін сыңаржақтылықтан аулақ. Автор кейіпкеріне жақтас, тілеулес болмай, бейтарап күйде қалған. Мөдені заманымен бірге өсіріп, кемелдендіріп келе жатыр.
Қысқасы, «От пен су» романын оқығанда Ғұн заманына барып қайтқандай әсер аласыз. Әр эпизодтың өз міндеті, оқырманға сыйлар әсері, санада жаңғырыс тудырар қуаты бар. Романда оқиға барынша тығыз, бір жерде басталған оқиға аяқ астынан жоғалып, тағы бір жерден бұрқ етіп шығып жатады, бір эпизодты, бір парақты аттатып оқуға көнбейді. Бұл кітап ғұндар өмірін жан-жақты қамтыған. Академик Досмұхамбет Кішібеков «От пен су» романы туралы: «Түркі халықтарының көне тарихын жан-жақты суреттеген энциклопедиялық еңбек», деген екен.
«От пен су» бұған дейін ешбір жазушы қалам тартпаған тарихи тақырыпты қозғауымен де, орасан зор этнографиялық материалдар топтастырылған тарих үшін де, әдебиет үшін де аса құнды еңбек. Ғұндардың мемлекеттік құрылымы, ел басқарудың сол заманға лайық жол-жосықтары, ғұн билеушілері арасындағы саяси күрестер оқырманды ынтықтырып өзіне тартып отырады. Мен «От пен суды» тарихи тақырыпқа жазылған бүгінгі заманның және келешектің романы дер едім. Автор бұл романға үлкен жауапкершілікпен барған және тақырыптың салмағын көтере алған.
Көркем шығарманың мәні жазушының нені жазғанында емес, қалай жазғанында. Десе де тарихи романды көркемдік тұрғыдан ғана бағалау әділеттілік бола бермейтіні белгілі. Иманғазы бұл тақырыптың құпиясын аша білген, жазудың әдісін тапқан.
Ал «От пен су» романының көркемдік деңгейі қандай екенін уақыт көрсетер, бағасын патша көңіл оқырман өзі бере жатар. Қамтылаған тарихи және этнографиялық деректерді айтсақ та, бұл роман – тарихын сыйлайтын, ұлтын сүйетін әрбір түркі баласының төрінде тұруға тиісті еңбек.
Біздікі сүйінші хабарды естіп, авторға ақ жол тілеп, бата беру.
Қаламың мұқалмасын, жазарың таусылмасын. «От пен судың» оқырманы көп болсын.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
профессор, абайтанушы