Ақынның «Күйші» поэмасын оқығанда, оқымаған да арманда. Қазақ күйінің құдіретін сөзбен зарлатқан ондай кесек туынды одан кейін туды ма, жоқ па, біле бермейміз. Шамасы осы заманға Саймақ арқылы жеткен «Сары өзен» күйінің бірнеше нұсқасы бар. Бірде Саймақтың «Сары өзені» делінсе, бірде халық күйі «Сары өзен» аталады. Күйдің бірнеше нұсқасымен қатар, аңызы да баршылық. Бәрі бірін-бірі тектеп, бір-бірінен жан тартып тұрғаны сезіледі. Музыкасы да солай.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дегендей, қалай десек те, «Сары өзен» қазақ даласындағы ең ежелгі әуендердің қатарынан. Олай дейтініміз, біздің жыл санауымыздан бұрын өмір сүрген қытай ғалымы Сыма Цянь еңбектеріне сүйенген біртуар, аяулы ғалымымыз Әлкей Марғұлан солай жазады. Гумилев те әлгіндей көрсетеді деген деректерді оқығанымыз есімізде. Саймақтың «Сары өзені» соғыс күйі екенін бертінде Таласбек Әсемқұлов та жазып кетті. Жоғарыдағы зерттеушілер Сары өзен (Хуан Хе) үшін соғыста ғұндар қытайдан жеңілген дейді. Таласбек болса, «осы біз отырған жерді Қондыгер құба жұрт деген жайлаған. Қондыгер құба жұрт – алаштың арғы атасы екен. Мына шүршіт бізбен сол кезде соғысып жүріпті. Ішкі Қытайда Хуанхы деген өзен бар. Бүкіл Қытай жұрты сол өзеннің жағасында өсіп-өнген. Бірақ заманында Хуанхының екі қапталы, Қондыгердің ақтылы қойы мен көкалалы жылқысы жайлаған жер екен. Хуанхының қондыгерше аты – Сары өзен. Ал Сары өзен бүкіл Қондыгер жұртының анасы екен. Тәңірінің берген сыйын-ай, ақыры Қондыгердің басынан бақ тайып шүршіттен жеңіледі. Қалың ел терістікке, түн түбіне қоныс аударады. Ол жақта Ұрым деген елмен жандасады», дейді «Талтүс» романында.
Саймақтың «Сары өзенін» Тәттімбет орындағанда тыңдаушылардың көз алдына соғыс, соғыстағы азаматтардың мүшкіл халі елестегендей, көздері жасаурап, көңілдері босайды екен деседі. Бұл туралы халық аузында мынадай өлең жолдары қалған:
«Күйші жоқ бұл Арқада Тәттімбеттей,
Төгілткен күй толқынын бір мүдіртпей,
Сарнатып «Сары өзенді» тартқан кезде
Сұлу қыз кете алмапты бір түнетпей», – деген екен.
«Сары өзенді» Тәттімбет Жанақтан үйренгені туралы да айтылады. Тіпті бұл күйдің шығу мерзімін Әлкей Марғұлан нақтылап біздің заманымызға дейінгі 140 жыл деп жазады.
Қазақ даласындағы ең ежелгі мұралардың біріне жататын бұл туынды бірнеше зерттеушілер мен өнертанушылардың еңбегіне арқау болғаны өз алдына, жоғарыда көрсеткеніміздей, қаншама әдеби шығармаларға кіріктірілген. Біз білетін соның екеуі Ілияс Жансүгіровтың «Күйшісі» мен Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы десек, тағы бірі – Мұхтар Мағауиннің «Бала күйші» аңызы. Онда сан тараулы көне күйдің сиқырлы шертісі қапысыз суреттеледі. «Он екі Абақ Керейді билеген сұлтан, үш алашқа әйгілі күйші Сары Нияздың» шерткенін жазушы былай әспеттейді:
«Міне, осы сәтте Сары Нияз өзінің ең қорқынышты қаруын – мыңнан бір домбырашы ғана тарта алатын, бірақ ешбір жан иесі Сары Ниязша толқытып шерте алмайтын Саймақтың «Сары өзенінің» тиегін ағытты. Лықси төгілген күй тоғыз қанат ақ орда ішін, төрт тарап, жеті ықылымды тегіс қаптай жапқан еді. Іргеден әлдекімнің қыстыға өксіп қалған үні естілді. Бала даусы. Сары Нияз өзі Саймақ күйін тартқан кезде қызығы мен қуанышы да, азасы мен қазасы да мол, жорыққа, соғысқа толы көне күндер елесі бойын буған ақсақал қарттардың еңіреп, егіле жылайтынын білетін. Бірақ әйел мен баланың жылағанын аңдамаған.
...Көсіле шапқан ат, қаржысқан қылыш, ауаны тіле ұшқан жебе... Арпалыса айқасқан, шарпыса таласқан тоқсан толғаулы асау сезім... Қат-қабат қайғыны жапыра, селдей төңкеріле қаптаған қайратты серпін...»
Бұл күйді Сары Нияздан үйренген атақты күйші Байжігіт бала күнінде осылай тартқан деседі. «Сары өзен» болып толқыған сарын үзілмесін.