Өнер • 27 Қыркүйек, 2023

«Сильфида» балеті қойылады

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде балет өнері жылдан-жылға өркен жайып, жаңаша көрініс тауып келеді. Көрер­менге ізгілік пен махаббат нәрін сыйлайтын асқақ өнердің маңызы бөлек.

«Сильфида» балеті қойылады

«Астана Операда» 29-30 қыркүйекте және бірінші, үшінші қазанда Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің премьерасы өтеді.

Арман мен шындықтың, ақиқат пен қиял­дағы өмір­дің шарпысуы туралы қойылымның көрер­менге берері мол.

– Герман Левенскольдтың «Силь­фида» балетінің премьерасы еліміздің бас сахна­сында болғалы жатыр. «Сильфида» балетімен бірге романтизм дәуірі келді. Бірінші премьерасы 1832 жылы Париждегі Гранд-Опера театрында болды. Даниялық балетмейстер А.Бурнонвильдің арқасында осынау аңызға айналған балет біздің заманымызға жетті. Балет толығымен Бурнонвильдің стилінен, Шотландияның мәдениетінен тұрады. Өз жағымыздан осы стиль мен мәдениетті көрсетуге қызу жұмыс жүріп жатыр, – деді «Астана Опера» солисі Серік Нақысбеков.

«Астана Опера» театрының солисі Шұғыла Әдеп­хан басты партияны орындаудағы «Сильфида» бале­тінің ерекшелігін атап өтті.

– Бұл балетте тіпті секірудің өзі басқа балеттер­дегі секірулерге ұқсамайды. Онда қозғалыс поэтикасы, әлдебір салмақсыздық көрініс табуы қажет. Сонда көрермен сенің ғажайыптан туған тіршілік иесі екеніңді түсінеді. Мен үшін балеттің драматургиясын түсіну, өзімді басқа рөлде байқап көру, жан-жақты ашылу өте маңызды болды. Ішкі жан дүниеме қызықты саяхат жасағандаймын, – деді ол.