Медицина • 28 Қыркүйек, 2023

Әйел денсаулығы: зейін мен зерттеу

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әйелдердің ғана емес, жалпы адам баласының денсаулығын бақытынан, әлеуметтік жағдайы мен көңіл күйінен бөлек қарастыру мүмкін емес десек те, күнделікті күйбең тірлікте, әсіресе қыз-келіншектер өзін-өзі күтуге мұршасы жетпей жатады.

Әйел денсаулығы: зейін мен зерттеу

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Әйел денсаулығы KZ» деген жоба қолға алынып, #4women_RG әйелдер апталығы бала табатын жастағылар өздерін күтуге қаншалықты дағдыланған деген тұрғыда сауалдама жүргізген еді. Содан бері не өзгерді дейтін болсақ, биыл екінші рет рет «Äielder dauysy-2023» зерттеуінің нәтижелері белгілі болып отыр.

Жаңа мәліметтер бұрынғы деректермен салыстырғанда аздап болса да көңіл көншітеді. Атап айтсақ, арнаулы мамандарға сирек баратын немесе мүлде бармайтын әйелдердің қатары 6%-ға азайған. Сауалдамаға қатысқандардың 47%-ы контрацепция әдістері туралы білу үшін дәрігерлерге жүгінсе, бір жылдағы көрсеткіш 1%-ға өскен.

Өкінішке қарай, әлі де әйелдердің 72%-ы өзіне өзі емші, бұл – қыз-келіншек­теріміздің денсаулығында кінәраты болса да, дәрігерге қаралуды кейінге ысыра береді деген сөз. Кейбір дерттердің ас­қынуы жақсылыққа апармайтынын жақ­­сы білсек те, көбімізге кесел жаны­мыз­ға әбден батқанша жүре беру әдетке айналған.

Аталған жоба бала табатын жастағы әйел адамдарға арналғандықтан, балалы болуды жоспарлау, қажетсіз жүктіліктен қорғану, түсік жасатудың салдары сынды мәселелерден айналып өту мүмкін емес. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда контрацепция әдістерін қолданбайтын әйелдер саны 2%-ға азайды. Шұғыл контрацепция әдісі туралы хабардарлық алғашқы зерттеулерге қарағанда 12%-ға өскен, бұл – айтарлықтай көрсеткіш.

Жоғарыдағы жобаға байланысты өткен баспасөз жиынында «Жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі қазақстандық қауымдастық» (КМПА) директоры, Контрацепция жөніндегі еуропалық қоғамның басқарма мүшесі Галина Гребенникова: «Әйелдердің репродуктивті саулығын сақтау мәселеле­рінде қатысты барлық жұмыс баяу жүріп жатқанымен, сенімді нәтижелерге жеткізіп отыр. Біз байқап отырған оң өзгерістер қуантатыны сөзсіз. Сана-сезім деңгейі артып, жүктіліктің сақтану мәдениеті жақсарып келеді», дейді.

Кейінгі зерттеулерге сәйкес жас әйел­дер контрацепцияның жаңа тиімді әдістеріне қызығушылық танытатын көрінеді. Дегенмен рансдермальды контрацепция мысалындағы статистика әйел­дердің тек 10%-ы осы әдіс туралы білетінін көрсетіп отыр. Респонденттердің 24%-ы болашақта жүктілікті болдырмайтын жапсырмаларды қолданудан қашпайтынын білдірген. Бұл әдіске 18-29 жас аралығындағылар көбірек қызығушылық танытқан.

«Қазіргі заманда жүктіліктен сақтану әдістерінің көптігінің артықшылықтары басым екені даусыз. Егер әйел түрлі себептермен таблетка қабылдағысы келмесе немесе қабылдай алмаса, оның орнын трансдермальды контрацепция алмастыра алады. Бұл – қажетсіз жүктіліктен сақтанудың ыңғайлы әрі тиімді әдісі. Әрбір әйелдің ағзасы әртүрлі және контрацепция әдісін таңдау денсаулығы мен медициналық көрсеткіштерінің сәйкес келуі керектігін білу аса маңызды», дейді акушер-гинеколог Г.Гребенникова.

Егер балалы әйелдерге гормоналды дәрі-дәрмектер қабылдай жүріп, емі­зуге бола ма деген сауалға келсек, сауал­да­ма­­­ға қатысқан барлық әйелдің 53%-ы бала емізіп жүрген кезінде гормоналды контра­цеп­ция туралы ешқашан естімеген. Бұл әдіс туралы естігендердің 71%-ы бала­ларын емізіп жүрсе, тек 11%-ы ғана оны қа­­был­­даған. Бұл статисти­ка әйелдердің контра­цепцияның қолжетімді әдістері туралы біле түскенін және қандай жағдайда болсын олардың денсаулығына қамқор­лық жасауды арттыру қажет екенін аңғартады.

Репродуктолог, жоғары санатты акушер-гинеколог Шолпан Кәрібаева: «Бала емізетіндерге арналған гормоналды контрацепция нәрестенің анасы үшін қауіпсіз. Бір жағынан келесі баланы көтеру үшін ағзаның толық қалпына келгенін және сәбиінің аяққа тұрғанын күткен жөн. Жүктіліктен сақтанудың заманауи әдістері туралы білмеу әйелдерді таңдау және болашаққа жоспар құру мүмкіндігінен айырады», дейді.

Сонымен, «Äielder dauysy-2023» зерттеуі әйелдердің өз денсаулығы мен отбасын жоспарлау мәселелеріне деген көзқарасының өскенін көрсетіп отыр. «Қазақстанның әйелдер денсаулығы» әлеуметтік жобасы отандастарымыздың өз денсаулығын күту мәдениетін қалыптас­тыруға табысты ықпал етеді. Тақырыпқа арқау болып отырған мәселе қарапайым болып көрінгенімен, ұлт денсаулығының барометрі – әйелдің саулығы. Бірақ бұл сөздердің мағынасына терең бойлай бермейтініміз өкінішті. Сондықтан түсік жасату сияқты әйелдерге тән әртүрлі кеселдердің көрсеткіші әлі де жоғары.

Қысқасы, жыл сайын профилактикалық тексеруден өтетін қыз-келіншектер саны 50%-дан төмен. Өзін-өзі емдеуді жалғастырып жүргендердің 72%-ы да жүре келе айықпайтын кеселдерге душар болуы ғажап емес.

Әйелдеріміз әбден жүре алмай қалған­ша неге дәрігерге бармайды деген сұрақ­тың негізгі себептері мынада: денсаулығы мазаламаса, дәрігерге бару қажет деп таппау, медициналық сараптамалардың қымбаттығы, уақыт жетіспеушілігі.

Өкінішке қарай, сауалдамаға қатысқан­дардың тек 22%-ы ғана гинекологтердің ұсыныстарына құлақ асып, әр 6 ай сайын профилактикалық тексеруден өтеді.

Сонымен, «Әйелдер денсаулығы» апта­лы­ғы аясында 18-45 жас аралығындағы қыз-келіншектер ұлттық сауалдамаға қатысып, 54%-ы гинекологке бармайтыны, тіпті сирек баратыны анықталып отыр. Бұл алғашқы сауалдама нәтижелерінен 9%-ы дұрыс десек те, жағдайды әлі де болса оңалта түсуге тура келмек.

 

АЛМАТЫ