Осы мәселеге орай Pampers Қазақстандағы Қызыл жарты аймен бірлесе отырып, мерзімінен ерте туған сәбилерді қолдау мақсатында «Ең кішкентайларға үлкен қамқорлық!» қайырымдылық бағдарламасын іске қосты. Осы бастаманың арқасында шала туған сәбилерге арналған арнайы жөргектер Қазақстанның алты ірі перинаталдық орталықтары мен балалар ауруханаларына тегін беріледі, сондай-ақ осы памперстерді сатудан түскен қаражат шала туған балаларды оңалтуға аударылады.
Зерттеулерге сәйкес, жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия бөлімшелеріндегі медбикелердің 99%-ы әдеттегі жөргектер дене салмағы өте төмен сәбилерге жарамайтындығын айтады. Бұл нәрестелердің терісі өте сезімтал болғандықтан, осы сәбилерге арналған жөргектердің өлшемімен бірге ылғалды сыртқа ағызбай, лезде сіңіріп алатын материалдың өте жұқа әрі барынша жұмсақ болуы өте маңызды.
Салмағы 800 грамнан да аз, үш өлшемдегі шақалақтарға осындай жөргектерді жасау үшін Pampers Preemie Protection біраз жұмыс атқарған. Титтей жөргектер талай зерттеулер мен қарқынды терапия бөлімшесінің педиатрлары, медбикелерімен тығыз байланыста жұмыс істеудің нәтижесі пайда болған.
«Шала туылған нәрестелер үшін анасының құрсағынан тыс өмірге бейімделу мерзімі ұзағырақ әрі қиын болғандықтан, олар үшін өмірдің алғашқы апталарында ерекше күтім жасау керек. Бізде осы бағдарламаның арқасында айы-күні жетпей туылған балаларға көбірек көңіл бөлуге және қамқорлық жасауға мүмкіндік пайда болғанына өте ризамыз», дейді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының неонатологиядағы медициналық қызметтер сапасын бақылау бөлімінің басшысы Ләззат Оңалбаева.
Осы қиын кезеңде ата-аналарға да қолдау көрсету маңызды. Мұндай жағдайды өткерген басқа ата-аналардың тәжірибесі, сәтімен оңалған сәбилердің оқиғасы – тиісті қамқорлық танытуда әке-шешелерге дем береді.
Осы орайда шала туылған нәрестелердің ата-аналарына қолдау көрсету үшін алты баланың анасы, танымал іскер ханым әрі қоғам қайраткері Виктория Момынбаева өз тәжірибесімен бөлісе келе: «Аяғым ауыр болған кездер – мен үшін саябыр табатын уақыт. Бұл кезде мен асықпай, тынышталып, көп жатамын. Бұл режим маған өте қажет. Алты бала тапсам, жүктілігімнің барлығы дерлік өте қиын болды, оларды сақтау үшін талай рет ауруханада жатуға тура келді. Үшінші ұлым мерзімінен бұрын туылып, жиырма күн бойы перзентханада жатты. Сүтімді сауып, дәрігерлер оны баланың асқазанына грамдап енгізген болатын. Бұл біздің отбасымыз үшін өте қиын кезең еді. Әсіресе шала туған сәбилерге ата-аналардың одан да көп күтімі мен назары қажет. Мен осы қайырымдылық бағдарламасына қосылғаныма қуаныштымын. Бұл қолдау балаларға өте қажет», дейді.