Әдебиет • 03 Қазан, 2023

Адалдық пен парасат суреткері

402 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Туған әдебиетіміздің көркемдік көкжиегін кеңейткен, ұлт руханиятының дамуына сүбелі үлес қосып, тақырыптық ауқымын жаңа өрістерге алып шыққан көркемсөз өнерінің айтулы тұлғасы Кемел Тоқаевтың ғасырлық мерейтойы­на орай Алматыдағы Достық үйінде өткен «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ел көлемінде ұйымдастырылған игілікті шаралардың шырқау тұсы болды.

Адалдық пен парасат суреткері

Суретті түсірген – Азамат ӘМІРХАН

Қаламгердің өнегелі шығармашы­лық жолын өзінен кейінгі ізбасар буынға жар­қын үлгі ретінде таныстырып алқалы жиын­ды ашқан Қазақстан Жазушылар ода­ғының басқарма төрағасы Мереке Құл­кенов қиын тағдыр кешсе де, өзі өмір сүрген уақыттың күретамырына дәл бой­лаған туындыларының сырына тоқ­талды.

Алғы сөз тізгінін алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ауқымды басқосудың мақсатын ай­қындап, конференция жұмысына қаты­суға келген шетелдік меймандарға ал­­ғы­сын білдірді. «Қазақ халқының ғасыр­­лар қойнауынан жеткен рухани-мәдени мұрасы өте бай екені белгілі. Елі­міздің әдебиет, өнер, көркем жәді­герлері ұрпақтан-ұр­­паққа дәл осылай дәріптеу арқылы же­тіп отыр. Осы ретте мәдени-рухани сабақтас­тық­ты сақтау мақсатында ардақ­ты тұлға­ла­рымызды танытуға мемлекет тарапынан да көптеген игі жұмыстың жасалып жатқанын айтқым келеді», деді Аида Ғалымқызы.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі көрнекті жазушының ғасыр­лық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференция қатысушыларына арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Соғыс алапатын көрген, арпалыс­ты, қайшылықты ХХ ғасырдың та­ри­хи шындығын шынайы білгісі келе­тін оқырманға Кемел Тоқаев туын­ды­ла­рының құндылығы өте жоғары. Аштық­тың ауыр азабын бастан өткеріп, кешегі сұрапыл соғыста етігімен қан кешіп, тағ­дыр­дың сынақтарын қайсар­лығымен жеңіп, қаламының қуатымен қатарға қосыл­ған Кемел Тоқаевтың тағы­лымға толы өмір дерегімен конференцияда сөз алған әр зиялы жете таныс екенін аңғарт­ты. Әсіресе қырғыз бен қазақ қай кезде де бір-біріне жанашыр, бауыр, тілектес. Бұл бауырластық ғасырдан жеткен, сын­нан өткен. Осы жайтты баса айтқан халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев сол бір қиын-қыстау кезеңде Бішкек қаласын жағалап келген Тоқаев әулетіне қырғыз елінің пана болғанын айтты. Қиындықпен жүріп шыңдалған қайсар қаламгердің өмірінің соңына дейін туған халқының игілігі үшін қызмет етіп, әлемдік, бү­кіл адамзаттық деңгейде гуманистік, өрке­ниет мәселелерін көтеруден көз жазба­ғанын «ұлы мұрат жолындағы азаматтық іс» деп бағалады.

 

Минхожиддин ХОДЖИМАТОВ, Өзбекстан «Маънавият ва

маърифат» орталығының жетекшісі, жазушы:

– Өзбек пен қазақ халқының достық-қарындастық қарым-қатынас тарихы көне заманға барып тіреледі. Қадым заман­нан бір құдықтан су ішіп, бір өрісті тең жайлаған қоңсы елдердің дәс­түр-салты, тілі, тағдыры да бір-бірі­не ұқсас. Былтыр дәл осы күз мезгі­лін­де Самарқан шаһарында Түркі мем­­лекеттерінің ұйымы саммитінде Өзбек­стан президенті Шавкат Мирзиёев ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттер басшыларына «Түркі әдебиетінің жауһарлары» атты 100 томдық шығармалар жина­ғын шығару туралы ұсыныс тастаған. Мұндай сипаттағы жинақтар ілгері­де Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіре­пов, Қалмақан Әбдіқадыров, Әнуар Әлім­жанов, Олжас Сүлейменов, Мұх­тар Шаханов сияқты қаламгерлер шы­­­ғар­­ма­шылығына арналып, өзбек кітап­ха­на­­ла­р­ының сөресінен орын алған-ды. Өз­бек­­станда қазақ әдебиеті клас­­­сик­терінің шығармаларын аудару ісі бұ­рынғыдан да қарқын алып, ен­ді бұл қатарға қазақ әдебиетінің ірі қа­лам­­гер­лері Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұ­­ма­баев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жұбан Молдаға­лиев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев кітаптары қосылды. Кемел Тоқаевтың «Сырлы із», «Түнде атылған оқ» хикаяттары өзбек тіліне бұрын да тәржімаланған. Бұл туындылар өзбек­стандық шытырман оқиғалы шығарманы сүйетін оқырмандарды қуантқаны сөз­сіз. Сондықтан Кемел Тоқаевтың 100 жыл­дығы қазақ халқына ғана емес, оның шы­ғар­маларын жоғары бағалайтын өзбек оқыр­манына да айтулы мереке болып отыр. Қазақстан мен Өзбекстан Жа­зушылар одағы арасында қамқорлық тұр­ғы­сынан қабылданған меморандумға сәйкес әдеби ынтымақтастық жаңа биік­ке шы­ғып, жақында өзбек елінің бас­па­­сынан Кемел Тоқаевтың 3 томдық шы­ғар­­малар жинағы жарыққа шығып, оқыр­­манға жол тартты. Елең етер жа­ғым­­­ды жаңалықты сүйіншілей отырып, өзбек тілінде жарық көрген осы көптом­дық­­ты Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы Мереке Құлкеновке табыстаймын.

 

Нұрлан ҚАЛЫБЕКОВ,

Қырғыз Республикасы

Жазушылар одағының төрағасы:

– Қазақ әдебиетінің детектив жанры­ның көш басында тұрған Кемел Тоқаев­тың тағдыры, шығармашылығы ұсақ ұлттарды шеңгелінде ұстау саясатын жойқын екпінмен жүргізген кеңес өкі­меті заманымен тұспа-тұс келді. Ол 1930 жылдары ата-анасы, бір туған бауыр­ларымен бұрынғы Фрунзе, бүгінгі Біш­кек қаласына келіп, өмір сүре бас­та­ды. Әке-шешесінен, қапияда қа­рын­­дасынан айырылды. Ағасынан көз жа­зып қалып, бар өмірі бауырын іздеу­мен өтті. Маңдайына осындай қатал тағдыр жазылғанына қарамастан еңсесін түсірмеді, қайратын шыңдады, рухын «рыцарь» етіп тәрбиеледі. Бірде Қазақ­станның Ош қаласындағы консулы, қырғыз әдебиетінің досы Мұхтар Кәрібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Атам тууралуу баян» атты кітабына редактор болуымды өтінді. Редактор ретінде оқып отырып, жазушының осын­шама қияметке толы тағдыры көз алдымнан кино лентасы сияқты өтіп, ауыр сезім арқалап, терең әсер­де қалдым. Ойдан шығарылған, бір-бірінен сюжеттері көшірілген көркем шығармалар әдебиет­те толып жатыр емес пе? Ал фактіге сүйе­ніп, архив мате­риалдарын дұрыс пай­да­ланып көркем шығарма жазу – жазу­шының жауапкершілігі. Демек Кемел Тоқаев – тарихи көркем шығарма тудырған жазушы. Осы ретте Кемел Тоқаевтың жазушы ретінде архивтерде отырып, дерекпен жұмыс істеу өнеріне тәнті болдым. Бүгінгі конфе­рен­ция жұмысын пайдалана отырып, Қазақстан үкіметінің өкілі ретінде қаты­сып отырған Аида Ғалымқызына үш ұсы­нысымды жеткізгім келеді: бірін­ші­ден, Кемел Тоқаевтың таңдамалы шы­ғар­­маларын қырғыз тіліне аударып шыға­ру, екіншіден, К.Тоқаевтың Бішкек шаһа­рында үй-музейін ұйымдастыру және Бішкек қаласындағы көшелердің біріне Кемел Тоқаевтың есімін беру. Осы ұсынысыма екі ел Үкіметі назар аударғанын қалаймын.

 

Дмитрий ШЕСТАКОВ,

Ресей ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, детектив жанрының жазушысы, профессор:

– Кемел Тоқаев шығармашылы­ғы­ның шынайылығы әрі оқырманын сендіре алғаны оның жеке басының тағдырына тікелей байланысты болға­нынан деп бі­ле­мін. Оның зобалаң зама­нға тап келген ашқұрсақ балалық шағы шығармашы­лығына ізін таста­май кеткен жоқ. Содан кейінгі бас сауғалап басқа елге өтіп кет­кені, жиырмаға да жетпей соғысқа атта­нуы, Сталинградты қорғау кезінде ауыр жарақат алуы, кеңес­тік әскермен бірге Украина, Бе­ларусь, Польшаны азат етуге қаты­сып, от пен оқтың өтінде жүр­гені – осы­ның бәрі оның кейінгі шығармашы­лы­­ғы­ның арқауы болды. Қызыл әскер мен генерал Дутов, атаман Анненков отрядтарының арасындағы кескілескен шайқасты суреттеген «Соңғы соққы» романын Кемел Тоқаев соғыста жүріп өз көзімен көріп, жүрекпен сезінген әсерімен жазды деп ойлаймын. Майдан, соғыс, әскери шайқас көріністерін дәл бейнелеуімен бірге, қаламгер таза чекис­тер, барлау­шылар, тәртіп сақшылары, ішкі істер органдары жауынгерлерінің өмірі­не құрылған шығармаларында да сурет­керлік шеберлігін шыңдай түсті. Оның шығармаларының кейіпкерлері – ержү­рек, батыл, әділ. Заңды бұзатын қылмыс­керлермен күресетін құқық қор­ғау орын­дары мен мемлекеттік қауіп­сіз­дік қыз­ме­тінің мамандарын сипат­тағанда да ол осы ұстанымынан айнымайды. Өз кейіп­керлерінің мінезіне тән артық­шы­лық пен кемшілікті ше­бер­лікпен шен­дестіре отырып, қылмыс­керлер бей­­не­­сін жасағанда да шы­найы­лық­тан ауыт­­қымайды. Жағымды кейіп­керін аспан­­датып, жағымсызын жерге тұқырт­пайды. Адам бойында қатар жүретін жақсы-жаман мінезге тек шы­найылық тұрғысынан қарайды.

 

Дулат ИСАБЕКОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы:

– Кемел Тоқаевпен етене жақын болдым деп айта алмаймын. Жазушылар одағындағы жиындарда кездесе қалып, кейде қол алысып амандасып, кейде бас изесіп өте шығатынбыз. Мен Кемекеңмен оның Жоғарғы Кеңестің ведомствосының редакторы болып қызмет істеп жүрген кезінен бастап таныс-біліс бола бастадым. Жоғарғы Кеңестің ғимараты Жазушылар одағы­ның іргесінде болғандықтан, ол кісі әдебиетшілер үйіндегі жиындарға үзбей қатысып жүретін. Жоғарғы Кеңес­тің қызметкері болғандықтан, ол кісіні көрген бетте ентелеп барып аман­даса кетуді ерсі санайтынбыз. Ыңғай­сыз­данамыз.

Біздің «сырттай» таныстығымыз бірте-бірте сыйластыққа айнала бас­тады. Кемел ағамен жақынырақ танысып, ашығырақ сөйлесудің барысында мейлінше қарапайым, мейлінше сыпайы, қызмет пен жазушылықтың кемеліне жетіп жүрсе де, кемерінен бір аспайтын, Есіл өзеніндей жайбарақат ағысынан бір тан­бай­тын мінезге бай адам екеніне көзім жетті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, ұйғыр жазушысы Ахметжан Ашири өз баяндамасында Кемел Тоқаев «Соңғы соққы» романына қатысты жазушының өзімен әңгімелескенін, атаман Дутовты атып өлтірген Қожамия­ровтың ұлты­ның ұйғыр екенін жазғанын, ол шығар­­маларында шындықтан алшақ кетпе­генін сөз етті.

Конференцияда сөз алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев Кемел Тоқаевтың осы оқу орнының студенті болып, журналист мамандығын иеле­ніп, саналы ғұмырын жазу өнеріне арнаға­нына тоқталып, алдағы күндері университет қабырғасынан Кемел Тоқаев атын­дағы дәрісхана ашылатынын мәлім етті.

К.Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы», «Отан үшін от кешу», «Журналист – қо­ғам­ның айнасы, құлағы һәм тілі» атты үш секцияда жалғасып, елеулі баяндамалар таныстырылды. Конференция соңында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбаса­ры Бейбіт Са­рыбай көпшілікке қарар мәтінін оқып берді. Қарар пысықталып, қабылданды. Мұнда Кемел Тоқаев шығармашылығы әлі де зерттеуді, зерде­леуді қажет ететіні, қазақ детектив жанрында қалам тартып жүрген жазушы­ларға жағдай жасау керектігі айтылған. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы детектив және шытырман оқиға­лар кеңесін құрып, оның жаңа жоспарын ұсынады. Бұл бас­таманы Жазушылар одағы басқармасы тиісті мекемелермен бірге атқаруды өз міндеті­не алады. «Кемел қаламгер» әдеби шығармашылық бәйгесі биыл сәтті өтті. Енді осы игі бастама дәстүрге айналмақ.

 

АЛМАТЫ