Сонау қиын-қыстау кезеңде жоқтан бар жасап, оқу құралын құрастырып, білім-тәрбие тақырыбында мақалалар жазып, мектептер ашып, аянбай еңбек еткен Спандияр Көбеев өнегесі – мұғалімдер үшін анық бағдар. Ұстаздықтың қыр-сырын терең меңгеріп, қызметін зор сүйіспеншілікпен, кәсіби шеберлікпен атқарған ол Ы.Алтынсаринді қымбат көріп, жоғары бағалаған жақсы мұғалім, қазіргі тілмен айтқанда, үздік педагог бола білді.
Спандияр Көбеев 1878 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Құрманбай өткелі деп аталатын күзекте дүниеге келген. Ата-анасы оны алдымен молданың оқуына береді. Алайда ол молданың өктемдігіне шыдай алмай, қашып шығады. Бақытына қарай, көп ұзамай Ы.Алтынсариннің ұйытқы болуымен ауылда мектеп ашу ісі қолға алынады. Сол мектепке оқуға қабылданушылар қатарына Көбей келешегінен көп үміт күттірген ұлы Спандиярды жаздырады. Әйтсе де мектепке келген күні ұлын оқушылар тізімінен шығарып, орнына ауылдағы Олжабай деген байдың баласын алмақшы болып жатқанын біледі. Мұны естіген Көбей аң-таң болып, наразылығын білдіріп жатқан сәтте, олардың жанына білім ордасының ашылуына орай келген Ыбырай Алтынсарин жақындап, шудың шығу себебін сұрайды. Сол жерде бас ұстаз бұл мектеп жалпы қазақ балаларына арналғанын, уездік ұлықтардың да, болыстардың да мектепке жазылған балаларды тізімнен шығарып тастауға құқығы жоқтығын шегелеп айтады. Сөйтіп, Ыбырай оқуға ілігіп, жүзі бал-бұл жанған Спандиярды маңдайынан сипап, бетіне үңіле қарап: «Оқы, балам, жақсы оқы», деген тілегін білдіреді. Ұлы ұстаздың мейірімді жүзі, жанашырлық сезімі, шынайы қамқорлығы Спандиярдың жадында мәңгілік сақталып қалады. Ол өмірінің соңына дейін Ыбырай жолымен жүруге бекінеді.
Сонымен тоғыз жасар Спандияр 1887 жылы 10 желтоқсанда ұлы ағартушы-педагог ашқан мектеп табалдырығын аттайды. Оқуға құштар бала бір рет ауырып қалғаны болмаса, үзбей оқып, бұл мектепті 1892 жылы бітіріп шығады. Ыбырай мектебінен соң болыстық орысша мектепте, кейін Қостанайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде барлығы он жыл оқып, 1897 жылы жаңа өмірге қанат қағады. Мектеп бітіріп келген Спандиярды туған ауылы қуанышпен қарсы алады. Әке-шешесі өз әлінше той жасайды. Ендігі мақсат – кәсіптік білім алып, елге қызмет ету. Мамандық таңдауда қателесуге болмайды. Түрлі мектепте оқи жүріп, жүрегіне мықтап ұялаған сәттерді сана сүзгісінен өткізген Спандияр нақты шешімге келеді. Ол өзі өнеге тұтқан Ыбырай жолын таңдайды. Әке-шешесімен ақылдаса отырып, осындай шешімге келеді. Спандиярдың айтуынша, бұл үшеуінің де арманы болған көрінеді. Сондай-ақ болашақ мамандық таңдауына алғашқы мұғалімі Досмағұл Тоқтабаевтың ықпалы да зор болған. Бірде ұстазы ата-аналар жиналысын өткізіп, оған оқушыларды да қатыстырады. Жас Спандиярдың жадында мұғалім ағайының: «Халайық, балаларың жақсы оқысын, адам болсын десеңдер, Ыбырай ағаң сияқты тілсізге тіл бітіретін өнерпаз, халыққа қызмет етіп, ел қамқоры боласыңдар деп, оларды жақсылыққа бастап, ілгері қарай сүйреулерің керек» деген сөздері жатталып қалады. «Досмағұлдың әлгі сөздері көкейіме қонып, өзі сияқты оқытушы болсам екен деп арман етіп отырдым. Болашағыма жол сілтеген шамшырағым, мені ілгері жетектеген осы арманым еді» деп, мұғалімдікке бет бұруға түрткі болған сол бір жұлдызды сәтті еске алады.
Сол арманына жету үшін 1897 жылғы шілде айының соңына таман Орынборға, оқытушылар даярлайтын мектепке өтініш жібереді. Алайда өтініші кешігіп жеткендіктен, түсу емтиханын келесі оқу жылында тапсыруға тура келеді. Сөйтіп, тағы бір жыл бойы өздігінен оқып, жақсы даярлануға мүмкіндік алады. Тұрақты түрде оқып отыруды жарқын өмір сүрудің пәрменді бір тетігі санаған бозбала тек емтихандарға дайындалып қана қоймай, сонымен бірге орыс классиктерінің кітаптарын да оқумен болады. Сол жылы Крылов шығармаларының толық жинағын, Пушкин, Лермонтов секілді қаламгерлердің кітаптарын оқып шығады. Осы тұста Спандиярға жазушы болсам деген де ой келеді. Ол үшін танымал ақын-жазушылардың кітаптарын, мерзімдік басылымдарды үзбей оқып, жазудың қыр-сырына үңіле түсу керегін ұғынады.
Сонымен оқуды аңсап, зарығып күткен бір жыл өтіп, тамыз айы туды. Алайда Спандиярдың Орынборға жолы түспейді, тағы да әділетсіздікке кезігеді: орнына Өтетілеу деген бір ауқаттының баласын жібермекші болады. Әйтсе де жүрегі мұғалімдікті қалаған жас жігіт діттеген мақсатынан таймай, Қостанайдағы екі жылдық педагогикалық курсқа түседі, оны 1900 жылы бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. Бастапқыда өз ауылының балаларын жиып, қазақша, орысша сауатын ашады. Спандияр сол шәкірттерінің көбі кейін оқып, білім алғанын мақтан етеді.
1901 жылдың тамыз айында жас маман Ырғыз уезіндегі Толағай болысына қарайтын Кішіқұм дейтін Қостанайдан мың шақырымға жуық жердегі ауылдық мектепке оқытушы болып тағайындалады. Енді туған жерден жырақтағы бейтаныс ауылда жұмысын жалғастырмақшы. Жауапкершілік жүгін терең сезінген жас маман бұл турасында былай жазады: «Ертең оқу басталады деген күні ұйықтай алмай шықтым. Өйткені өмірінде орысты көрмеген, орысша бір ауыз сөз білмейтін балаларды орысша оқытуым керек. Тым болмаса, өзінің ана тілінде сауатын ашқан балалар болса екен-ау. Өз ана тілін білмеген балалар өзге ұлттың тілін қалай меңгермек». Алғашқы сабағында Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін оқып береді.
Қай жерде жүрсе де, қолына түскен кітаптарға құмартып, өзінің жеке кітапхана қорын молайтуға мән береді. Күшіқұмда оқытушы боп жүргенде, елдегі бай-манаптардың әділетсіздігіне қарсы шыққан, өз ой-пікірін ашық білдіріп жүргені үшін Көбеев инспектор Хохловтан ескерту алады, сөйтіп, жұмыстан кетуіне тура келді. Алайда қажыр-қайраты мол азамат еш мойымайды, қайта жігерлене түсіп, шығар биігінің әлі де алда екеніне сенеді. Бұл 1903 жылдың жаз айы болатын. Ауылға қайтар тұста Спандияр Ырғызда бір аптадай аялдайды. Оқу-білімге құштар жас маман мұнда көптеген кітап, журнал сатып алып, туған ауылына атбасын бұрады. Ауылда ай жарымдай болғаннан кейін Петропавл уезіндегі Нілді болыстық мектебіне мұғалім болып тағайындалады. Мұнда 1905 жылдың күзіне дейін жұмыс істейді. Осы мектепте екі жыл оқытушы болған кезінде де кәсіптік білімін көтеру мақсатында, әдеттегідей педагогикалық басылымдарға жиі үңіліп, кәсіби тұрғыдан шыңдала түсуді мақсат етеді. Сондай-ақ көркем әдебиет оқуды да назардан тыс қалдырмайды. Өзінің айтуынша, мектеп ұжымында бірсыпыра орыс оқытушысы жұмыс істеген, олардың жақсы кітапханалары болған. Спандияр сол әріптестерінен кітаптар алып тұрады. Петропавлдағы мектептен С.Көбеевті Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы Федоровка селосында ашылған екі класты орысша-қазақша мектепке оқытушы етіп жібереді. Мұнда ол 1919 жылдың күзіне дейін оқытушы болып істейді. Осы жылы денсаулығы сыр беріп, өз ауылы Ақсуатқа оралады. Мұнда өмірінің соңына дейін ұстаздық етеді.
Спандияр өзінің ұстаздық ұстанымына беріктігін әрдайым танытып, кәсіби шеберлігін оқып-үйренумен, ізденумен шыңдап, бекітіп отырғанын айтып өттік. Айталық, 1905 жылы тамыз айында Омбыда бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған бір айлық оқыту курсы ашылғанда, ол өз еркімен сол курсқа да баруды жөн көреді. Педагог-жазушының: «Әлі де көп оқу, көп үйрену, көп іздену, жетіле беру керек сияқты еді. Мен өз тұсымнан оқып, білімімді толықтыра берейін деген ойға келдім. Бұрын менің қолымнан түспейтін кітаптар: Пушкин, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Щедрин, Толстой, Чернышевский, Белинскийлердің шығармалары болса, енді солармен қатар орыстың ұлы педагогі К.Ушинскийдің, П.Лесгафтың еңбектерін оқыдым. Оқытушы үшін тәжірибе мен педагогикалық ғылымды ұштастыра білуде өз пәнін ойдағыдай меңгеру, педагогикалық шеберлікті арттырып, барған сайын жетіле беру бірден-бір қажетті шарт» деген ой-пікірі қазіргі мұғалімдер үшін де маңызды, өзекті. Спандияр тек өзі оқып, біліп қана қоймай, оқыған шығармаларын, атап айтқанда Чеховтың күлкілі әңгімелерін, Гогольдің «Өлі жандар» поэмасын, Пушкиннің «Дубровскийін» ауыл адамдарына әңгімелеп беріп жүрді, тұрғындар арасында оқу-ағарту жұмысын жүргізді.
Тұрақты түрде оқуды мұрат тұтқан оқытушы өнегесінің қазіргі «өмір бойы оқып-үйрену» қағидасымен үндесуін кездейсоқтық деуге келмес, өйткені жанданып, жаңғырып отырмаған білімнің жұтап, ортая беретіні хақ. Жетіліп, толығып отырған білім ғана биіктерге жетелейді. С.Көбеев түрлі сылтаулар айтып, газет-журнал оқымайтын мұғалімдерді сынға алады: «Кейбір оқытушылар өз тұсынан оқып, білімін арттыруға «жағдай жоқ» деген сияқты түрлі сылтау айтып, өздерінің білімін толықтырғысы келмейді. Біздің заманымызда оқытушылардың өз тұсынан оқып, білімін арттыра беруіне жақсы жағдай бар. Жергілікті жерлердегі мүмкіншіліктерді (кітапхана, партия оқуы, т.б.) сарқа пайдалану, радио арқылы беріліп отыратын әр алуан лекцияларды тыңдаудың өзі, газет, журналдардағы үлгі мақалаларды оқу оқытушының ой өрісін кеңейтіп, білімін арттыра беруіне мүмкіншілік береді». Құдды бір қазіргі мұғалімдерге айтып отырған сияқты. Себебі бүгінде де көпшілік мұғалімдер газет-журналға мәжбүрлеп жаздырады деп шағымданып жатады. Біздіңше, мұғалімдер мәжбүрлеуге жеткізбей, газет-журналды өздері тұрақты түрде жаздырып, оқып отыруға тиіс. Жаңа білімді ұдайы сіңіріп, санаға тоқып отырмасаң, тоқырап қаласың. Әрі үздіксіз оқып отыру жас ұрпақтың болашағына жауапты мұғалімдер үшін өте-мөте қажет. Өзі оқымаған мұғалімнің өзгелерді сапалы оқытып-тәрбиелеуі екіталай.
Оқып-үйренуге құштарлық, еңбекқорлық адамды алға жетелейді, жаңа белестерді бағындыруға бел буғызады. Спандияр жазушылыққа бет бұрады. И.Крыловтың мысалдарын аударады. Оның аудармалары «Үлгілі тәржіме» деген атпен 1912 жылы жарық көрді. Оқу құралдары жетіспегендіктен, ол Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясының» үлгісімен «Үлгілі бала» оқу құралын жазып шығарады. Сондай-ақ оқу-ағарту ісі тек оқытушылықпен шектелмейтінін ұғынып, халық санасына күштірек әсер ететін құрал көркем әдебиет деген ой түйеді. Нәтижесінде, «Қалың мал» романы жарық көреді. Осыған қатысты мына бір ренішін де жасырмайды: «Айқап» журналы да «Қазақ» газеті де қазақ тілінде шыққан тұңғыш роман туралы жұмған аузын ашпады. Сол кездегі «қазағым», «елім» деп аузымен орақ орып жүрген кейбір «оқымыстылар» да ешқандай пікір айтпады».
С.Көбеевтің педагогикалық мәселелерге, атап айтқанда, баланы оқуға ынталандыру, патриотизмге, мәдениеттілікке тәрбиелеу, оқытушы беделі, орыс тілін оқыту әдістері және т.б. тақырыптарға қатысты жазған мақалалары жергілікті баспасөзде, «Халық мұғалімі» журналында жарияланып тұрды. Сондай-ақ С.Көбеев «Айқап» журналының да тұрақты авторларының бірі болды. Педагогтің «Оқытушы педагогиканы, оқыту әдісін, психологияны жақсы білуі керек. Педагогикалық шеберлік осы айтылғандарды жақсы білумен байланысты», «Ең басты мәселенің бірі – баланы әділетшілдікке, шыншылдыққа тәрбиелеу», «Оқушының бүкіл болашағы оқытушының қолында. Ол өсіп, азамат болғанда, жақсы әсер, үлгілі тәрбие берген оқытушысына мың да бір алғыс айтады» деген пікірлері мұғалімдер үшін аса маңызды, оқыту-тәрбиелеу ісіндегі өзекті, өміршең мәселелер.
Құлашын кеңге сермеген педагог-жазушы мектеп ашу жұмыстарына да белсенді араласты. Аяулы ұстазы Ы.Алтынсарин сияқты мектеп салу ісіне жіті көңіл бөліп, Меңдіқара ауданындағы Қарқын, Құмтөбе, Шолақсай, Қамыстыкөл, Ұялысай деген ауылдарда және өз ауылы Ақсуатта бастауыш мектептердің ашылуына мұрындық болды. Кейін облыстық оқу бөлімінің бастығымен сөйлесіп, өзі қызмет етіп жүрген Ақсуат бастауыш мектебінің жетіжылдық, ал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында онжылдық мектепке айналуына қол жеткізді.
С.Көбеевтің азаматтық ұстанымы мен кәсіби қызметіне беріктігін мына бір үзік те айғақтайды: «1943 жылдың күзінде Екінші дүниежүзілік соғыс қызу жүріп жатқан кезде, сабақтан кейін мен оқушыларыммен бірге егіс басында болдым. Өйткені бригадада әрі үгітші болып, әрі балаларды масақ теруге бастап шыққан едім. Бригадада газет оқып беріп, енді масақ теріп жатқан балалардың қасына барып тұрғанымда, Қостанайдан келе жатқан жазушы Сәбит Мұқанов кездесті. Ол біздің үйге барды. Сөз барысында жазушы: «Енді мектеп жұмысын қоймайсыз ба, жасыңыз болса, келіп қалды», деді. «Жоқ», дедім мен, қырық жылым мектепте өткен екен, қалған өмірім де мектепте-ақ өтсін». Бірақ кейін әркім «енді қартайдыңыз, тынығыңыз» деп, айта берген соң, бір айдай мектеп жұмысынан қалып, үйде жатып көрдім. Бірақ бұл маған жұмыстан ауыр болды. Сондықтан мен жұмысқа қайта кірдім. Күні бүгінге дейін Ақсуат орта мектебінде оқытушы болып істеп келемін...».
«Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы» деп С.Көбеевтің өзі айтқандай, оның жан-жақты еңбегі лайықты бағаланды. Екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім» атақтарына ие болды. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланды. Сөйтіп, Ыбырай ұстазының шапағатына бөленген С.Көбеев жақсы мұғалім ғана емес, педагог-жазушы атанып, қазақ тарихында мәңгілікке қалды.
«Өмірімнің ақырғы минутына дейін ардақты халқыма қызмет ете беруді арман етемін. Менің мақсатым да, мен үшін рахат та, ләззат та – осы» деген аяулы ұстаз 1956 жылғы 21 желтоқсанда дүниеден өтті. Ұстанымына берік ұстаздың дара жолына үңіле отырып, түйгеніміз: кәсібін терең меңгеріп, мейлінше адал еңбек еткен адамның мерейі үстем, мәртебесі биік. Ерен еңбек иесі қашанда құрметке лайық.
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Ләззат АХМЕТБЕКОВА
Қостанай облысы