Пікір • 05 Қазан, 2023

Кәсіподақтан қолдау көп

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Жолдауларында қоғамда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс екенін үнемі айтып келеді. Бұл қатарда ұстаздар қауымы да бар. Мұндай қадам еңбеккерлердің құқығы мен мүддесін қорғау деңгейін көтеріп, еңбек қатынастары туралы ұлттық заңдарымызды жетілдіріп, кәсіподақтардың орнын нығайтуға септігін тигізіп жатыр.

Кәсіподақтан қолдау көп

Бұл бағытта еліміздің оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қыз­меткерлері салалық кәсіп­ода­ғы сала қызметкерлерінің әлеу­­меттік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда мақ­сат­ты жұмыс жүргізіп келеді. Кә­сіп­одақтар қызметінің негізгі құ­ра­лы әлеуметтік әріптестік екені тү­сінікті. Сондықтан салалық кә­сіподақ билік органдарымен және жұмыс берушілермен бірге әлеу­меттік мәселелерді шешуде өркениетті еңбек қатынастарын қалыптастыруға ден қояды.

Бүгінгі таңда кәсіподақ әлеу­мет­тік әріптестіктің айқын құ­рыл­ған салалық жүйесіне қол жет­­кізіп отыр. Жалақы, еңбек де­малысы ақысы мен сауықтыру жәр­­дем­ақысының уақытында тө­ленуі, педагогтерді тегін меди­ци­­­налық тексеруден өткізу, ауыл мұ­ғалімдеріне жергілікті бюджет қаражатынан отын шығын­дарын жабуға біржолғы ақшалай өтемақы төлеу және тағы басқа қызмет­керлердің әлеуметтік ма­ңыз­­ды мәселелері салалық ке­лі­сім негізінде шешіліп келеді. Білім беру органдарымен бірлес­кен іс-әрекеттер педагогтер мәрте­бе­сін арттыруға, білім саласы қыз­мет­керлеріне қауіпсіз еңбек жағ­дай­ла­рын жасауға бағытталып жатыр.

Қазіргі таңда білім беру сала­сын­дағы әлеуметтік әріптестік жүйесі Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктері мен салалық кәсіподақ арасындағы 2 салалық келісіммен, 17 облыстық, аумақтық келісімдермен және білім беру ұйымдарындағы 9 мыңға жуық ұжымдық шарттармен қам­тылған. Келісімдер қызмет­кер­лердің әлеуметтік-маңызды мәсе­ле­лерінің кең көлемін қамтиды және оларды шешудің құқықтық нысандарын анықтайды. Ал оларды іске асыру әлеуметтік-еңбек қаты­настарын дамытуға оң ықпал етіп жатыр.

Былтыр салалық кәсіподақ қоз­­ғалысын жаңғыртудың негіз­гі ба­ғыттарын анықтайтын маңыз­ды құжат – салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіп­ода­ғын дамытудың «Жаңа Қазақ­с­тан – Жаңа кәсіподақ» атты тұ­жы­рымдамасы қабылданды. Қа­­­был­данған құжат салалық кә­сіподақ қозғалысын жаңартуға, оны білім және ғылым саласы қыз­­мет­керлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қам­та­масыз ететін тиімді қоғамдық қозғалыс жүйелеріне ауыстыруға бағытталды. Кәсіподақ қызметін дамыту тұжырымдамасы аясында құқық қорғау қызметі, осы жұмыс­тың нәтижелілігі мен тиімділігін жаңа деңгейге көтеру басты міндет ретінде қойылды.

Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарының құқықтық қызмет мамандары өткен жылы кәсіподақ мүшелерінің еңбек қа­ты­настары мәселелері туралы 37 662 өтінішті қарады. Осы жылдың бірін­ші жартыжыл­ды­ғында бұл көр­сеткіш 16 621-ге тең болды. Былтыр кәсіподақтың заңгер­лері 32 399, биылғы бірін­ші жарты­жыл­­дықта 13 571 те­гін кеңес берді. Өткен жылы 391 жағ­дайда, бірінші жарты­жыл­дықта 268 жағдайда ке­лісу комиссияларында, сондай-ақ былтыр 33 жағдайда, биылғы алты айда 19 жағдайда соттарда жеке еңбек дауларын қарау кезінде қызметкерлерге көмек көрсетті.

Еңбек заңнамасының орын­да­луын қоғамдық бақылау шең­­бе­рінде 2022 жылы – 2358, осы жыл­дың бірінші жартыжылдығында 946 тексеру жүргізілді. Оның барысында өткен жылы 4509, биыл­дың өзінде 2021 еңбек заң­намасының бұзылу дерегі анық­талды. Кәсіподақтың қол­дауы­мен былтыр заңсыз жұ­мыстан шығарылған 17, биылғы алты айда 7 қызметкер жұмысқа қай­та алынды. Өткен жылы Са­ла­лық кәсіподақ пен мүшелік ұйымдардың құқықтық қызметтері жұ­мысының нәтижесінде кәсіп­одақ органдарының талаптары бойынша кәсіподақ мүшелеріне заңсыз ұсталған немесе төленбеген 1 млрд 177 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат қайтарылды. Биылдың өзінде бұл сома 215 млн теңгені құрап отыр. Осылайша, салалық кәсіподақ пен мүшелік ұйымдардың құқықтық қызметінің экономикалық тиімділігі 2022 жылдың есеп беру деректеріне сәйкес 1млрд 436 млн теңгені, биылғы алты айда 232 млн 633 мың теңгені құрап отыр.

Салалық кәсіподақ білім-ғы­лым саласындағы еңбек қауіп­сіз­дігі мәселесіне де жіті назар ау­да­рып келеді. Деректерге зер салсақ, еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі мәселелері білім саласында да өзекті екенін байқауға болады. Былтыр еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар еңбек жағдайларына 4935 тексеру жүргізген. Еңбек қыз­метімен байланысты жазатайым оқиғалар ке­зінде былтыр салада 33 адам зардап шекті, 10 адам ауыр дә­ре­­жеде жарақат алды, 3 адам қайтыс болды. Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары еңбек қауіпсіздігі мәселесін күн тәртібінен түсірмейді. Өйткені еңбекті қорғау – қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Әрі бұл жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзушылықтарын анық­тау жөніндегі кәсіподақ жұ­мы­­сының маңызды бөлігі.

 

Айгүл МҰҚАШЕВА,

Қазақстан оқу-ағарту,

ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық

кәсіподағының төрағасы