Әдебиет • 08 Қазан, 2023

Өмірдің өзін жазғандар

208 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан емес, басқа ақын айтса жұрт нанбауы мүмкін. Бәлкім еленбей қалады. Тағдырымен кешпеген адам жазған күнде оны жұртқа дәлелдеу үшін томдықтарын шығарып, ғылыми зерттеулер жаз­ғызып, кітаптарының тұсау­кесерін жасап, мерейтойын тойлау керек, тағысын тағы дегендей. Ал Мағжан сендіреді. Ақынды тірі алып қалу үшін жарнама да, өңге әрекеттер де қажет емес.

Өмірдің өзін жазғандар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оның өлеңдерін үкімет, одақ болып құртып жіберуге тырысса да, халық ақынын жасырын оқып жатты. Ұлттың өшкіндеуге айналған, отарлаушылар өшіруге тырысқан, бірақ өлмеген, сана-сезімінің тереңдеріне тығылған рух қайнары сөйтіп шыныға берді. Мағжандай ақындарын оқыған сайын, естіген сайын өлуге айналған сезімдер қар астындағы қарғындай үнсіз сылдырап қоя бергенде, жылжи-жылжи арна тапқанын аңдау қиын емес. 1986 жылы алаң­ға­ шыққан жастар, албырт, бір­беткей, шындық сүйген, Алаш мұратынан хабардар жас­тар қалыптаспас еді, өйтпесе. Алматы алаңдарында бастап шығар тұлға таппай сенделіп, сеңдей сығылысқан сол жастар Жазушылар одағының алдына барып, «Мағжан, Сәкен!» деп ұранға басқаны айтылады бір деректерде. Демек, тегін болмағаны!

Тағдырымен, жанымен, болмысымен, бар өмірімен ақын кейде бұл дүниеге басқа әлемнен (о дүниеден десек, ел жындыға балап жүрер) тіл қатқандай се­зі­леді. Түрік қағанаты дәуірінде жүріп, ит байласа тұрмайтын кеңес заманына құлап кетпесе, мұнша терең толғап жазу мүмкін бе, сірә. Біз жоғарыда жалғыз-ақ жолын келтіріп отырған «Батыр Баян» поэмасының алғашқы бес шумағы алапат ақындық рухтың терең тебіренісін әйгілеп қана қоймайды. Жазсаң осылай жаз дегендей ақындыққа осыншама меже мен шарт қояды. Мұқағали Мақатаев айтпақшы, «естілмеген сұмдық сырлардан» аян береді. «Қызыл тіл қолым емес кісендеулі, сондықтан жаным күйіп жанады да» деген Мағжан қудаланбағанда кім қудалануы керек еді ол заманда? Алайда осындай қыспақта өмір сүрген ақын Оралға қатысты өлеңінде «арғы жағы көк көзді жын ұясы» деп сол кездің өзінде-ақ айдай әлемге әйгілеп жіберді.

Алаш мұратын көксеген Мағжан шығармашылығын там-тұмдап түйсінген кез келген талапты жас қазақ әдебиетінің өзгеше тұрпаты мен ұстынын сезініп, сол жолды жалғап дамытар еді. Немесе мүлде тосын күш алып, өзгеше жазуға көшуге тиіс-ті. Арада жаппай қырып-жою, соғыс пен аштық, адам айтса нанғысыз үрей тудырған саяси жүйеден ел есеңгіреп қалмағанда. Сөйтсе де қазақ өлеңі шырқап кеткені осы Мағжан, Ілияс, Сәкен, Сұлтанмахмұт сынды алыптардың туғанынан.

«Ертегі уатпай ма баланы да,

Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да?

Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған

Еркімен өзі-ақ отқа барады да.

Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда,

Қанды ор боп ақын жолы қалады да».

Күнделікті тұрмыс кешіріп, қатардан қалмай, заман көшіне ілесуге тырысқан адам мұндай өлең жазуы мүмкін емесін бүгінгі заман дәлелдеп отыр. Осыншама тылсым мен құдірет алпыс екі тамыры мен он екі мүшесін тоқ соққандай бір соғып өтпеген жүрек иесі мұндай хал кешіре алмасын кез келген шығармашылық иесі еріксіз мойындаса керек. «Қорқыт» поэмасының арасында оны ақынның өзі де жазады. «Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой, ерлері ертегінің өрт еді ғой. Сонау дерт түгелімен ауып маған, дариға, жүрегімді өртеді ғой» деп.

«Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» дегенде ақын өзін ғана емес, шын өнер иелерінің мойнына жүктелер міндетті көрсетті. «Қанды ор боп ақын жолы қалады да» дегенін елестетудің өзі қор­қынышты. Ұлт мұратымен өмір сүрген бұл ақындардың қияпатты һәм қасіретті жолының бар бақыты да сол сияқты. Не сұмдықтың бәрін бойы­нан өткеріп жазғанында. Бері­дегі Қасым, Сырбайлардың өзі соғыстың қып-қызыл өрті­нен қайнап шықты. Өлеңді кітап­тан емес, өмірдің өзінен көшір­гендер. Сұмдық құбы­лыс­тар­дың бәрін бойынан өткеріп жырлағандардың ішінен қайнап шыққан дүние ішіңе түскенде шыж еткізері содан болуы керек.

«Адамзаттан дос таппай күйі­­ніп, сырын тек қаламына сөйле­­­ген­дердің» жазғаны қалады бола­шаққа.