Қазақстан • 10 Қазан, 2023

Еуразияның транзит хабына айналу жолы

185 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстанның көлік апталығы аясында елордадағы «Hilton Astana» қонақ­үйінде «Жаңа Жібек жолы» VI халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы жұмысын бастады. Бизнес-форумда сарапшылар көлік жүйелерінің ынтымақтастығы мен интеграциясы, Орта дәліз бағытын дамыту, сондай-ақ мультимодальды көлік саласындағы жаңа технологиялар һәм инновациялар, жүк тасымалдау тиімділігін арттыру және жеткізуді жақсарту мәселелерін талқылады. Бұл мәселелердің дені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жан-жақты айтылған болатын.

Еуразияның транзит хабына айналу жолы

Еліміздегі ауқымды іс-шараға қаты­су үшін 25 елден делегаттар, биз­нес өкілдері, министрліктер мен халық­аралық ұйымдардың басшылары келді. Атап айтқанда, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Германия, Иран, Италия, Қы­тай, Қырғызстан, Литва, Латвия, Польша, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Эстония елдерінен келген делегаттар қатысып жатыр.

 

Жаңа жолдар – жаңа мүмкіндіктер

Форумның ресми ашылу рәсіміне Көлік министрі Марат Қарабаев қатысып, сөз сөйледі. «Ұйымдастырылып отырған көрме мен форум жұмысы Еуразия құрлығының көлік-коммуникациялық кешенін дамыту перспективаларына ар­нал­ған. Аталған іс-шаралар өзекті мә­селелерді талқылау және оларды шешу­дің практикалық жолдарын іздеу болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінің диалогі үшін ең тиімді алаң болып саналды. Бұлармен бірге, көлік саласын өркендетудегі маңызды мәселелерді талқылауға және қазіргі экономикалық жағдайда одан әрі тиімді даму жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді», деді ол.

 Министр 2030 жылға дейін саланы дамыту бағытында іске асатын кешенді жобалар туралы да айтты. «Транскаспий халықаралық көлік маршрутының өткізу қабілетін 5 есе арттыратындай әлеует бар екенін атап өткім келеді. Бұл дәліз арқылы Қытайдан Еуропаға дейін жүк көліктері 18 күнде жетіп барады. Бұл – ҚХР мен Еуропа арасындағы ең қысқа жол», деді М.Қарабаев.

 Сондай-ақ осы жол жобасына қа­тысушы өзге елдермен бірлесе атқа­рып жатқан жұмыстарға назар аударды. Айтуынша, аталған дәлізбен жүк та­­сы­­малдау құны алдағы 5 жылда өз­гер­­мей­ді. «Әзербайжан, Грузия және Қазақ­­станның теміржол компаниялары бірлес­кен кәсіпорын құрды. Ол кәсіп­орын осы маршруттың өн бойында тасымал опера­торының қызметін атқарады. Алдағы бес жылға тасымал құнын бекітіп қойдық. Бұл – жүк тасымалдаушыларды қы­зықтыратын фактор. Яғни тасымал құны 5 жыл бойы өзгермейді», деді министр.

Расында, Қазақстан Қытай мен Еу­ро­па арасындағы жүк айналымынан мейлінше көбірек табыс көру үшін автожол инфра­құ­рылымына да бір­шама инвестиция тартуға мүдделі екен. «Транскаспий дәлізінен бөлек әуе жо­лындағы байланыстардан үлкен әлеует көріп отырмыз. Қазақстанның әуе тасымалын пайдалану көрсеткіші 90 пайыз­ға артты. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің министрлік алдында тұрған негізгі мін­деттердің бірі – біздің әуежайлар базасында CargoHub-тар (халықаралық көлік-экспедиторлық холдинг) құру.

Ал автожол саласына жеке тоқтал­ғым келеді. Бұйыртса, алдағы 6 жылдың ішінде жаңа 5 мың шақырым жол салып, реконструкциялауды жоспар­лап отырмыз. Инвестицияның жиынтық қуаты 15 млрд доллар болады. Мұның бәрі Қазақстан ҚХР мен Ресей арасындағы, ҚХР мен Еуропа арасындағы толыққанды транзит хабына айналу үшін жасалып жатыр», деді министрлік басшысы. Сөз арасында Транскаспий халықаралық көлік мар­шруты арқылы Қытайдан Еу­ропаға тасымалданатын жүк көлемі биыл­­ғы 8 айда 84 пайызға өскенін атап өтті.

Ол Транскаспий дәлізінің маңы­зы өскендіктен, Қазақстан оның бойын­дағы өзіне қарасты нысандардың қуа­тын арттыруға көшкенін айтты. «Қазақ­станның Ляньюньган портында өз орны бар. Осы кезде Сиань қаласында жаңа құрғақ порт салып жатырмыз. Жүк осы екі нүктеде жиналады. Одан әрі Қорғас құрғақ порты бар. Ол жерде Қытайдың да үлесі бар. Маршрут Қорғастан Ақтау бағытына кетеді. Ол жақта жалпы жиын­тық қуаты 20 млн тонна жүк қабыл­дауға қауқарлы екі порт бар – Ақтау және Құрық порттары. Одан өткен жүк Кас­пий теңізіне түсіп, Әзербайжан мен Гру­зия арқылы Еуропаға барады. Транс­кас­пий халықаралық көлік маршруты қазір маңызды дәлізге айналып келеді. Бұл дәліз арқылы өтетін жүктің көле­міне қарасаңыз бәрі түсінікті болады. 2021 жыл мен 2022 жылдың қоры­тын­ды­сын салыстырсақ, дәлізді пайдалану көрсет­кіші екі есеге дейін артқан», деді ол.

Ведомство басшысының мәліметі бойынша, жыл басынан дәліз арқылы тасымалданған жүктің көрсеткіші 2022 жылдың көрсеткішінен 84 пайыз асып кеткен. «Сөз жоқ, бұл маршрутты дамытуда Әзербайжан мен Грузиядағы салалық министрліктермен үйлесімді жұмыс маңызды рөл атқарады. Сондық­тан былтыр кедергілерді жоюға ба­ғыт­­талған тиісті жол картасына қол қойыл­ды. Жалпы, Транскаспий дәлізін одан әрі дамытып, Қазақстанның муль­ти­модальдық, яғни бір келісімшарт негі­зін­де жүкті су, әуе, құрлық жолдары сияқ­ты түрлі тәсілмен діттеген жер­ге жет­кізу­де, осылай тасымал қуатын кеңей­ту бағы­тында бірнеше инфрақұ­рылым­дық жоба қолға алынды.

Бұлармен қатар, былтыр Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды. Бұл жүк өткізу қабі­летін 5 есе, тасымал жылдамдығын 1500 шақырымға дейін көбейтеді. Сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал айналма теміржол желісінің құрылысы басталып жатыр. Бақты – Аягөз бағытында бір жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. Бізде қазір екі ірі теміржол өткізу бекеті бар. Жүк айналымының жиынтық қуаты 28 млн тоннаға шақталған. Биыл ондағы жүк айналымы 27 млн тоннаға жетеді деген үмітіміз жоқ емес. Яғни қазір Қытайдан келген жүкті қабылдайтын үшінші бекет ашу өте маңызды болып тұр. Осы тұрғыдан алғанда Бақты – Тачен бағытында салынып жатқан, жүк айналымы 20 млн тонналық жаңа теміржол бекеті ең өзекті нысан болып қалады. Сондай-ақ Құрық, Ақтау порттарының қуатын да арттыру қажет. Бақты – Тачен бағытындағы жаңа теміржол өткізу бекетінде жаңа құрғақ терминал салу керек. Оған қоса, қазір қолданыстағы теміржол өткізу бекеттерінің қуатын тағы да арттыруға мүдделіміз. Аталған халықаралық көлік маршрутын дамыту аясында осындай жобалар іске асып жатыр», деді М.Қарабаев.

Министр Қазақстан материктің маңыз­ды көлік желілерінің торабында ор­наласып, Азия мен Еуропа арасындағы сенімді серіктес және транзиттік көпір екенін еске салды. Сонымен қатар «Көлік және логистика» көрмесі іс-шараға қатысушылар мен қонақтардың ұзақ­мерзімді және өзара тиімді серіктестік қатынастарын нығайту үшін пайдалы болатынына сенім білдірді.

 

Орта және Оңтүстік көлік дәліздері дамиды

Форумда «Автокөлік қызметтерінің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы панельдік сессия барысында Көлік комитеті төрағасының орынбасары Селим Қуанышұлы Қазақстан Орта және Оңтүстік көлік дәліздерін дамытуды жоспарлап отырғанын айтты. Негізі ол жасаған баяндамасында автокөлік саласының қазіргі жағдайы және оның даму перспективалары туралы ақпарат берді. Қазіргі уақытта алыс шетел бағы­тына 7,6 мың автокөлік құралымен қамтылған паркі бар 370 отандық тасымалдаушы жұмылдырылғанын назарға салды. Халықаралық тасымалдармен қамтамасыз ету үшін 42 елмен тиісті келісімдер жасалған.

Бұдан басқа, отандық автопаркті толық­тыру мақсатында халықаралық тасы­малдармен айналысатын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркегені үшін кәдеге жарату алымдарын төлеу қа­жеттілігі жойылды. Жалпы, өткен жыл­­дың қорытындысы бойынша халық­­аралық бағытта 6,4 млн тонна жүк та­сымалданған. Бұл 2021 жылғы көрсет­кіштен 8,7%-ға артық. Осы ретте отандық жүк тасымалдаушылардың үлесі бір жыл ішінде 31-ден 42 пайызға дейін өскен.

Спикердің сөзінше, алдағы уақытта уәкілетті мемлекеттік орган Орта және Оңтүстік дәліздердің баламалы бағыт­тарын дамытуды жоспарлап отыр. Бұл үшін Каспий және Қара теңіз порттары жұмылдырылатын болады.

 Біздің елде өтіп жатқан көлік апта­лығы аясында алуан түрлі іскер­лік бағ­дар­лама жоспарланған. Бағдарла­ма барысында New Silk Way VI халық­аралық көлік-логистикалық бизнес-форумы және «Қазақстандағы қойма логистикасы нарығы», «Каспий теңізіндегі порттарды, терминалдарды және кеме қатынасын дамыту», «Көлік және логистика нарығы» конференцияларын өткізу көзделіп отыр.

Бизнес-форумда сарапшылар мен қатысушылар көлік жүйелерінің ынты­мақтастығы мен интеграциясы, орта дәліз бағытын дамыту, сондай-ақ мультимодальды тасымалдау саласындағы жаңа технологиялар мен инновациялар, жүктерді тасымалдау тиімділігін арттыру және жеткізу жағдайларын жақ­сарту мәселелерін талқылайды. Іс­кер­лік бағдарламадан басқа салалық ми­­нис­трліктер, ведомстволар, қауым­дас­тықтар мен халықаралық компания­лар бас­шылығының қатысуымен екі­жақты кездесулер мен келіссөздер жоспарланғанын айта кетейік.