Алаш арыстары – Әлихан, Ахмет, Міржақып
Кейінгі жылдары елімізде, әсіресе мәдени-рухани өмірінде ескерткіш тұрғызу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Тіпті бір уақытта айналамыз ескерткіштер қаласына айналып бара жатқандай әсерде қалдық. Қойылып жатқан сансыз ескерткіштер сапалы ма, тұлғаның табиғатын аша алды ма – бөлек әңгіме. Мерейтойлық жоспар үшін асығыс жасалған және жасанды шыққан мүсіндердің салтанатты түрде ашылып, көпшілікке ұсынылып жатқанына да куә болдық. Айталық, Нарынқолда тұрғызылған ақын Мұқағали, Тараздағы Айша бибі, Бақанас ауылында бой көтерген Қонаев, Ұлытауға қойылған Ақселеу Сейдімбек мүсіндерінің қоғамдық сынға ұшырауы біздегі рухани-мәдени дағдарысты көрсетіп бергендей.
Мүсінші Нұрбол Қалиевтің шығармашылығы өзіндік тақырыбымен, бөлек болмысымен ерекше. Абайдың айналасы мен алаштықтарға тереңнен үңілуінің бір сыры туған топырақтың киесі болар дейміз. Автор айшықтаған Құнанбай, Ақылбай мен Тұрағұлдың мүсіндері бүгінде сол өңірдің әр ауыл-аймағында тарихтан қалған бір белгідей қасқайып тұр.
Нұрболдың есімі ел арасына Қарауылда қойылған Құнанбай қажының мүсіні арқылы танылды. Еңселі ескерткіш Балқаш мысынан құйылған. Биіктігі 7 метр, салмағы 12 тоннаны құрайтын монументалды жұмыс он айда жасалыпты. Мүсінші шығармашылығы жазушылардан да алыс емес. Әсіресе Мұхтар Әуезовтің, Оралхан Бөкейдің мүсіндері сәтті шықты.
Ол өзін бақытты санайды. Көп сөйлемейтін, тек ойды қажет ететін мамандықта бар қиял-талантын шыңдап жүргеніне және сол еңбегіне сұраныстың барына бақытты. Шығармашылық еркіндікте, шығармашылық күш-қуатпен мүсіншінің қанаты самғай түседі. Ол өз өмірін сазбен жасап алғандай тек осы шеберханада елестетеді. Саздан соғылған әр мүсінді күні бойы айналсоқтап, әр жерін мың түзеп, шынайы образын шығарудан ләззат алады. Иә, ол үшін бұл өнердегі басты талап – шынайылық. Ол мүсіннің құрылысына, көзге көрінбейтін әр деталіне дейін мән береді. «Шынайы жасалған дүние әрқашан өз бағасын алады» деген көзқарастағы Нұрболдың шеберханасында саздың да сөйлейтінін көресіз.
Осы күнгі балалар мүсінші боламын деп армандамайды. Бала кезде Нұрбол сияқты аттың суретін бәрі салады. Бәріміз пластилинмен ойнасақ та мүсінші болып кеткендер өте сирек. Жалпы, саздан сұлу мүсін жасау әркімнің бойына дари бермейтін талант болса керек. Ұстаздар отбасынан шыққан ол бұл өнерге сонау бала шақтан қызыққанын айтады.
«5-сыныптан кейін Алматыдағы көркемсурет мектебін тәмамдадым. Ал 1997 жылы республикалық көркемсурет колледжіне түстім. Кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алдым. Апам айтушы еді: «Нағашыларың секілді әнші болатын шығарсың», деп. Өйткені Болатқазы деген туысымыз әйгілі Жәнібек Кәрменовпен бірге оқыған өнер адамы еді. Содан атам қоймай, үйге түрлі музыкалық аспап әкелетін. «Осы немерем өнерге жақын болады» деген оймен, әрине. Қызық болғанда, үйге біреу ермексаз (пластилин) алып келді. Кім тастап кеткені есімде жоқ. Сол кезден бастап ермексаздан басқа өзіме ермек көрмедім. Әкемнің інісі Еркін қолөнерге жақын болатын. Ол кісі торсық, қалқан және қару-жарақтың өзге де түрлерін жасайтын. Соған қарап, батырдың бейнесін, жылқының мүсінін келтіруді ерекше ұнаттым», дейді Нұрбол.
Ал бозбала шағында белгілі мүсінші Павел Шороховқа шәкірт болды. Шебердің қасында жүріп, мүсіншіліктің тезінен өтіп, тереңіне үңілді.
Мүсіншілік – ерекше дарын. Нұрболдың ұлттың тарихы мен тұлғаларына қызығуының ендігі бір сыры білімінде жатқан болар. Әке-шешесі де, ата-әжесі де ұстаздық еткен бала-мүсінші жастайынан көп кітап оқыпты. Оның қолынан шыққан ескерткіштегі зиялылар сол кезден-ақ санасында жаттала бастаған.
Ал мүсіншінің өзі: «Тұлғаларды жасап жүрмін деп мақтанып айта алмаймын. Ең бастысы, мүсінмен айналысатындар нағыз кәсіби маман болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда жоғарыда айтқан сұрықсыз ескерткіштер көбеймесе, азаймайды. Мүсін – өнердің ішіндегі ең қиыны. Ол станоктық жұмыс немесе сурет емес. Ескерткішті қанша есе үлкейтсеңіз, соншалықты қателігі шыға береді. Мүсінші жасаған ескерткішіне баға бере алмайды. Бәрі ойдан басталады. Ой піскен кезде жұмысқа айналады», дейді.
Оның ендігі арман-мақсаты – Семей қаласына Қабанбай батырдың ескерткішін қою. Мүсінші шетелдік әріптестерімен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Түркияның Болу қаласындағы Көрұғлы монументі мен Ресейдің Омбы шаһарындағы суретші Амангелді Шәкенов ескерткішінде де шебердің қолтаңбасы бар.