Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Балабақшаның тең жартысы – араластілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып келеді. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді», деген еді. Білімнің тіліне айналып келе жатқаны сол, қазіргі таңда баласын қазақтілді білім беру ұйымына беретіндер көбейді. Олардың арасында өздері қазақша сөйлемесе де баласын білсін, үйренсін деп беретіндер бар. Бірақ шынайы жағдай – жоғарыдағыдай. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілінің білім мен ғылым тіліне айналуына үлес қосып, перзентін қазақшаға берген ата-аналардың үміті неге ақталмай жатыр? Білім беру сапасы төмен бе? Әлде әдістеме әлсіз бе? Жоқ тәрбиешілер табандылық танытпай ма?
Досымыздың баласы баратын балабақша елордада орналасқан. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институтының директоры Манар Адамованың бізге берген дерегіне сүйенсек, Астана қаласында 67 730 баланы қамтитын 507 мектепке дейінгі ұйым тіркелген. Оның ішінде 100 – мемлекеттік, 404 – жекеменшік, 3 ведомстволық балабақша бар. 507 мектепке дейінгі ұйымның 243-і – қазақ тілінде, 25-і – орыс тілінде, қалғаны аралас тілде білім береді. Қалғаны дегеніңіз – 239 балабақша. Бұл – барлық балабақшаның тең жартысы.
Негізі араластілді балабақшалар өз кезегінде араластілді мектептердің көбеюіне ықпал етеді. Жалпы, екі тілде білім беретін ұйым – осы тақырыпты терең зерттеген атақты ғалым Мекемтас Мырзахметұлы айтқандай, отарлық саясаттың классикалық түрі. Өткенге көз жүгіртсек, ең алғашқы аралас мектеп ХІХ ғасырда Сырдария губернаторының бастамасымен Перовскіде ашылған. Сол орыс-түзем мектебіндегі орыс тілін меңгеріп жатқан қазақ балаларын бақылауға келгенде, олардың сыныптан шыға сала бір-бірімен қазақша шүйіркелесіп жүргеніне көңілі көншімей, қарадомалақтарға орыс балаларды қосыпты. Отаршыл губернатор діттегеніне осылай жеткен екен. Бұл тарихтың түп төркініне М.Мырзахметұлы «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген сауалға жауап іздегенде жолыққан. Жоғарыдағы ойды да аталған тақырыпты көп көтерген Мекемтес ағамен арнайы хабарласқанымызда айтқан-ды.
Дүбәра болып жүргендер көп
Десек те, аралас тілде білім беретін балабақшада да баланы қазақша сөйлетуге болады екен, бірақ бұл үшін тәрбиешінің күш-жігері мол, біліктілігі жоғары болуға тиіс. «Баламыз орыстілді балалардың жанында жүріп қазақшасын ұмытып қала ма?» деп алаңдаған ата-аналардың күдігін, уайымын сейілткен Астанадағы «Мұнарат» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі Арай Шынтемірованың (аты-жөні өзгертілді – ред.) ойы осыған саяды.
– Шыны керек, бұл – өте өзекті әрі күрделі мәселе. Өйткені мұның тиімді шешімін табуға жүйелі және жан-жақты жұмыс керек. Айталық, біз еңбек ететін ұйым – аралас тілде білім беретін балабақша. Мұнда қазағың бар, орысың бар, орыстілді қазақтардың балалары бар – бәрі араласып жүр. Соған қарамастан, қазақ тіліндегі тобымыздың тәрбиеленушілерін қазақша сөйлетуге тырысамыз. Тәрбиешілер де, тәрбиешінің көмекшілері де топта тек қазақша сөйлесеміз. Оқу-тәрбие жұмыстарының бәрін өзге тілді араластырмай, қазақ тілінде жүргіземіз. Топта бірі орысша сөйлесе, қазақша айтуды ескертеміз. Егер ойын қазақ тілінде жеткізуге қиналып тұрса, топтағы балалар болып қазақша айтуға көмектесеміз. Қазақша үйретудің тағы бір тиімді тәсілі – жаттауға жеңіл тақпақтар айтқызу. Балалардың бірі айтса, қалғаны да қызықтап, соны қайталайды. Десек те, тәрбие бала мен педагог арасында ғана емес, үшжақты, яғни ата-ананың да араласуымен берілуі қажет. Сонда ғана түпкі мақсатқа, нәтижеге жетеміз, – дейді тәрбиеші.
Аталған балабақшаға баласы баратын ата-аналардан сұрағанымызда араластілді мектепке дейінгі ұйымда білім алып жүрсе де балаларының орыс тілінде емес, таза қазақша сөйлеп жүргенін және мұнда тәрбиешінің еңбегі зор екенін жеткізді. Дегенмен, араластілді балабақшаға баласын қазақша білсін деп берген орыстілді ата-аналар да бар. Тәрбиеші А.Шынтемірованың айтуынша, мұндай ата-аналар балаларымен балабақшадан шыққан соң орысша тілдеседі. Бұл өз кезегінде тәрбиешінің жұмысын қиындатады.
– Жалпы, жаңа нәрсені кез келген адамға, мейлі балаға, мейлі ересек адамға үйретуде, оқытуда, білім беруде оқу-тәрбие үдерісінен бөлек бекіту, оқығанды тәжірибеде тоқу үлкен рөл ойнайды. Кейде біздің топтағы ата-аналар арасында да балабақшадан баласын алып бара жатып: «Доченька, как прошел твой день?» деп әңгіме бастайтындар болады. Ондайда бірден ата-анаға «Сіздер балаларыңызды қазақша білсін, қазақша үйренсін деп бердіңіздер. Енді оның алып кетуіне өздеріңіз демеу болуларыңыз керек қой. Ал сіздер орысша сөйлейсіздер, бұл керісінше кедергі келтіреді. Тым болмаса осындай қарапайым диалогтерді қазақ тілінде айтуға болады ғой, сонда бала да балабақшада үйренгенін сізбен тағы да еске түсіріп, ойында бекітеді», деп ескерту жасаймыз. Ескертуіміз кейде ескеріледі, кейде ескерілмейді. Сондайда бала балабақшада қазақша сөйлеп, үйде орысша сөйлеп, дүбәра болады. Сондықтан ата-ананың да атсалысқаны маңызды. Осыған қоса тәрбиешінің де біліктілігі, өзге тілді араластырмай түсіндіруге, сөйлеуге, сөйлесуге беріктігі де өте маңызды. Өйткені балалар үшін педагогтің, балабақшадағы тәрбиешінің айтқаны – заң. Бала тәрбиешінің айтқанын әрдайым бұлжытпай орындауға тырысады. Мәселе сол педагогтің нені, қалай айтатынында, үйрететінінде болып тұр, – дейді А.Шынтемірова.
Аралас балабақшадағы негізгі тіл – орыс тілі
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы жазда депутат Нартай Аралбайұлының сауалына берген жауабында былтырдан бері мемлекеттік балабақшалардың қазақ тілінде болуы қадағаланып жатқанын айтқан болатын. Сол сөзінде ведомство басшысы Ғ.Бейсембаев: «2022 жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың қазақ тілінде болуы қадағаланып отыр. Дей тұрғанмен, тілі орыс тілінде шыққан балалардың да бейімделу кезеңінен өтуіне байланысты қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Әдістемелік дүниелерді енгізу арқылы біз бұл балаларға да тиісті көмек көрсетуді қолға алып жатырмыз. Сондықтан бұл мәселе де өз шешімін табады деген ойдамын», деген еді.
Министр әдістемелік дүниелерді енгізу туралы айтты. Бұл қандай әдістемелік дүниелер? Былтырдан бері шынымен де мемлекеттік балабақшалар тек қазақ тілінде білім бере ме? Қадағалау қаншалықты нәтиже беріп жатыр? Осы сұрақтарды Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институтының директоры Манар Адамоваға қойдық. Оның жауабына қарағанда, балалар жас ерекшелігіне сай, бірақ оқыту тіліне қарамастан, меңгеруге тиіс қазақша сөздердің тізімі бекітілген.
– Институтымызда әзірленген соңғы оқу бағдарламасына балабақшадағы барлық топтың баласына қолдануға арналған қазақ тілінің сөздік минимумын енгіздік. Әдістемелік-нұсқау хатта, типтік оқу жоспарында да сөздік минимумды мектепке дейінгі ұйымда баламен жұмыс істейтін, қарым-қатынасқа түсетін (тәрбиеші ме, жоқ персонал ма – бәрібір) әрбір қызметкер оқыту тіліне қарамастан, қолдануға міндетті екенін анық көрсеттік. Ата-аналардың алаңдаушылығы орынды, өйткені араластілді балабақшаларда негізгі тіл – орыс тілі. Бұл – үлкен тәуекел. Дегенмен, еліміздегі мемлекеттік балабақшалар – негізінен қазақтілді. Қазір ашылып жатқан мектепке дейінгі ұйымдарға да «Қазақтілді болуы керек» дейтін жазылмаған заң бар. Жазбаша түрде берілсе, сөз көбейіп кетеді. Қазақша ашуға басымдық беріледі, бірақ ата-аналар арасында арыз-шағым көбейген жағдайда араластілді болып ашылады. Мұндағы мәселе – араластілді ұйымдағы қазақтілді топтардың қатарын арттырып, біртіндеп толық қазақтілді балабақшаға айналдыру. Шыны керек, бізге араластілді балабақша болып ашылғаны тиімді. Өйткені біртіндеп қазақтілді топтардың қатарын көбейтіп, нәтижесінде қазақтілді мектепке дейінгі ұйым етіп жариялап жіберуге ыңғайлы. Зерттеулер көрсеткендей, араластілді етіп ашып алады да, орыстілді топтың санын арттырумен айналысады. Бірақ қазір көбі осы зерттеудің нәтижесі бойынша жұмыс істегеннен кейін жазылмаған заңды қолдап, қазақтілді етіп ашып жатыр, – дейді аталған институттың директоры.
М.Адамованың айтуынша, республика бойынша таза қазақ тілінде білім беретін балабақшалардың үлесі 70 пайызға жуықтайды. Тілдік ортаны қалыптастыру мен қазақ тіліне басымдық беруге бағытталған «Тілге бойлау» деп аталатын қазақ тілінің бағдарламасы бар. Осы бағдарламаны әзірлеп, сынақтан өткізген Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері министрлікте жалпы балабақшалар мен мектептерге енгізуді ұсынды. Бұл бағдарламаны жүйелі енгізу үшін педагогтерді даярлау керек. Оған қоса, білім беру ұйымындағы әрбір қабырға, кабинет, бөлме мен дәлізге дейін қазақша «сөйлеп» тұруға тиіс. Бірден енгізу қиындау, сол себепті кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
Әдістеменің әлсіздігіне қатысты мәселелер өз шешімін ақырындап тауып жатыр екен. Алайда баласының орысша шүлдірлеп бара жатқанына алаңдаған ата-аналардың шағымын қайтеміз? Бұған не себеп, бұл мәселенің мәнісі мен шешімі қандай? Көкейдегі сұрағымызға министрлік өкілі М.Адамова жауап берді.
– Ақиқатында тәрбиешілер арасында тұрақсыздық өте көп. Сол себепті жұмыс та жүйелі бола бермейді. Алысқа ұзамай-ақ қояйын, өз немеремді атасы екеуміз 3 жасқа дейін тек қазақша тәрбиелеп, тілін таза қазақша шығарып, мемлекеттік балабақшаға, қазақтілді топқа бердік. Ондағы барлық қызметкер тек мемлекеттік тілде сөйлейді. Бірақ немереміздің «Ата, ты куда? Подожди, я сейчас быстро оденусь» деп акцентсіз тықылдап тұруына небәрі 2-ақ ай жеткілікті болды. Оны мұндай жағдайға, жоғарыда өзіңіз атап өткендей, қазақшаға білсін деп берген орыстілді ата-аналардың балалары жеткізіп отыр. Осыдан түйгенім, педагогтің, ата-ананың қазақша сөйлегені жеткіліксіз, ата-ана да, тәрбиеші де балалардың өзара қазақша сөйлесуін және қазақтілді 20 баланың орыстілді 2 балаға еріп кетпеуін қадағалауға тиіс. Тәрбиеші орыстілді 2 баламен жеке көбірек жұмыс істеуі қажет. Ал кадр тұрақтамаған жерде жұмыстың нәтижесі ақсайды, – дейді ол.