Тарих • 24 Қазан, 2023

Тәуелсіздік тұғырнамасы

292 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ халқының егемендік үшін күре­сінің тарихи жолы қажырлы еңбек пен қай­сар­лыққа толы. Осы жолдың негізгі ке­зең­­дері туралы Президент Қасым-Жо­март Тоқаев: «Егемендікке бастайтын қа­­­сиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары мен зиялылар ұлт­­тың санасын сақтау үшін қолынан кел­­­ген­нің бәрін жасады. Адамның рухын оя­­та­­тын көркем туын­дылар өмірге келді. Ұл­­тымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Жел­­тоқ­сан оқиғасында айқын көрінді», деді.

Тәуелсіздік тұғырнамасы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Халықтың азаттық үшін күресі XVIII-XIX ғасырлардан басталды. Қазақ даласының түрлі аймағында патшаның отаршылдық саясатына, ал оңтүстігінде Орта Азия хандықтарының өктемшілдік саясатына қарсы қозғалыстар бірінен соң бірі белең алды. Олар қазақ халқының бостандық пен дербес даму жолындағы күресінің кезеңдерін айғақтайды.

Қазақ өлкесін Ресей империясының отаршылдық жүйесіне қарсы күресті XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары жалғастырды. 1905 жылы салаланған Алаш қозғалысының өкілдері, 1917 жылдан бастап Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің өкілдері автономия құру туралы идеяны ұстанды. Олар автономия аясында қазақ халқының басына төнген өткір проблемаларды еңсеру үшін қаражат мәселесін шешіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу керек екеніне сенімді болды.

Өкінішке қарай, тарих Алаш азамат­та­рының қазақ мемлекетін құрып, күшей­ту бағдарламасын іске асыру тұрғы­сын­дағы арманын жүзеге асыруға мұр­сат бермеді. Билік пен басқарудың тұтас­тай орталықтандырылуы одақтас респуб­ликалардың егемендігі мен тәуелсіздігін айтарлықтай шектеуге ықпал еткенін кейінгі жылдардағы даму көрсетті.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары ұсынған ойлар мен мақсат-мүдделер, ережелер мен қағидаттар 80-жылдардың екінші жартысы мен 90-жылдардың ба­сында жаңарып, қайта түледі. Жаңа кезең­де оқиғаға қатысушыларға іштен және сырттан төнген қатерлер мен өрке­ниет құндылықтарының дағдарысы жағ­дайында жаңа қиындықтарға қарсы тұру­ға тура келді. Желтоқсан осы кезеңнің тұң­ғыш әрі маңызды оқиғасы болды. Зерт­теу­шілердің пікірінше, бұл көтеріліс ХХ ғасыр оқиғаларының тарихындағы тота­литарлық жүйенің құлдырауына әсерін тигізген, егемен Қазақстанның қалып­тасуына жол ашқан этносаяси фактор­лардың бірі ретінде қабылданды.

Кеңес одағының ыдырауы мен жаңа тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы жаһан­дық геосаяси ахуалға әсер етіп, әлемде қа­лып­тасқан күштердің тепе-теңдігін өзгерт­ті. Тарихта жаңа республикалардың құры­луы «Тәуелсіздік шеруі» деген ат­пен қалды. Осындай жағдайда жаңа конс­титуциялық акт жобасын – Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны дайындау басталды. Үдеріске қатысушылардың айтуынша, құжатпен аса тыңғылықты, қызу жұмыс жүргізілді. Бес ай ішінде жо­ба­ның төрт нұсқасы әзірленді, екеуі ақпа­рат құралдарында жарияланып, бүкіл­халықтық талқылауға шығарылды. Негіз­гі жобаны әзірлеуге депутаттар, ғалым­дар, қоғамдық және басқа да дербес ұйымдар көптеп қатысты. Жоба Жоғар­ғы кеңес комитеттерінде, Президент кеңесі мен Үкіметтің жұмыс топтарында пысық­талды. Парламент Президиумының отырыстарында екі рет, және Президент кеңесінде екі рет талқыға түсті. «Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деп аталған жобаның осы нұсқасы Жоғарғы кеңестің қарауына ұсынылды. Осы талқылаулар алдында аз уақыт бұрын «Қазақстанның азаматтық қозғалысы», «Бірлік үшін қозғалыс» сияқты қоғамдық ұйымдар мен «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы екінші балама жобаны енгізді.

Қаралып отырған құжаттың мәртебесі де, оның мазмұнының атауына сәйкес болуы да, сипаттамада қолданылатын негізгі құрылымдар да пысықталды. Мәселен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Президиумы ұсынған жоба бастапқыда заң мәртебесінде болды. Жобаға ұсынылған түзетулерде құжатқа «заң» мәртебесін емес, «декларация» мәртебесін беріп қайта қарау туралы ұсыныстар жасалды.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация жобасын әзірлеуге еңбек ұжымдары, партиялық ұйымдар, мұғалімдер қоғамы, ғылыми бірлестіктер, ардагерлер кеңес­тері, мәдени қоғамдастық белсенді қатыс­ты. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Архивінде жобаға нақтылаулар мен өзгерістер енгізу кезінде ұсынылған сал­мақты пікірлерді, түзетулер мен ұсы­нымдарды қамтитын құжаттар сақталған. Қазақ радиотехникалық зауыты (Алматы қ.), «Каспий маңы тау-кен металлургия комбинаты» (Шевченко қ.) еңбекшілері, Жәйрем тау-кен байыту комбинатының Қиыр Батыс ашық жұмыстар кенішінің ұжымы тарапынан ұсыныстар енгізілді.

Декларация жобасы талқыланған Республиканың XII шақырылымдағы Жоғарғы кеңесінің екінші сессиясы 1990 жылы 15-25 қазан аралығында өтті. Оның бірінші отырысы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы Е.Асанбаевтың «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы дек­ла­рацияның жобасы туралы» атты баян­дамасымен басталды. Баяндама барысында Жоғарғы кеңес төрағасы жоба заң шығарушы органға ұсынылғанға дейін қызу пікірталас тудырған аса өзекті ережелеріне тоқталды. Ол баяндамасын «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғаннан кейін Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге және одақтық шартты дайын­дауға негіз бола алады» деген сөздермен аяқтады. Құжаттың айрықша маңызы да осында болатын.

Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның негізгі және балама жобалары Жоғарғы кеңесте екі күн бойы қаралды. Пікірталас кезін­де 40-қа жуық депутат сөз алды. Қатысу­шы­лардың айтуынша, ұсынылған жоба нұс­қалары мақсаттары мен идеялық бағыт­тары жағынан бір-бірімен үйлесе бер­мегендіктен, талқылау «аса қызу, ынталы және қарама-қайшылыққа толы» болды.

Конституциялық-құқықтық ғылым­ның көрнекті өкілдері С.Зиманов, С.Сар­таев, М.Баймаханов, Ғ.Сапарға­лиев Мем­лекеттік егемендік туралы декларацияның жобасын әзірлеп, қабылдауда үлкен еңбек сіңірді. Тәуелсіз мемлекеттің жоғары заң шығарушы органының алғашқы қызмет кезеңіндегі саясаттың бағыттарын айқындаған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің ең белсенді заңгер депутаттарының ішінен академик С.Зимановты атауға болады. XII және XIII сайланған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған ол ұсыныстар мен ескертулерді жинақтау, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның жобасын түпкілікті талқылау және қабылдау жөніндегі комиссияның жетекшісі болды. С.Сартаев 1990 жылы республикадағы Президент кеңесінің мүшесі болды. Қазақ тілінің мәртебесі туралы мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген де осы кісі. Мемлекеттік егемендік тура­лы декларацияның жобасын әзірлеу­ге қатысудан басқа, С.Сартаев пен М.Бай­маханов егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасы бойынша сараптамалық топтың мүшелері болды. Ғ.Сапарғалиев 1956 жылдан бастап Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Президиумының консультанты қызметін атқарды. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етті.

1990 жылы 16 қазанда Жоғарғы кеңес ұсыныстар мен ескертулерді жинақ­тайтын, Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация жобасын пысықтау жөніндегі комиссия құрды. Комиссия құрамына Парламенттің 25 депутаты, оның ішінде Жоғарғы кеңес ко­митеттерінің 7 төрағасы, сондай-ақ Жо­ғарғы кеңес төрағасының орынбасары, Республика Ғылым академиясының үш мүшесі, екі генерал – республиканың Қорғаныс министрі және КСРО МҚК Шығыс шекаралық округінің қолбасшысы, Президент кеңесінің үш мүшесі, сондай-ақ партиялық және қоғамдық топтар мен блоктердің лидерлері кірді.

Комиссияның жұмысы туралы оның төрағасы С.Зиманов былай деп жазады: «Комиссияның жұмысы күрделі және ауыр болды. Оның отырыстары он күн бойы күн сайын, кейде екі реттен өтетін. Әр отырыстың алдында мен комиссия мүшелеріне келіспеушілік тудырған жоба баптарының жаңа нұсқаларын ұсынып отырдым, сосын негіздемелер, талдаулар мен дәлелдер жасалатын. Комиссия төрағасы әрі декларация жобасының негізгі нұсқасын жасаушылардың бірі ре­тінде депутаттардың блоктерін бітім­ге келтіру мақсатында, өзімнің қатаң ұстанымдарымды өзгертпестен, баптар­дың өзара ұтымды формулаларын іздеп, табуға тура келді. Топтар мен блоктер ара­сындағы келіспеушіліктердің күрде­лі болғаны соншалық, Декларация жоба­сының көптеген баптары бойынша бір-бірін қанша көндіруге тырысқанымен, комис­сия мүшелерінің (5 мүшесі үнемі қатыс­пады) дауыстары ұсынылып отыр­ған жобаны жақтап 11 де 10, 10 да 9 болып бөлінді».

25 қазанда Жоғарғы кеңестің жалпы отырысында келісу комиссиясы жұмысының қорытындылары жөніндегі баяндама бойынша Республиканың мем­лекеттік егемендігі туралы деклара­цияның жобасы талқыланды. Талқылау 6 сағатқа созылды. 17 тармақтың әрқайсысы қызу даумен қаралды. Дауыс берудің қорытындысы бойынша депутаттардың көпшілік даусымен декларация қабыл­данды. Сол күні №307-ХІІ қаулыға қол қойылды.

Декларацияға сәйкес республика егеменді мемлекет болып жарияланды. Құжатта алғаш рет Қазақстанның егеменді құқықтары туралы ережелер бекітілді, белгіленген шекаралар шегін­де аумақтың бөлінбейтіні мен қол сұғыл­мау қағидаттары, республиканың азамат­тығы институты, Қазақ КСР-і мемле­кеттік билігінің республика ішіндегі, сон­дай-ақ одақтық шартта айқындалған шең­берде сыртқы қатынастардағы үс­тем­дігі, дербестігі, толыққандылығы бекітілді, Қазақ КСР Конституциясы мен заңдарының үстемдігі белгіленді, Қазақ КСР-нің егеменді құқықтары мен Конституциясын бұзатын және оған қайшы келетін одақтың жоғары органдарының заңдары мен басқа да актілерінің респуб­лика аумағында қолданылуын тоқтата тұру құқығы бекітілді.

Республика аумағындағы ұлттық байлық – жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурс­тар, халықтың мәдени және тарихи құн­ды­лықтары, экономикалық, ғылыми, тех­никалық әлеуеті, Республиканың халық­аралық қатынастардың дербес субъек­тісі болу, өз мүддесі үшін сыртқы саясат­ты айқындау, дипломатиялық және консулдық миссиялар алмасу, халық­аралық ұйымдардың қызметіне қатысу, сыртқы саяси қызмет мәселелерін дербес шешу құқығы Республиканың айрықша меншігіне жатқызылды.

Декларацияда республиканың барлық азаматы үшін бірдей лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтылысы көрініс тапты, экологиялық дағдарыс көзі объек­тілердің қызметі мен жұмыс істеуі­не тыйым салатын эколо­гиялық қауіпсіз­дік қағидаттары қаланды.

Декларация Қазақ КСР-нің маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау, сақтау және күшейту, қазақ ұлты­ның төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту, Қазақстанда тұра­тын қазақ ұлты мен басқа ұлттардың абы­ройын қорғау міндетін бекітті. «Декла­рацияның бүкіл өн бойында адамды қай ұлтқа жататынына, наным-сені­міне қарамастан, тең құқылы және еркін тұлға ретінде қабылдау, осының негі­зінде Рес­пуб­лика аумағында тұратын халық­тар­дың бірлігі мен достығына қол жеткізу және оны нығайту қажеттілігі туралы идея тұ­нып тұр...», деп атап көрсетеді С.Зиманов.

Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдаудың маңызы туралы оқиғаның куәгерлері көп жазды. Академик Ғ.Сапарғалиев қабылданған декларацияның құқықтық сипаты туралы айта келе, бұл жай ғана «Ниет декларация­сы» емес, нормативтік сипаттағы декларация деп жазады. С.Зиманов та осындай пікірде болып, былай дейді: «Жоғарғы кеңес қабылдаған декларация ниет қана бола алмайды, бұл конституциялық заңмен тең. Мен Егемендік декларациясының заңды түрде қабылдануы мемлекеттік тәуелсіздіктің бастауы екеніне сенімдімін. Бұл – біздің мемлекетіміздің туған күні». Осылайша, декларацияда республиканың тағдыры мен мәртебесін, экономика, мәдениет, заңнама салаларындағы және аумақтық кеңістігіндегі биліктің үстемдік етуінің ауқымы мен шегін айқындайтын қағидатты ережелер бекітілді.

2022 жылы маусымда Ұлытау облы­сын­­дағы алғашқы Ұлттық құрылтай­да Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осы жыл­дың 29 қыркүйегінде тиісті заңға қол қойылды. «Республика күні елдің мем­лекет құру жолындағы тарихи қа­дамының символы болуы керек», деді Президент. Осылайша, «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декла­ра­цияның отандық жаңа тарихтағы конституциялық маңызы бар тұңғыш акт, қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің ұлтты топтастырушы негізі ретіндегі мәртебесі саяси деңгейде расталды.

Мемлекеттік егемендік туралы дек­ла­ра­цияның қабылдануымен елдің тәуел­сіздік жолындағы жаңа кезең бастал­ды. Бұл, ең алдымен, құжаттың тарихи маңызын айшықтайды. «Әрине, мұн­дай қадам жасау оңай болған жоқ. Еліміз­дің сол кездегі саяси-әлеуметтік және де­мог­рафиялық ахуалы тұрғысынан қара­сақ, бұл өте батыл әрекет болатын. Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі», деп атап көрсетті Президент.

Егемендік декларациясы қабылдан­ғаннан кейін оның идеяларын Қазақстан­ның мемлекеттік құрылысының негізіне енгізу қажеттігі туралы мәселе туындады. Тәуелсіздік жарияланғанға дейін бір жылдан аса уақыт бұрын дербес дамудың негіздерін қалаған конституциялық сипат­тағы актілер қабылданды. Декларацияда белгіленген мемлекеттік құрылым қағи­датт­ары республиканың әлеуметтік, эко­но­­микалық, саяси және мәдени дамуына қатысты басқа да нормативтік-құқықтық актілерде көрініс тауып, дамытылды.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі Тәуел­сіздік туралы Конституциялық заң қа­­былдады. Республика дербес мем­ле­кеттік даму жолына түсті, бұл бірін­ші кезекте, оның сыртқы саяси әлеуе­тін іске асырудан көрінді. 1992 жылы 23 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының БҰҰ мүшелігіне қабылданғанын жария­лады. 1992 жылғы маусымда осы халық­аралық ұйым жанынан Қазақстан Республи­ка­сының Тұрақты өкілдігі ашылды. 1996 жылға қарай Қазақстан әлемнің 105 мем­ле­­кетімен дипломатиялық қарым-қаты­нас орнатты. Бұл – республиканың әлем­дік аренадағы беделінің өсуіне ықпал етті.

Осылайша, декларация Қазақстан халқының егемендікке, ұлттық мемлекет­тілігін мызғымастай етіп орнатуға деген нысаналы ұмтылысының нақты нәтижесіне айналды. Оның барлық нормалары мен құнды қағидалары Қазақстан Республикасы Конституциясының қағи­даттарында, конституциялық заңдарда және салалық заңнамада көрініс тапты. Олар қыруар еңбекті талап ететін аса күр­де­лі және сан қырлы міндетті шешу­ге бағыттала отырып, қоғам мен мемлекетті жаңғыртып, қалыптастыру үдерісінде шешуші рөл атқарды.

 

Әлия МҰСТАФИНА,

Президент Архивінің директоры