Ишандар мектебі – имандылық ұйытқысы
Өз заманының белді діни қайраткері атанған Айқожа Темірұлы – қазақ даласында ағартушылық істі өрістеткен ишандар мектебінің белді өкілі. Ұлтқа көпе-көрнеу жасалған отаршылдық саясатқа тосқауыл қойып отырған ықпалды әлеуметтік топтың патша заманында да, одан кейінгі большевиктік билік тұсында да қолдау таппағаны белгілі. Керісінше, қуғынға түсіп, қиындық көрсе де елді, имандылыққа тәрбиелеу, Шығыс ойшылдарының мұраларын зерделеу арқылы түрлі бағыттағы ізденіске жол ашу, халықты түрлі дерттен емдеу секілді салмақты міндетті арқалаған қайраткерлер өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін ұлтқа қалтқысыз қызмет етті.
Айқожа ишан 1773 жылы Жаңақорған өңірінде дүниеге келіп, туған топырағында сауатын ашқаннан кейін шамамен 1885 жылы әуелі бір жыл Ташкентте, 4 жыл Бұқарада оқыған. Одан әрі 10 жыл Ауғанстандағы белгілі діни ғұлама Ислам Шайхтың шәкірті атанып, оқуды бітірген соң ұстаздан шатырхат (диплом) алады (1-сурет).
Ауғанстаннан туған топырағына оралып, көзі жұмылғанша еліне қызмет етіп кетеді. Патшалық Ресей зерттеушілері де Айқожа ишанды сол кезеңдегі белді діни қайраткер ретінде суреттеген.
Ташкенттегі архивтен алынған құжаттар дерегі бойынша ишан 1808 жылы Қоқан ханы Мұхаммед Шарифтың бұйрығы бойынша Жаңақорған елді мекеніне қазы болып тағайындалады, 1816 жылы Қоқан хандығынан Әбул Музаффар және Әл Мансур Әмир муслимин Мұхаммед Умар Бахадурхан бұйрығы бойынша осы елді мекенде қазылыққа қайта тағайындалады. Құжаттарды Айқожа ишанның 1832 жылы да Жаңақорғанда осы қызметті атқарғаны тұрғаны туралы деректер бар (2, 3, 4-суреттер).
Сексен төрт жасында 1857 жылы дүниеден озған Айқожа Темірұлы 4 әйелінен Ибадулла, Жұмаділла, Ибрайым-Шайых, Мамырайым-Шайых, Смайыл, Ысқақ, Реметулла, Пірше, Сапар, Мұсахан, Іскендір есімді 11 ұл сүйеді. Балалары ізіне жақсылықтың дәнін сепкен әке жолын жалғап, ел арасында діни қызмет атқарды. Аумалы-төкпелі заманда руханият шырағын маздатқан ишан ұлдарынан тараған ұрпақтарына кеңестік саясат қырын келді. Айқожа немерелері Сейдахмет, Оспан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Усейн, Ата мағзұмдар, Сәруар ишан, шөберелері Әззам ишан, Омар, Жапар, Бұрхан, Мәді, Махмұт ишан, Әлмұхаммед ишан, Инаят мағзұмдар ел асып, бас сауғалады. Елде қалғандары абақтыға жабылып, теперіш тартты. Олардан өрбігендердің өзі қазір бір қауым елге айналып отыр. Ал ишанның әзіз есімі тәуелсіздігімізді алғаннан кейін қайта жаңғырып, ел ортасына оралды.
Бірақ өткеннің бәрін мансұқтап, кешегіні күресінге тастатқан кеңес билігі кезінде де рухани көсемнің бейнесін көпшілік көмескілендіре қойған жоқ. Олай дейтін себебіміз бабаның ақырғы мекені болған Ақтастағы ғажайып кесене. Үлкен ұлы Ибадулла соққан кесене аумағынан немересі Ата мағзұм мешіт салып, ол сол кезеңдегі архитектуралық сәулет өнерінің озық үлгісі саналған. Халық кірпіш құйып, Самарқанттан келген шеберлер салған ғимарат құрылысын ел арасынан шыққан ауқатты азаматтар қаржыландырыпты деседі. Төбесіне шыққанда Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстанбаб кесенелері көрінетін ғимарат сол замандағы еңселі құрылыс болыпты.
Бесарық аулынан оңтүстік-батыс бағытқа қарай 11 шақырым қашықтықтағы осы кесене басынан қай заманда да адам аяғы үзілмеген. Тіпті кеңестің келте ойлы атқамінерлері қараусыз қалдырып, қорламақ болғанда да ел имандылық үйін аяқасты қылуға жол бермеген. Тіпті ғайыптың күшімен шет мемлекеттерден арнайы келіп, кесенені тазалап, оның көздің қарашығындай сақталуына сеп болғандар да кездескен екен.
Қажылық жасаушылар Меккеге сапардан бұрын маңына жиналатын Ақтас мешіті қайталанбас өнер туындысы ретінде 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіші тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды. Көп ұзамай қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде айналасы абаттандырылған имандылық ұясын баба ұрпақтары күтімге алған.
Игілікті істің нәтижесі
Қайраткердің туған жерінде мешіт пен білім беру орталығын салып, ел игілігіне беріп отырған осы ишан ұрпақтарының бірі – Талғат Әшімов есімді азамат. Мешіттің ашылуында осы бастамасы арқылы елдің дәстүрлі танымнан табан ажыратпауына өлшеусіз үлес қосқан Талғат Әзімханұлына ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» бас имамы Болатбек Ұласқанұлы көп алдында ризашылығын жеткізіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғысхаты мен арнайы сыйлығын табыс етті.
– Бүгінгі ашылып жатқан Айқожа бабамыздың атындағы мешіт пен медресемізді Алла құтты, берекелі етсін. Таңмен таласып, бала-шаға, отбасымызға шарапаты тисін деген ниетпен келіп тұрған ағайын тілектеріңіз қабыл болсын. Сыр бойында 185 мешіт болса, бүгін Жаңақорғанда ашылған имандылық үйі осындай руханият бесігінің қатарын көбейтіп отыр. Өзге аудан орталықтарында бірлі-екілі мешіт болса, осы Жаңақорған кентінің өзінде 7 имандылық үйі бар. Бұл аудан халқының ауызбіршілігінің, ынтымағының көрінісі, – деді облыстың бас имамы.
Мешіт пен оқу орталығының ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков көпшілікті құттықтап, Айқожа ишан өмірінің соңына дейін халықты діни-ағарту ісімен айналысқан тұлға екендігіне тоқталды. Жұртты жақсылыққа тәрбиелеп, адастырмас тура жолда болуына септігі тиетін мына орталық имандылық ишан ұрпағының жүрегінен де берік орын алғандығын көрсететінін атап өткен ол жиналғандарға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқып берді.
Аймақ басшысы өз лебізінде Айқожа туған жерге туын тігіп, бұқараға қызмет етуі де өнеге екендігінен бастап, көзқарасы айқын, санасы сергек, дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеуде ғұлама ғалымның мұраларын ұрпаққа жеткізіп, насихаттау үшін рухани бастаманы ұйымдастырушыларға алғысын жеткізеді.
Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденің иегері, Жаңақорған, Сырдария, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев Жаңақорған ауданын басқарған тұстағы тарихи Ақтас мешітін абаттандыру бастамасын сөз етті. Мешіт лентасы қиылған сәттен кейін баба ұрпағы Ұзақбай Зекенов ақсақал көпке бата берді.
Мешіт алдында «Айқожа ишан: Әулеттің асыл мұрасы» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, баба өмірі мен қызметі, ұрпақтары жайлы жаңа туынды көп игілігіне айналды. Кітап авторы – осы бағытта ұзақ жылдардан бері ізденісін үзбей келе жатқан белгілі журналист Айгүл Уайсова. Әріптесіміз әлі күнге қазақ жеріндегі діни ағартушылар мұрасын зерттеуде біржақты көзқарас басым түсіп жатқандығын айтады.
Оқу орталығының бір бөлмесі музейге айналдырылып, ишан тұтынған, ұрпақтары кәдеге жаратқан жәдігерлер қойылыпты. Музей төрінде Айқожа бабаның тақиясы тұр. Ишанның үлкен ұлы Ибадулладан тарайтын жетінші ұрпағы Хасен Кәрәмат бізге көне Құран кітабы мен киелі мұра сақталған былғары қаптың тарихын таныстырды. Талай ғасыр өтсе де, сыны бұзылмаған самауыр да келушілер назарын аударады. Бізді тарихи мұраны тасаламай, көпшілікке ұсынған ұрпақтарының бастамасы қуантты.
Дінтанудағы көкейкесті тақырып
Баба рухына бағышталған аста белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы «төрелер мен қожалар» институты әлі күнге ғылыми зерттеулер аспектісіне айнала қоймағандығына қынжылыс білдірді. Қаратаудан кәріз қаздырып, су шығарған, елді егін егуге баулып, медресе-мешіт салып, білім берген, саяси қайраткерлігі мен діндарлығы қатар сомдалған Айқожа ишан өмірі мен қызметін тани түсуге деген талпынысқа тілектестігін жеткізді.
– Сол тұстағы тарихи танымдық ірілі-ұсақты оқиғалар да Айқожа ишан тұлғасымен салыстырыла зерттелуге тиіс. Сонымен қатар оның ұрпақтарының да дерек-мәліметі нақтылануы керек. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі алдында бабадан тараған 60 адам оққа байланды деген дерек бар. Осыдан-ақ ишанның қазақ даласындағы дін Исламның білім беру жүйесіндегі орны мен рөлі айқындала түседі, – дейді ғалым.
Ауғанстаннан келген ишанның ұстазы Ислам шайх ұрпақтары бастамаға ризашылықтарын білдірді. Екі күнге созылған іс-шарада бір байқағанымыз, салынған мешіт пен орталықты көпке көрсетуден бөлек, бабаның өмір жолын, тұлғалық болмысын таразылау, елге жасаған қызметі жайлы нақты дерек жинау, оны кейінгі ұрпақ кәдесіне жарату ниетінің басым болғандығы. Осы істің бәріне баба ұрпағы Талғат Әзімханұлы бастамашы болып, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Айқожа ишан және Сыр бойындағы тасаввуф иелерінің функционалдық қызметтері мен қилы тағдыры» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда зерттеулер қорытындысынан бөлек келелі ойлар, ұтымды ұсыныстар айтылды.
Кәсіпкер демеушілігімен 3 кітап жарыққа шығып отыр. «Айқожа ишан: Әулеттің асыл мұрасы» атты бірінші кітапта Айқожа ишан ұрпақтарының Жаңақорған өңірінде халыққа қамқорлық танытып, имандылық қалқаны болып, қазақ даласындағы дін Исламның гүлденуіне қызмет еткені баяндалады. Сонымен қатар ишан және мақсымдардың, шейхтардың және ата жолынан ажырамаған бүгінгі ұрпақтарының мұрасын қамтыған жинақ қалың оқырманға арналған. «Өзімнің білгенімді сөз қылайын» деген келесі туынды Айқожа ишан ұрпақтарының қолжазбалары негізінде құралыпты. Осыдан елу жыл бұрын Карамат Әбіләмитұлының жазып қалдырған жазбаларынан «Һарут уа Марут» қиссасы мен Нұралы Нысанбайұлының «Үш мұңлы» қиссасы, сонымен бірге Сейдахметұлы Жапар мағзұм мен Әбдіғаппар (Қапаш) Іскендірұлы жазып қалдырған зікірлерін баяндайды.
Үшінші кітап – Самарқанд қаласындағы Имам Бухари атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының доценті, теология ғылымдарының докторы Михрожиддин Амоновтың «Орта Азиядағы Нақшбандия-Мужаддидия тариқаты» кітабының аудармасы. Жақында баспа жүзін көрген туынды жұрт қолына тиді.
Михрожиддин Амоновтың зерттеуі бойынша сопылық жолының силсәләсі сонау Абу Бакр Сиддиқ розияллоҳу анҳуден (ваф. 13/634) басталып, Түркістан өңірінен Айқожа ишанмен аяқталады.
Конференцияға алыс-жақын мемлекеттерден 140-қа жуық ғалым шақырылып, баяндама жасаушылар Қазақстандағы сопылық жол, Тасаввуф иелерінің мұрасы, өткен ғасырдағы діни мектептер туралы, сондай-ақ Сыр өңіріндегі дін Исламның қалыптасуындағы Айқожа ишан мен замандастарының миссиясы мен рөлі жөнінде таразылады.
Конференцияда философия ғылымдарының докторы, профессор Әміреқұл Әбуов ізгілікті іске табыс тілеп, ризашылығын білдірді. Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Мансұров діни мектеп қалыптастырған, әулиелік сипатқа ие ишандар мектебінің ұлт руханиятындағы алар орнына тоқталды. Олар білім беру дәстүрінде тек Құран, хадиспен шектелмей дүнияуи ілімге де ден қойған.
– Ишан дегеніміз – әулиелік таным сипаты. Біздің өткеннен дәуір дәстүрінен алшақтағанымыз соншалық қазір осы әулиелік сипат дегенді де таныта алмай жатырмыз. Бұл кісілер сол кездегі салт пен дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, халықтың ұлттық болмысын сақтап қалатын бірлік пен ынтымаққа негізделген мектеп құрған. Танымалдық та, тақуалық та осы үш негізден бастау алады. Бабалардың осындай ерекшелігі болмаса, артынан халық ермейді. Осыдан да кеңестік саясат әуелі осындай тұлғаларға кәрін төккен, – дейді ғалым.
Тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын ишан әулетінен 20-30-жылдары қуғын көрген Ибадуллаұлы Сәруар ишан туралы деректер айтты.
– Сәруар ишан туралы құжаттар әлі толық қолымызға тиген жоқ. Барын там-тұмдап материалдарға енгізіп жатырмыз. Өзгеше тағдырды бастан кешкен әулетке жасаған құрметтеріңізге ризамыз. Мешіт те, оқу орталығы да тамаша. Мынадай бір мәселені айтқым келеді. Өзі басқарып отырған мешіт атын иеленген тұлғаны танымайтын имамдар да бар. Оларды білімсіз дей алмаймыз, дені шетелден оқып келген мамандар. Бірақ ұлттың өткенінен, тұлғалар тарихынан хабарсыз. Осы жағын ескерсек, дұрыс болар еді, – деді ғалым.
Бабалар салған жол
Осы күні көп жылдан бері ишан тарихын зерттеп жүрген азаматтарға да құрмет көрсетілді. Ел азаматтары баба рухын тірілтпек талап жолында жүрген белгілі режиссер Қалила Омаровтың иығына шапан жапты, әріптесіміз Айгүл Уайсоваға да осындай ілтипат жасалды.
– Көп жылдан бері ойға алған істің орындалуына себепкер болған Талғат Әшімов бауырымыз, – дейді режиссер.
– Азаматтың қолдауымен Өзбекстандағы Самарқан, Бұқара, Қоқан, Ташкент қалалары архивтерінен дерек іздедік, Ауғанстанға сапар шегіп, деректі фильм материалдарын таспаладық. Сапар барысында бабамыздың ұстазы Ислам шайх ұрпақтарымен тілдестік. Бабамыз оқыған медресені көріп, тәу еттік. Енді Жаңақорғаннан басталған той Алматыда жалғасады деп отырмыз. Қазақты отаршылардың діни басқыншылыған аман алып қалған ишан жайлы қойылым премьерасы өтеді. Бейнелеу өнері бағытында да ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылады, – дейді режиссер.
Ауған жұртты ізіне жақсылықтың дәнін сепкен әулиені «Осиёб Айқожа» деп таниды екен. Бұл «диірменші Айқожа» дегенді білдірсе керек. Баба ізімен жол шеккен Талғат Әзімханұлы Хожа Баҳоуддин Нақшбанд Бухорий айтты дейтін «Бір қолың кәсіпте, жүрегің Аллада болсын» деген қағида осыдан қалғанын айтады.
Бұл пікірді баба ғұмырын зерттеуден түйген өзбекстандық ғалым Михрожиддин Амоновтың байламы тірілте түскендей болды. «Ғұлама деңгейіне жеткен әрбір тұлға Алланы жете танумен қатар қарапайым еңбекті алдыңғы қатарға шығарады. Қолы – кәсібінде, Алласы – жүрегінде болған жанның ғана несібесі мен берекесі таусылмайды. Мен білімнің биігіне жету үшін тынбай еңбектенген Айқожа ишанды осындай мүмін бейнесінде көремін», деді ол. Өмір жолы қазақ мемлекеттілігімен біте қайнасып жатқан тұлғаның тарихи бейнесін көрсетуге арналған конференция материалдары кейін жеке еңбек болып шығады.
– Жалпы, қазір бабамызды мақтан тұтқаннан гөрі олардың өнегесін кейінгілер үшін адамдық пен адалдықтың арқауына айналдырғанымыз дұрыс. Өздеріңіз көріп отырған мешіт пен медресе осындай мақсатта бой көтерді. Бүгінгі конференцияда ғалымдар небір тың мәліметтер, ұтымды ұсыныстар айтып, салиқалы әңгіме сорабын салды. Кешегі өткен үлкендеріміздің қолына су құйып, батасын алған біздер үшін аталарымыз жайлы әр дерек алтыннан қымбат. Енді осыны кейінгі жастардың құлағына құюымыз керек. Кітап шығарып, шәкірттерге мешіт-медресе соғып жүргендегі ойымыз осындай тәрбие тінін кейінге жалғау еді. Ниетімізді түсініп, қолдау танытқан барша ағайынға алғыс айтамыз, – дейді Талғат Әзімханұлы.
Оның айтуынша, деректердің көпшілігі ишан ұрпақтарының үйінен табылыпты. Талай жыл тасада сақталып келген құнды мұралар енді ел игілігіне жарайды. Атадан қалған тағы қырық шақты кітап бар екен. Талғат Әзімханұлы алда медицина, шариғат ілімі, жаратылыстану, басқа да бағыттарда шағатай тілінде жазылған құнды мұраны қазақшаға аудартып, бастырып шығуды жоспарлап отыр.
Қаратаудың қойнауын қуанышқа бөлеп, өлмес рухтың рәуішін сепкен іс-шарадан көп ой түйдік. Өткенімнен тамыр үзбеймін деп аталар рухын жаңғыртқан азаматтарға ел ризашылығына куә болдық.
Қызылорда