Кешке ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, академик Уәлихан Қалижан, әдебиеттанушы Бауыржан Омаров, әншілер Айтбек Нығызбаев, Гүлмира Сарина, белгілі күйші Жанғали Жүзбай және елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кештің әлқиссасы университет студенттерінің ақын өлеңдерін жатқа оқуымен ашылды. «Домбыра», «Үш тал үкі», «Алаша», «Қолтаңба» сынды өрелі өлеңдер оқырман қауымның ықыласына бөленді.
Ақын Ғалым Жайлыбай қаламгерге арнау жырын оқыды.
– Бауыржандардың буыны әдебиетке үлкен толқын болып келді. Бауыржан Омаров бұл буын туралы жақсы жазып жүр. Бауыржан Жақып – өз әлемі, өз болмысы, табиғаты бар ақын. Жаңа оқылған «Алаша», Үш тал үкі» сынды өлеңдер ұлт поэзиясының жетістігі деп айтар едім,–деді ол.
Белгілі журналист, ғалым Бауыржан Омаров студенттік шақтарды еске алып, ақын досының жырын жатқа оқығанда көрермен қауым ризалықпен қол соқты.
«Біздің кездегі студенттердің бәрі оқуға өлең жазып келетін. Бәсекелестік өте жоғары еді. Светқали Нұржан, Бауыржан Үсенов, Нұрлан Мәукенұлы, Гүлнар Салықбай, Бауыржан Жақып сынды ақындар жыр жазатын. Бауыржан Жақып барлық жас ақындар секілді әуелі махаббат лирикасынан бастады, түрлі эксперименттерге барды. Ол жырлар Алматының сол кездегі ауасы сынды тап-таза, мөлдір болатын», – деді Б.Омаров.
Сұрақ-жауап форматында өткен кеште әрқилы сауалдар қойылып, ақынның өлеңімен бірге өмірінен қызықты сырлар ақтарылды. Бауыржан ақын жақында өмірден өткен ақын ағасы Несіпбек Айтұлын қайғыра еске алып, оның қазақ поэзиясындағы биік орыны туралы айтты. Алдыңғы буын ағаларымен бірге соңынан ерген інілерінің атын атап, зор үміт күтетінін жеткізді.
Кеш соңында ақын университет кітапханасына кейінгі кездері шыққан бес кітабын сыйға тартса, ректор Ерлан Сыдықов ақынға университеттің ең жоғары марапаты «Күлтегін» медалін тағып, құрмет көрсетті.