Сайлау • 01 Қараша, 2023

Аудан әкіміне кім лайық?

255 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

5 қарашада Атырау облысында Исатай және Қызылқоға аудандарының әкімдері сайланады. Екі аудан тұрғынының сенімін ақтап, әкім орын тағын иелену үшін 6 үміткер тіркеліп отыр. Алтауы да мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.

Аудан әкіміне кім лайық?

Екі ауданның бір-бірімен ұқсастығы да, өзгешелігі де бар. Ұқсастығына тоқталсақ, қос ауданда да мұнай өн­діріледі. Ауыл шаруашылығы саласынан табыс тауып, кәсібін кеңейткендер қатары аз емес. Екі ауданда да елімізге танымал тұлғалардың кіндік қаны тамған. Мәселен, Исатай ауданынан Құрманғазы Сағырбайұлының алғашқы шәкірті, күйші Дина Нұрпейісова, Қазақстанның халық жазушылары Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, жазушы Нәбиден Әбуталиев, ал Қызылқоға ауданының топырағынан Алаш қайраткері Халел Досмұхамедов, академиктер Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов секілді ел ардақтылары түлеп ұшқан.

Қос ауданның аумағымен «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» бағытындағы күре жол өтеді. Бір қызығы, екі аймақ та Батыс Қазақстан облысының аудандарымен шектеседі. Теміржол бойында орналасқан елді мекендері бар.

1928 жылы құрылған Исатай ауданы­ның кеңес кезеңіндегі атауы Новобогат аталған еді. Бірнеше рет таратылып, Махамбет ауданына қосылған. Кейін қайта құрылғанда ауданға Исатай атауы берілді. Қазір бұл ауданда 7 ауыл­дық округ, 16 елді мекен бар. Тұрғындар саны 30 мыңға жуықтап қалған.

Ал Қызылқоға ауданының іргесі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көтеріліп, 1944 жылы құрылған. Бұл – өңірдегі ең шалғай ауданның бірі. Бұрын республикадағы артта қалған аудан­дардың қатарында болды. Еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін де алға оза қойған жоқ. Қазір аталған 10 ауылдық округтегі 26 елді мекенде 31 710 тұрғын бар.

Бұл ауданның тағы бір өзгешелігі, кезінде Тайсойған полигонымен аты шыққан. Өйткені Тайсойған 1949 жылдан әскери полигонға айналып, мұндағы ядролық сынақ 1952 жылы басталған. Әскери полигонда 1966-1977 жылдары 24 мәрте ядролық жарылыс жасалған. Жарылыстың жер астындағы тереңдігі 500 метрге дейін жеткен. Әскери полигон 3 учаскеге бөлініп, аумағында 2 мың тоннадан астам соғыс техникасының қалдықтары шашылып қалған. Ядролық сынақтың салдарынан қатерлі ісікке, өзге де айықпас дертке шалдыққандар, жарымжан болып өмірге келгендер туралы дерек өте көп.

Осындай деректермен ұқсастығы мен өзгешелігі «менмұндалап» тұратын екі ауданда алғаш рет қанатқақты жоба түрінде әкім сайлауы өткелі отыр. Бірақ бұл сайлауға қатысуға саяси партиялар да, өзін-өзі ұсынған үміткерлер де көп емес. Саяси ұйымдардан «Amanat» партиясы екі аудан әкіміне бір-бірден, ал Қазақстан халық партиясы бір үміткерін қосты. Үміткерлердің үлкені – 51-де, ең кішісі 37 жаста.

Мәселен, Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашевтің айтуынша, әкім сайлауына қатысуға үш кандидат ниет білдіріпті. Екі кандидатты саяси партиялар ұсынған. Ал бір үміткер өзін-өзі ұсынып отыр.

«Барлық үміткердің «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тиісті органдардың тексеру қорытындыларымен анықталды. Исатай ауданының әкіміне кандидат болып «Amanat» партиясынан ұсынылған Нұрым Мусин, Қазақстан халық партиясынан Рашид Мұқанов, өзін-өзі ұсынған Асылан Ғұбаш тіркелді», деді Қабыл Ғұбашев.

Ал Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсот Мұқановтың дерегіне сүйенсек, мұнда әкім лауазымы үшін бастапқыда төрт кандидат құжат тапсырыпты. Бір таңда­нарлығы, бұл ауданда бір саяси партия ғана үміткерін ұсынуға қадам жасады, Үш үміткер өзін-өзі ұсынғанымен, оның біреуі саяси додадан шет қалды.

«Төрт үміткердің құжаттары тиісті органдарға жолданып, Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссия­сы­ның хаттамасымен талапқа сәйкес­тігі анықталды. Заңдылыққа сәйкес Қызылқоға ауданының әкіміне үміткер ретінде «Amanat» партиясынан Қанат Әз­м­ұханов, өзін-өзі ұсынушылар Мағ­жан Жексенов пен Сәндібек Салықов тір­келді. Бір үміткерді қажетті құжат­тар­ды ұсынбағаны үшін тіркеуден бас тар­тылды», деп мәлім етті Мақсот Мұқанов.

Өңірде аудан әкімінің сайлауына түсуге бел буғандар кімдер? Алдымен айтарымыз, үміткерлердің бәрі де мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Екіншіден, Исатай ауданында жаңа әкім қызметке келетіні анық. Өйткені осы лауазымға 2021 жылғы наурызда тағайындалған Полымбет Хасанов сайлау додасына қатыспай отыр. Керісінше, аудан әкімі сайлауында бақ сынайтын үш үміткердің бірі биыл мәслихаттың төрағасы болып сайланған. Ал екіншісі былтырғы шілдеде аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған. Өзін-өзі ұсынған кандидат ауданмен аттас ауылдық округтің әкімі қызметін атқарады.

Қызылқоға ауданында үш әкім бір-біріне қарсылас болып отыр. Оның бірі – қазіргі ауданның, екеуі ауылдық округтің әкімі. Үміткерлерге 18 614 сайлаушы дауыс береді.

«Ауданда 19 дауыс беру учаскесі бар. Сайлау комиссияларының 110 мүшесі саяси партиялардан, 34-і қоғам­дық бірлестік өкілдерінен құралған. Шалғайдағы елді мекендерде 632 сай­лаушы тұрады. Ең алыс учас­ке аудан орталығынан 95 шақырымда орна­ласқан», дейді Мақсот Мұқанов.

Тұрғындар әсіресе аудан әкімі сайлауы­нан үміт күтеді. Өйткені аталған аудандарда түйіні тарқатылмаған әлеу­меттік мәселе жетерлік. Мәселен, Исатай ауданында тұрғын үй құрылысын жүргізу шешімін таппай отыр. Жол құры­лысында кемшілік, бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау дерегі бар. Қызылқоға ауданында осы кезге дейін табиғи желісіне қосыл­маған елді мекендер бар. Сол себептен, тұрғындар қыста пешке, жазда қазандыққа тезек жағып, шелектеп күл шығаруға мәжбүр. Кейбір ауылдардағы қандастар ауыз суды терең құдықтан қауғалап тартады. Малын да солай суғарады.

Қорыта айтқанда, қос өңірге де ауыл тұрғындарын толғандыратын әлеуметтік мәселерді оң шешетін, елдік мүддені ойлайтын іскер әкім қажет. Дегенмен әлеуметтік желіде жекелеген кандидаттың іскерлігі туралы жазып жатқандар бар. Тек сайлаушылар тарапынан белсенділік қажет-ақ. Дауыс санау кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекет болмаса, тұрғындар сенім артқан үміткердің әкім лауазымын иеленері дау тудырмайды.

 

Атырау облысы