Қоғам • 02 Қараша, 2023

Жауапсыздық: салдар мен сабақ

214 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде жол ережесін сақтау бойынша шаралар қабылданып, заңдар қатайтылып, жол бойына камералар орнатылғанына қарамастан, жол апаты мен соның салдарынан болған адам шығыны азаймай тұр. Бас прокуратура жариялаған жол-көлік оқиғалары деректері жол үстінде қаза тауып жатқандар қатары әлі де көп екенін көрсетеді.

Жауапсыздық: салдар мен сабақ

Биылғы 9 айда елімізде 9,8 мың­нан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 14 мың адам зардап шеккен. Ал 1,6 мың адам қаза тауыпты. Яғни шама­мен әрбір алтыншы апат адам өліміне әкеп соқтырған. Қай­тыс болғандардың ішінде 210 кәме­летке толмаған бала, 488 әйел бар. Басым бөлігі ер адамдар. Ажалы жол үстінде келгендердің 447-сі көлік жүргізушісі болса, 660 адам – көлікте болған жолаушы. Соны­мен бірге 485 жаяу жүргінші бар.

Жалпы, жол апаттарының санын аймақтарға бөлсек, Алматы қаласы бәрінен «оза шауып» тұр. Жыл басынан бері еліміздің ең ірі мегаполисінде 2 556 жол-көлік оқи­ғасы тіркеліпті. Екінші орында – Алматы облысы (961 оқиға), үшін­ші орында Жамбыл облысы (695) тұр. Түркістан облысы 616 оқи­ғамен төртінші орыннан көрін­се, елордамыз 5-орында (570).

Жол апаттарының себептері де әртүрлі.  Ең көп оқиға жылдамдық­ты асыру салдарынан болса, одан кейін жаяу жүргіншілерге жол бермеу, жол белгілерін сақтамау және өзге де себептер бар. Жол-көлік оқиғаларының 88 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болса, олардың 305-і алкогольге немесе есірткіге мас күйде рөлге отырғаны анықталған.

Бас прокуратураның мәліме­тін­ше, өкінішке қарай, зардап шек­кендер арасында 17-21 жас аралы­ғындағы азаматтардың саны басым. Бұл оқиғалардың көп бө­лігі, яғни 7380 жол-көлік оқиға­сы елді мекендердің ішінде болған. 1 703 оқиға халықаралық, респуб­ликалық маңызы бар трассаларда, 789-ы облыстық, аудандық маңы­зы бар жолдарда тіркелген. Сон­дай-ақ жол апаттары негізінен күн­дізгі уақытта (6 120 оқиға) тіркел­се, түнде тек 1140 оқиға болған.

Күз басталып, еліміздің солтүс­тік аймақтарында мұз қату мен қардың ерте түсуіне байланысты жолда жүру қолайсыз бола түсетіні белгілі. Салдарынан апат қаупі де артады. Осыған орай автокөліктің техникалық жай-күйін қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру, уа­қ­тылы қысқы дөңгелек салу, бел­гіленген жылдамдық режімін сақ­тау, жолдарда өте мұқият болу, жол қозғалысы ережелерін сақтау қа­жеттілігіне жүргізушілердің наза­рын аударамыз. Ал қысқы кезең­де (желтоқсан, қаңтар, ақ­пан ай­лары) жазғы дөңгелекпен жү­ру­ге тыйым салынатынын еске сақтау керек.

Техникалық регламент талаптарына жауап бермейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктеледі және бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Таяу күндері ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Ішкі істер министрлігі де жүргізушілерге үндеу жариялаған болатын. «Қыс мезгілінің басталуымен жол­дағы көлік жүрісі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Егер қысқы жүргізу элементтері туралы толығырақ айтатын болсақ, онда жылдамдықты шамамен сағатына 10-15 шақырымға азайту керек, ал көлік арасындағы қашықтық кемінде 3-4 метр болуы тиіс. Міне, осындай ұсақ-түйек ереженің өзі жол жағдайы күрт өзгерген кезде жүргізушіге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Қиылыстарда бағдаршамның жасыл түсіне жылдам қозғалу – қысқы уақытта жүргізушілер тарапынан болатын негізгі қателіктерінің бірі. Жолға назар аударыңыз, көлік жүргізу кезінде телефон қарамаңыз және көлік басқарумен байланысы жоқ нәрселерге алаңдамаңыз. Есіңізде болсын, көлікті кенеттен тежеу басқару мүмкіндігін жоғалтуға әкеп соғады», дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

ІІМ өкілі тек жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де өздеріне қатысты ережелерді қатаң сақтауы керек екенін ескертті. «Жаяу жүргіншілер қыста көлік тез тоқтай алмай­тынын есте ұстағандары абзал, сондықтан көшені кесіп өткенде сізге жол бергеніне көз жеткізіп, содан кейін ғана жүрісті жалғастырыңыз. Сақ болыңыз, телефонмен сөйлесуге және басқа хабарламаларды көруге алаңдамаңыз. Өз кезегінде полицияның жеке құрамына қызмет атқару барысында қиын жағдайға тап болған жандардың барлығына көмек көрсету тапсырылды», деді Ақтоты Боранова.