Ғылым • 01 Қараша, 2023

Шуды анықтайтын құрылғы

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры құрылыс нысандарында рұқсат етілген нормадан асатын шуды анықтайтын автоматты жүйені әзірлеп жатыр. Жоба авторының айтуынша, аталған жүйе құрылыс компанияларына тиісті ережелерді сақтауға септігін тигізеді. Әрі шудың салдарынан қолайсыз күйге түсетін тұрғындарға да жәрдемі бар.

Шуды анықтайтын құрылғы

Профессор Елбек Өтеповтің ғылыми жобасы құрылыс, IT және географиялық ақпараттық жүйелер сияқты бірнеше бағытты қамтиды. Құрылымы сенсорлық құралдардан тұратын жоба арқылы құрылыстан шыққан дыбыстарды шу мен діріл деректерін жинайтын арнайы стансаға жібереді. Олардың арасындағы байланыс мәліметтерді жіберудің сымсыз технологиясымен орнатылмақ. Тұрғындар мен құрылыс ұйымдарының өкілдері арнайы веб-қосымша арқылы тіркеліп, жағдайды ұдайы бақылау мүмкіндігіне ие болады. Мұның барлығын интерактивті картада көрсету жоспарланып отыр.

– Еліміздегі нормативтер шу және діріл бойынша белгілі шектеулерді айқындайды. Олар бұзылса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, құрылысшылардың тыныштықты бұ­зуы туралы шағымдардың және оның нәтижесі бойынша салынатын айып­пұлдардың әрдайым негізі бар деуге бол­майды. Десек те тұрғындар да кей кезде тыныштықтың бұзылу факті­сін дәлел­дей алмайды. Себебі қос тарап ара­­сын­да транспаренттілік болмайды. Оны қа­лыптастыру үшін шу мен діріл­­ді үздіксіз бақылайтын және оның көр­шілес тұрғын үйлерде мөлшерден асуын тіркейтін қандай да бір құрал қажет. Бұл құрылғы дәл сол нормадан асуды тір­кеп, оның деректерін сақтайды. Оның нәтижесінде сот кезінде тараптар шағым­дарының дұрыс екенін дәлелдей алады. Жоба діріл мен шуды бақылауға ғана бағыт­талмаған, оның құқықтық аспек­ті­лері де бар, – деп түсіндірді Е.Өтепов.

«Құрылыс» кафедрасының про­фес­соры келесі жылы құрастыры­латын жүйені құрылыс нысандарында сынақтан өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Ғалымның пікірінше, бұрын-соңды елімізде дәл мұндай жоба болмаған. Тіпті әлемде де жоқ десе де болғандай. Яғни біріктірілген түрі жоқ. Ғылыми зерттеу шамамен үш жыл жүргізіліп, кейін жасаған жүйені коммерцияландыру жағын қарастырмақ. Елбек Өтеповтің жобасы ресми және мемлекеттік ғылы­ми-техникалық сарап­та­маның барлық кезеңінен өткен.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 4-курс студенті