Ауыл • 01 Қараша, 2023

Ойсылқара баққан ауыл

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл он екі ай түйе сауып, кәсіп қылып отырған Манарбек Құрметұлының киіз үйі Зайсан қаласына жақын, күре жолдың бойында тұр. Біз бұрылғанда Манарбек мотоцикліне мініп, жайылымдағы түйелерін қайырып келуге асыққан.

Ойсылқара баққан ауыл

Шұбат ішеміз деп аялдайтын қонақтарда дамыл жоқ. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Денсаулыққа пайдасын білген соң-дағы сұраныс көп шығар. Әйтеуір, отбасылық кәсіптің басы-қасында жүрген Әймен Айдарханқызы келімді-кетімді меймандарға кесесін ала жүгіріп, қонақжайлық танытады. Кейбіреу ем үшін деп жүйелі түрде келіп ішеді. Құтыға құйып, сатып алып кетіп жатқаны қаншама!

Пайдасы қымыздан еш кем емес шұбат тәулік ішінде бабына келеді. Содан соң ғана сапырып, көпіршітіп барып ішер едіңіз. Дәмі тіл үйіреді. 

– Шұбатқа ғана емес, түйенің етіне де сұраныс бар. Баланың буыны қатпай жатса, аяқ-қол қақсаса, еті таптырмас ем екен. Қылаяғы, түйе сойғанда аяғына дейін сұрап келетіндер бар, – дейді Әймен Айдарханқызы оюлы кесеге шұбат құйып жатып.

л

Сауын уақыты таяп қалса керек, оқтын-оқтын киіз үйдің есігіне мойын соза қарап қояды. Бір уақытта адам бойы бітік өскен шидің арасынан желдіртіп келе жатқан түйелер көрінген. Бота-тайлағын қосқанда, қырық шақ­тысын бағып отыр екен. Қойға қарағанда әуресі аз дейді. Бота­лайтын уақытта ғана күн-түні күзе­тіп, күтімін жасайды. Әйтпесе, көбінесе жайылымда жүреді. Қыс маусымына деп жоңышқасын түсіріп, боталарына жем әзірлейді.

– Түйе саууға әбден машық­танып алдық. Бәрі жуас. Осы маңайда жайылып жүре береді. Сауын кезі айдап алып келеміз. Түнге қарай қамаймыз. Өзіміз күннің жылы кезінде киіз үйде қонып жата беретінбіз. Қазір ауылға барып, таңертең ерте қайта келеміз, – дейді шаруашылық жетекшісі Манарбек Құрметұлы.

Маң-маң басқан ойсылқара тұқымы маңайына маңғаздана қарай келіп, кең қоршаудың кіреберісіндегі үйреншікті орындарына тоқтады. Әймен мен Манарбек қос бүйірлеріне тұра қалысып, бірнеше түйені лезде сауып ала қойды. Қазір төрт уақыт сауса, қыстың күні екі-ақ рет сауады. Рас, әкетіп бара жатқандай әуресі жоқ сияқты. Тіпті сауын кезінде көздері жәудіреген ботасын да байламайды екен. Өз беттерімен енесіне еркелеп тұра береді.

Зайсанның іргесінде кәсіп­терін дөңгелетіп, халықтың сұранысын ақтап, еңбекпен біте қайнасып отыр­ған бұл отбасы Қытайдың Жеме­ней ауданынан көшіп келген. Бір жа­ғынан түйе бағуды бала күн­дері­нен көріп өскендіктен шығар, күтіп-баптаудың ебі мен есе­бін біледі. Әуелде сиыр асырау­ды жөн көріп, мемлекеттің 2 млн теңге тиімді несиесін алыпты. Алайда, басқа малдан гөрі түйе­нің пайдасы көл-көсір деген бай­лам­ға келген. Сойса ет, мінсе, көлік. «Қуырдақтың көкесін түйе сойған­да көресің» дегендей, ет те мол түседі. Алдына тастайтын жем-шөбі сиыр мен жылқыдан ар­тық емес шығар. Көргеніміздей, Манарбек пен Әймен атакәсіпті мықтап қолға алған, жолға қойған. Соның арқасында бала-шағасын асырап отыр.

Айтуларына қарасақ, атакәсіп ертеңгі күні туристердің де назарын аударады. Оның үстіне, Шұбат ауылы Омбы – Майқапшағай күре жолының бойында тұр. Соңғы кездері саяхат құрып, елімізге ағылып жүрген қытай азаматтары шекарадан өте салған бетте алдарынан қазақтың ақшаңқан киіз үйі кездесіп, шұбат ұсынса, қонақжайлығымызды көрсеткені­міз емес пе! Ең бастысы, әр тоқтаған турист табыс әкеледі. Сөйтіп, Зайсанның туристік экономикалық әлеуеті де арта түсер ме еді? 

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы