Ауыл әкімдігіне 25 жасқа толған және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарына сәйкес келетін Қазақстан азаматы сайлана алады. Бір адам екі реттен артық аудан әкімі бола алмайды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сол кезде елімізде 2 346 әкім болған. Заңға жаңа нормалар енгізілгеннен кейін өкілеттік мерзімі аяқталған әкімдердің орнына тікелей дауыс беру арқылы жаңа үміткерлер сайланды.
Ауыл әкімдерінің тікелей сайлау – еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамытудағы заңды қадам. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздерін бюджеттің төртінші деңгейіне дейін ұлғайту үшін Ұлттық экономика министрлігі салықтар мен төлемдердің 4 түрін – бірыңғай жер салығын, учаскелерді жалға алу, пайдалану немесе сату төлемдерін жинау құқығын берді. Ауыл әкімдері осылайша жергілікті бюджетті бөлудің жекелеген мәселелерінде басқарушылық қана емес, қаржылық тәуелсіздік те алды. Ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, жолдарды күтіп ұстау, абаттандыру секілді маңызды мәселелерде әкімдердің шешім қабылдаудағы тиімділігін арттыру көзделген. Сонымен бірге әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі артады да, олардың үмітін ақтауға талпынатыны сөзсіз.
Басқарушы кадрларды сайлаудың ең әділ тетігі ретінде тікелей сайлау институтын енгізу басқа деңгейлерде де жалғасын табуға тиіс еді. Осы орайда қанатқақты режімде аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін таңдадық. Саяси партиялар тиісті рәсімдер арқылы, ал азаматтар аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімі лауазымына кандидаттарды ұсынуға құқылы. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне 11 970 406 адам енгізілген. Ал облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлаушылар тізіміне 1 062 327 азамат енгізілген. Яғни еліміздің сайлау жасындағы әрбір он екінші азаматы еліміздегі мүлдем жаңа тәжірибеге қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Сайлау науқаны – Президент Қ.Тоқаев жүргізген маңызды реформалардың заңды жалғасы. Бұл саяси белсенділікті, сайлау мәдениетін арттыруға қызмет етеді. Бәлкім, бұқаралық ақпарат құралдарында саяси бәсеке кең көлемде жарияланбаған шығар. Бірақ негізгі сайлау науқаны өңірлерде өз дәрежесінде өткенін, әлеуметтік желілерде тараған жазбаларға сүйенсек, онда бәсеке қызу жүргенін анық аңғарамыз.
Ең бастысы, сайлау барынша ашық өтті. Өйткені халық сайлаған әкімдер өз уәделерін орындау үшін тікелей сайлаушылар алдында жауапты болады және есеп береді. Әкiмдер сайлауын өткiзу – азаматтардың сайлау және сайлану құқығы сияқты негiзгi факторға халықтың сенiмiн арттыру жолындағы ең маңызды қадам.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
ҰҒА академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор