Егемен Қазақстан • 08 Қараша, 2023

«Хат қоржын»

157 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Білім негізі – бастауышта

Бұл – ұзақ жылдар бойы қиындығы мен қызығы қатар жүретін педагогикалық мол тәжірибеден шыққан тұжырым. Баланың білім әлеміне деген алғашқы баспалдағы бастауыш сыныптан бастау алады. Оқуға, жазуға, санауға үйрету, қоршаған дүниені бақылауға баулу, ойлай білуге дағдыландыру – мұның барлығы бастауыш сынып мамандарының ізденімпаздығы мен шеберлігін қажет етеді. Жетілдірілген бағдарлама талабына сай, мұғалім сыныптағы үлгерімі төмен балалардың негізгі себебін іздестіріп, оны анықтап, кейін олармен жеке жұмыс жүргізуге тиіс.

1 сыныпта сауат ашу кезеңіне көп көңіл бөлінеді. Мәтінді оқығанда оның әсерлілігін арттырумен қатар, білімнің терең де тиянақты болуын есте ұстаған жөн. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалардың жас ерекшеліктерін ескере келе, әрқайсысының мінез-құлқын, ой-өрісін, қандай да бір пәнге деген қабілетін байқап, оның одан әрі ашылуына мүмкіндік жасау – кез келген мұғалімнің міндеті.

Өзім ұстаздар отбасында дүниеге келген соң, бала кезімнен мұғалім болуды арман еттім. Бүгінде сол арманыма қол жеткізіп отырмын. Оқушылардың оқуға деген қызығушылығын оятып, білімге деген ынтасын арттырудың өзі бір ғанибет. Толық үлгерімге жетудің бірден-бір жолы – бала ойымен санасып, оның жүрегіне жол таба білу. Ол үшін түрлі әдістемелік құралдарды қолдана отырып, әр сабақты қызықты өткізуге ұмтылу қажет.

Жүректері даладай кең, теңіздей терең ұстаздар үшін шәкірттерінің орны қашанда бөлек. Олар биіктерден көрініп, жетістіктерге қол жеткізіп жатса, оны білім нәрімен сусындатқан мұғалімнің қажырлы еңбегінің ақталғаны деп түсінуге болады. Ұстаз үшін баланың айырмашылығы жоқ. Оқушының жетістігі – ұстаз ізденімпаздығының жемісі. Дарынды бала қашанда өз өнерімен ерекшеленіп, топ жарып, алға шығады. Мұндай оқушылардың болашағынан зор үміт күтуге болады. Біздің Бірлік бастауыш мектебінде де талапты, талантты оқушылар көптеп саналады. Бұл – біздің еңбегіміздің нәтижесі.

 

Алтынай СМАҒҰЛОВА,

мектепалды сынып мұғалімі

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Есіл ауданы

 

 

«Панадан» түйген пайым

Осыдан бірнеше ай бұрын бір топ көкшелік туысқандар Шымкент қаласына барып қайттық. Шуға толы шырайлы шаһар бізді бар салтанатты болмысымен қарсы алды. Бәріміз қала орталығындағы жаңадан ашылған «Пана» деген жып-жылы аты бар қонақүйге орналастық.

Біз келіп түскенде есік алдында Ғаділбек Жанай, Айқын Төлепберген сияқты қазақ әншілері өз топтарымен, аспаптарымен келіп, орналасып жатқанын көріп, көңіл хошымыз тіпті көтерілді. Қонақүйдің астында «Тары» деген атауы ерекше дәмханасы да бар. Осындағы ас мәзірінің дені тарыдан түйілген небір ұлттық тағамдар екен, дәмі тіл үйіреді.

«Пана» қонақүйінің іші де ерекше сәнмен әсем безендіріліпті. Қайда қарасаң да ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің иісі аңқиды. Әр бөлме келушіге сай жабдықталуымен бірге, ағаш пен теріден жасалған небір бұйымдар бар. Тіпті бөлме қабырғасында қамшыға дейін ілулі тұр. Біз келіп орналасқан бөлменің төр тұсындағы теріден арнайы тігілген шағын қапшық-сөмкеге кітаптар салыныпты. Кілең бір жазушылық пен ақындықтың шегіне жеткен саңлақтардың еңбектері.

Сол жолы Шымкент қаласында бірнеше күн болдық. Көкшеден қыдырып келіп, «Пананы» паналағандар ойын-тойға да үлгеріп, шырайлы шаһарды армансыз аралап көруге де уақыт тапты. Ал өзім ара-арасында жергілікті жазушы Мархабат Байғұттың әңгімелерімен сусындадым, яғни шырайлы шаһарда шәрбәт тілді өткен жазушының шығармасымен таныстым.

Аман-сау елге қайттық. Көкшетау қаласында да қонақүйлер баршылық. Бірақ бірде-біреуі салт-дәстүрге сай жабдықталмаған. Біздің өңірде де шығып жатқан кітап көп, жергілікті жазушы да жетерлік. Ал жазушы үшін ең басты мәртебе шығармасының оқылуы дер едік.

 

Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,

Ақпарат саласының үздігі

 

КӨКШЕТАУ

 

 

Қыздарға әсемдік жарасады

Қыздарды ұлттық дәстүрімізге сай әдептілікке, көріктілік пен инабаттылыққа, кішіпейілділік пен сұлулыққа баулып, қазақ халқы­ның ұлттық салт-дәстүрін дәріптеуге үйрету, жалпы ұлтымызға тән қасиеттерді өскелең ұрпаққа өнеге етіп көрсету мақсатында Тараз қаласының әкімдігі мен қалалық ардагерлер кеңесі «Қыздарға әсемдік жарасады» атты бұрымды қыздар байқауын ұйымдастырды.

Ұлттық киім киіп, шаштарын алдына қарай бұрымдап өріп шыққан аруларды жігіттер қошеметтеп сахна төріне алып шықты. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ұлтымыздың ұмыт бола бастаған ұлттық мәдениетін жандандырып, қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру арқылы инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеуге бағыттаған іс-шараның маңыздылығын айта келіп, қатысушы қыздарға сәттілік тіледі.

Айтулы байқау бес кезеңнен тұрса, онда қатысушылар шашының ұзындығы мен қалыңдығын паш етіп, өздері мен отбасын таныстырды, аяқталмаған мақал-мәтелдерді жалғастырып, ұлттық киімдерін көрсетті, сондай-ақ бұрымдарын заманауи үлгіде өріп, сән үлгілерін ұсынды.

Арнайы құрылған комиссия жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жария еткен соң, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова мен қазылар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова сый-сияпаттарды табыс етті. Бас жүлдені Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің 3 курс студенті Дамира Мейірқұл иеленіп, оған 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орынды М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3 курс студенті Қарақат Мейрамбек (200 мың теңге), ал үшінші орынды Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 3 курс студенті Бифаруза Балтабай (100 мың теңге) иеленді.

Сөйтіп, алғаш рет ұйымдастырылған 14-25 жас аралығындағы ару қыздарымыздың байқауы ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау тұрғысынан ұтымдылығымен ерекшеленді.

 

Алдаберді МАҚАШЕВ,

қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

 

ТАРАЗ 

Соңғы жаңалықтар

Адалдық – ардың ісі

Пікір • Бүгін, 09:55

Демократияның даму көрінісі

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Өсімі жоғары өңір

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Алматыда жер сілкінді

Алматы • Бүгін, 09:40