Алдымызда жатқан арнайы киімді бар-жоғы 19 секунд ішінде киіп, шартты түрде өрт болған орынға шығып кетуіміз керек екен. Әр секунд – өрттің өршуі, әр секунд – біреудің өмірі. Сондықтан барынша ширақ қимылдауға тырыстық. Қорбиып жатқан брезент киімді әп-сәтте киіп алғанымызбен, танауға масканы, басқа касканы кие алмай тосылдық. Арқамызға ауа толы темір баллонды артқанда қыздар жағы тәлтіректеп қалған. Сонда да қызыл жалынның арасынан жүгіріп өтіп, тоннель іспетті тар құбырмен төмен құлдилады. Бұл кезеңнен сәтті өткендері нысанаға дәлдеп су шашты. Қысымды күшейткен сайын қолдағы шланганы ұстап тұру да бәлендей оңай шаруа емес екеніне көз жетті. Бұдан соң өрт шыққан алтыншы қабатқа терезеден кіруіміз керек болды. Бұйрық – солай. Біз жүгіріп жеткенше, терезеге қарай арнайы техникадан баспалдақ созылды. Бір-бірлеп өрлей жөнелдік. Арқадағы 6 кг баллонның салмағы тіптен ауыр тарта бастаған секілді. Баспалдақтың басына таяғанда қос өкпе ентігіп, тыныс алу ауырлаған. Аяқтағы резеңке етіктің де салмағы сезілді. Кейбір әріптестер биігіне жете бере басы айналып, баспалдаққа жабыса жата қалысқан. Оныншы, он төртінші қабаттарға осылай көтерілсек қайтер едік? Өзіңді көтеріп шыққаның былай тұрсын, түтінге тұншыққан тұрғындарды арқалап түсуің керек болса ше? Құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің қызметтері оңай емес, білеміз. Бірақ бұл жолы соны сезіндік. Көз аштырмайтын қара түтіннің арасымен де жүріп көрдік.
Қызметте жанын шүберекке түйіп жүретін өрт сөндірушілердің қай-қайсысын айтсақ та, батыр дер едік. Жазға салым Семей орманы отқа оранғанда өрт сөндірушілер дәл осылай асай-мүсейлерін асынып, айға жуық өртпен арпалысқанын көрдік қой. Оның алдында Батыс Алтайды тілсіз жау шарпып, апталап сөндірген. Өрт сөндірушілердің өмір мен өлім арасында жүретінін Үкімет ескеріп, жалақыларын көтеріпті. Соған қуандық. Қазір өрт сөндіру бөліміне ә деп жұмысқа орналасқан азамат қолына 180 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Бұрын 70-80 мың теңгенің төңірегінде ғана еді. Біртіндеп техникалары да жаңарып жатқан көрінеді.
Шартты қойылған өрт сөндіріліп, түтін тұнған ғимараттан тысқа шыққанымыз сол еді, жапа-тармағай жарыса жеткен «журналистер» жан-жақтан суретке түсіріп, неге кешіктіңіздер деген секілді сұрақтарды қарша боратты.
– Ұзақ киіндік. Киіне сала өрт шыққан жерге жүгірейік десек, артып алған баллон ауыр. Қимылдай алмай қалдық. Қысқасы, өрт сөндірушілердің жұмысын бір сәт сезініп көрдік. Еңбектеріңіз ерен. Сіздерді Шығыстағы БАҚ өкілдері атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! – деп жылы лебізін білдірді сайт тілшісі Анель Абзалбекова.
Ендігі жұмыс үйіндінің астында қалған адамды құтқару еді. Қолымызда – 20 тоннадан аса ауырлықты көтеретін құрылғы. Жалпағынан жатқан бетонды оп-оңай көтере салды. Қиынға соққаны – үйіндінің арасынан 60-70 кг тартатын муляжды алып шығу еді. Алуы алып шығып, бірінші медициналық көмек көрсетуді де үйрендік. Жалпы, алғашқы медициналық жәрдемді әр азамат көрсете білуге тиіс.
– Қызықты шара өтті. Журналистер еш дайындықсыз келіп, шартты қойылған өртті сөндіруге кірісті. Көрсеткіштері жаман емес. Біз де тілшілік қызметтің қыр-сырын түсіндік. Жедел әрі нақты ақпарат таратуға тырыстық, – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.
Шығыс Қазақстан облысы