Деректерге жүгінсек, аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы мектеп-гимназия оқушыларының бойындағы әлсіздік пен лоқсу белгілері жетінші қараша күні анықталған. Алғашқы шағым да дәл сол күні түс ауғанда тіркелген. Жалпы саны 46 адам түн мезгіліне дейін өтініш білдіріп үлгерген.
Жұртты даурықтырған мәселеге қатысты облыс әкімдігі ресми хабарлама таратты. Сондай-ақ өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиядағы шудан кейін аудандық орталық ауруханаға арнайы барып, білім алушылар мен ұстаздардың жағдайымен танысты.
Қазіргі кезде өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы негізінде арнайы комиссия құрылып, жағдайды толықтай бақылауға алып отыр. Білім алушылар мен ересектер шынында да асханадағы астан уланған ба, әлде басқа себеп бар ма? Бұл мәселе алдағы уақытта толықтай зерделенбек.
«Байзақ ауданының орталық ауруханасына жатқызылған 35 адамның жағдайы орташа тұрақты. Науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.
Сарыкемер ауылындағы Н. Киікбаев атындағы мектеп-гимназия оқушысының әлсіздік, құсу бойынша шағымданған алғашқы өтініші 7 қараша күні түстен кейін тіркелді. Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес республикалық мамандардан, анестезиологтерден, педиатрлардан, токсикологтерден, инфекционистерден тұратын комиссия құрылды.
Сағат 23.00-ге дейін өтініш білдіргендердің жалпы саны 46 адамды құрады (2 мұғалім, 44 бала). 46 адамның 33-і ауруханаға жатқызылды, жағдайлары орташа тұрақты. Ауруханаға жатқызылғандарға детоксикация терапиясы жүргізілді. Антибиотикалық емдеуді қажет етпейтін 11 адам медициналық кеңес алғаннан кейін амбулаторлық емдеу және үйден бақылау үшін қайтарылды.
Жалпы практика дәрігерлерінен, педиатрдан, учаскелік медбикеден тұратын 16 мобильді топ 205 ауланы аралап, осы күні оқу ошағының асханасына келген оқушыларды тексеруден өткізді. Тексеру қорытындысында олардың жағдайы қанағаттанарлық, шағымдар мен ауру белгілері жоқ.
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияны тамақпен қамтуға жауапты «Тоқсейітов» жеке кәсіпкерлігінің жұмысы мән-жайлар нақтыланғанға дейін тоқтатылды. Мектеп оқшауланған, бактериологиялық зерттеу шаралары жүргізіліп жатыр», делінген облыс әкімдігі таратқан ресми хабарламада.
Аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жандос Рысқұловтың айтуынша, бойын әлсіздік билеген азаматтар әуелде бір-бірден келген. Кейіннен ауруханаға қайырылушылардың қатары күрт көбейген. Қазіргі кезде шағымданғандардың жағдайы тұрақты. Жүрек айну, лоқсу, дене қызуының көтерілуі секілді белгілер жоқ. Сондай-ақ түнгі үшке дейін жүздеген бала қаралыпты. Олардың да жағдайы тұрақты. Алаңдауға негіз жоқ.
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның білім алушылары оқу үдерісіне бұрынғыдай қатысып жатыр. Деректерге жүгінсек, білім ордасын аспен қамтамасыз ету қызметімен айналысқан «Тоқсейітов» атауымен тіркелген жеке кәсіпкер аудан бойынша 13 мекемеге азық-түлік тасымалдайтын көрінеді.
Соңғы деректерге сенсек, астан ұшынған азаматтардың саны алпысқа дейін жетіпті. Қазіргі кезде прокуратура, СЭС қызметкерлері және арнайы комиссия өкілдерінің қатысуымен оқиғаға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Нақтырақ айтсақ, «Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталды.
Мектеп оқушылары мен ұстаздар асханадағы астан ұшынған ба? Әлде басқа да бір себептер бар ма? Қателік кімнен кетті? Бұл сұрақтарға алдағы уақытта толыққанды жауап берілмек. Бір белгілісі, науқастар мектеп асханасынан күріш жеп, компот сусынын ішкен.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы