Қоғам • 10 Қараша, 2023

Жемқорлық әрекеті үшін 10 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев неге босатылған еді?

1537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев 1980 жылы туған. Қазақ мемлекеттік басқару  академиясын, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Дж.Вашингтон атындағы университетінде оқып, магистр дәрежесін алған.

Жемқорлық әрекеті үшін 10 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев неге  босатылған еді?

Фото: egemen.kz

Оның мансап  жолы «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның бас  менеджері қызметінен басталады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің және Премьер-министрдің кеңесшісі, Индустрия және сауда министрінің орынбасары, Президенттің көмекшісі болды. 2010-2011 жылдары экономикалық даму және  сауда министрінің орынбасары, 2011-2013 жылдар аралығында «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2013 жылы 33 жасында «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі АҚ басқармасының төрағасы лауазымына тағайындалды. 2016 жылдың мамыр айында Ұлттық экономика министрі қызметіне кірісіп, сол  жылдың желтоқсан айына дейін атқарды. 2017 жылдың 10 қаңтарында қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлімі («Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету, сол сияқты қылмыстық топты құру не оған басшылық ету»), 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы («Топ болып немесе астыртын сөз байласып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды ұйымдастыру»)  бойынша айыпты деп танылды.

2018 жылдың наурыз айына дейін созылған сотта прокурор 12 жыл жаза кесуді сұрағанымен, судья 10 жылға соттап, өмір бойы мемлекеттік орындарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырып,  қылмыстық жолмен жиған мүлкін тәркілеуге үкім оқыды.  Соттың үкімімен 37 жасында 10 жыл жаза арқалап, қатаң режімдегі колонияда жазасын өтеуі тиіс еді. Алайда 2017 жылдың 10 қаңтарынан бастап жазасы есептелген Қ.Бишімбаев 2019 жылдың күзінде  Шымкент қаласындағы түрмеден бостандыққа шықты. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Президенттің Жарлығымен  рақымшылыққа ілініп, жазасын өтеу мерзімі 10 жылдан 4 жылға қысқарды. Осылайша ол жазасының үштен екі бөлігін өтегенде түзеу мекемесінің басшылығы оң мінездеме жазып берді. Судья Қылмыстық процессуалдық кодекстің 476, 480 және 483 баптарын негізге алып, Қуандық Бишімбаевтың 4 жылдық жаза мерзімінің түгесілуіне 1 жыл 3 ай, 13 күн қалғанда  бостандыққа шығару жөнінде қаулы қабылдады. 

2019 жылдың 11 қазанында түрмеден босап шыққан  экс-министр  арада  4 жыл 1 ай өткенде  әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып отыр. Бұл туралы кеше хабарлаған едік.