Туризм • 13 Қараша, 2023

Туризм саласындағы тың мүмкіндік

178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Енді Қытайға іргедегі Ташкентке барғандай емін-еркін сапарлай аламыз. Екі ел арасындағы визасыз режім құжаты күшіне енді. Ел азаматтары туристік мақсатта шекарадан еркін өтіп, 30 күн бойы жүре алады. Бұрында да қайнап жататын Панфилов ауданына қарасты «Нұр жолы» өткізу бекетінің жұмысы одан әрі қызайын деп тұр.

Туризм саласындағы тың мүмкіндік

Бұл жоба – тек туристік мақ­сатта емес, екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықты терең­детуге мүмкіндік беретін бас­ты бағыттың бірі. Нәти­жесінде, жаңа туристік жолдар ашыл­мақ. Бүгінде еліміздің 13 қа­ла­сына «Ашық аспан» режі­мі ен­­гі­зіліп, 80 мемлекеттің азама­ты­­на визасыз келуге рұқсат бері­ліп отыр. Қытай да сол қатарға қосылды.

«Қазақстан Қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристер­дің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз», деген еді Мемлекет басшысы.

Дегенмен визасыз режімнің күшіне енуі шекарадағы бақылау бекеттері мен аумақтағы басқа да қызметтердің жұмысына қосым­ша салмақ түсіргелі тұр. Әсіре­се көлік қозғалыс, жолаушылар тасымалы, қонақүй мен тамақтану орындарының қызметіне қатысты дайындық жұмыстарын ширату күн тәртібінде. Бұл жұ­мыс Жеті­су облысының Панфилов ауданын­да да жүріп жатыр. Аудан аумағында бірнеше шекара­лық бекет бар. Оның ішінде «Нұр жолы» өткізу бекетінің жұмысы қызайын деп тұр. Екі ел азаматтары негізінен осы бекет арқылы өтіп, қатынайды.

Осыған орай Панфилов ауданы әкімдігінің жанындағы кезек­тен тыс аудандық жедел штаб отырысы өтті. Отырыста Қытай елімен визасыз режімнің кү­шіне енуіне байланысты ше­каралық аумақта туындайтын мәселелер талқыланды.

Жиынға прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара, кеден қызметі мен құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ өзге де мекеме басшылары қатысты.

Отырыста аудан әкімі Марат Са­ғымбек «Нұр жолы» өт­кізу бекетіндегі жолаушыларды қабыл­дау бөлімі ондағы көрсеті­летін қызметтер түрі мен авт­обус тасымалы сынды мәселелерді жеткізіп, бірқатар мекеме басшысына кемшіліктерді жою туралы тапсырма берді.

«Визасыз режім еліміздегі туризмді дамытуға серпін береді. Біз туристік аймақ ретінде сапалы қызмет көрсетуіміз қажет. Бұл біздің ауданымыздың экономикасы үшін айтарлықтай пайдалы. Болашақта түрлі қызмет көр­сету орнын ашып, туристік бағытта жұмыстар жүргізбек­піз. Қазірдің өзінде оған қатысты жос­парларымыз бар. Бастысы – шекара маңын тәртіпке келтіріп, бәрін бір жолға қойып, заңды түрде жұмыс жүргізу міндеті тұр»,  дейді Панфилов ауданының әкімі М.Сағымбек.

Осы мақсат шеңберінде Қытай Халық Республикасының ШҰАР халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу комитеті мен Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасы арасында Халықаралық ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойылды. Бұл маңызды саяси рәсім ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Үрімжі қаласында өткен «Қытай-Орталық Азия» форумы барысында жүзеге асты.

Меморандумды табысты іске асыру Қазақстан мен Қытай ара­сындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық байланыс­тарды кеңейтуге мүмкіндік бере­ді. Осылайша, іскерлік байланыс­тарды дамыту, өзара тиімді ынты­мақтастықты кеңейту, инвес­ти­циялар тарту үшін қолайлы жағ­дайлар жасалады.

«Меморандум екі елдің шағын және орта бизнес субъектілері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді, сауда саласында серіктестер іздеудің жаңа мүмкіндіктері ашылады», дейді облыстық кәсіпкерлер па­ла­тасының төрағасы Дәурен Оңалбаев.

Өз кезегінде Қытай халық­аралық сауданы дамытуға жәрдем­десу комитеті басшысы­ның орынбасары Чэнь Цзяньань комитет үкіметтік деңгей­де Қазақстан тауар өндіруші­лерінің Қытай және шетел на­рықтарына шығу мүм­кіндік­терінің спектрін кеңей­ту­ге жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті.

Форумға Қазақстаннан ғана емес, Өзбекстан, Ресей, сондай-ақ ТМД мен әлемнің басқа елдерінен өкілдер қатысты. Халықаралық іс-шараға қатысушылар Шыңжаңда Халықаралық арбитраж платформасын құру сауда даулары бойынша тиімді шешімдерді ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті. Іс-шара соңында Қытай халықаралық сауда және экономикалық төрелік комиссиясының Орталық Азия филиалы құрылды.

 

Жетісу облысы