Тұрғын үйлерді күтіп-ұстау – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы барынша тиімді форма әлі табылған жоқ. Қайсыбір жылы МИБ-терді құру қолға алынды. Бұрынғы кондоминум, ПИК-терге қарағанда мұның тиімділеу екені байқалды. «Бір үй – бір қожайын». Демек жиналған қаражатты қалай, қайда жұмсайсың, сол үй иелері өздері ақылдасып, шешіп отырады. Өзі тұратын үйдің жертөлесін жөндету үшін талай есікті тоздырған Өмірхан «мынау дұрыс екен» деген ойға келді. Көршілерімен ақылдасты. Бірақ көпшілігі мақұлдай қоймады. «Талай жыл ақшаны бекер төледік пе? Бұрынғы ПИК жақсылап жөндеп берсін, сосын МИБ дегенді құрсақ құрайық» десті. Бірақ бұлай бола қоймайтыны белгілі еді. Егер бұрынғы қожайын бәрін әп-әдемі етіп, жайнатып қоятын болса, билік тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасын іздестіріп қайтеді?
Содан өзін мақұлдаған бірді-екілі көршілерін ертіп қалалық әкімдікке барды. Өздерінің ойын айтты, көмек сұрады. Әкімдік құжат дайындау жағынан жақсы жәрдемдесті. Қаржылай көмектесе алмайтындарын ашық айтты. Жертөлені тазарту, құбырларды ауыстыру, т.б. жұмыстарға әжептәуір қаражат керек. Кім бере қойсын? Өмірхан әрі-бері ойланып тәуекелге барды.
Отыз жылдан аса әртүрлі мекемелерде жүргізуші болып еңбек еткен ол 2012 жылы аяқ астынан жүрек ауруына ұшырап, операция жасатуға мәжбүр болған еді. Бұл алғашқы операция болатын. Ол содан соң тағы да денсаулықты жақсарту мақсатымен үш рет пышаққа түсті. Қазірдің өзінде жылына екі мәрте Астанадағы орталыққа барып, ем қабылдап тұрады. Өзі 3-топтағы мүгедек болса, зайыбы Сәуле Ермекбайқызы Байбатырова – 2-топтағы мүгедек. Шахтада 33 жыл бойы бір жерде маркшейдер болып істеген Сәуле 2013 жылдан бері 14 мәрте операцияға түсіпті. «Менің өмір сүріп жүргенім – қазіргі заманғы медицина жетістіктерінің арқасында», дейді ол.
– Кезекті операция жасатуға қажет болып қалады-ау деп жинаған азды-көпті ақшаны МИБ құруға жұмсап жібердім. Өйткені көршілердің көңілінде сенім ұялату керек болды. Сөйтіп, жертөле толықтай тазартылып, тозығы жеткен су, жылу, канализация жүйелері пропиленге ауыстырылды. Міне, солай бастадық, – дейді Өмекең жаңа істі қалай қолға алғаны жөнінде.
Өзі де, зайыбы да мүгедек Өмірханның атқарып жатқан жұмысы көршілерін сүйсінтіп тастады. Олар «көз қорқақ, қол батыр» екенін көзімен көрді, жанымен сезінді. Содан бері бір үйдегі 65 пәтердің тұрғындарының ауызбірлігі, татулық, ынтымағы бұрынғыдан арта түсті. Фёдор Солдатов, Денис Бессарабов тәрізді көршілері қазір Өмекеңнің қасынан қалмайды. Қандай шаруа болса да көмегін аямайды. Жаз, күз мезгілінде аптасына көршілердің бәрі бірдей бір кісідей сенбілікке шығып, үйдің айналасын тазартып тұрады. Бұл олар үшін кезекті бір еңбек мерекесі іспетті. «Бұрыннан бері осылай неге істемегенбіз?» дейді өзара әңгіме арасында.
Қала әкімдігі коммуналдық қызмет көрсетушілер арасында жыл сайын байқау өткізіп тұрады. Былтырғы байқауда жүлде ретінде Өмекеңнің МИБ-іне бейнекамера берілді. Үйдің алдында әкеліп орнатып қойды, қазір енді соның пайдасын көріп те жатыр. Мысалы, жаз мезгілінде есік алдына жайып қойылған жуылған киімдерді алып кеткен сұғанақ қолдың иесін полиция қызметкерлері сол бейнекамерадан қарап, тауып алды.
«Өмір-90» – Ұлытау облысындағы ең алғаш құрылған мүлік иелерінің бірлестігі. Ал оны құрған кім? Небір соқталдай жігіттер ауызбен орақ орып, сын айтудан әріге бара алмай жүргенде тәуекелге бара білген 3-топтағы мүгедек азамат қой. Өмірхан Құдаспаев бәйбішесі екеуі екі ұл, бір қызынан 10-нан аса немере сүйіп отыр. Тағдыр бір жағынан қыспаққа алып қысқанмен, қиындыққа қайыспаған жанға қызығын да үйіп-төгіп бере салатын секілді ме, қалай? Өмірхан Құдаспаевтың өмірі сондай ойға жетелейді.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы