Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтарын атап берген еді.
«Қай заманда да дамудың басты кілті – ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн», деді Президент.
Оның айтуынша, ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеу керек. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет. Яғни бизнес экономиканың өндірістік секторларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайту үшін ғылыми қоғамдастықпен ынтымақтасуға тиіс екенін атап өтті.
Иә, бизнес дегеніміз – өндірістің табысы. Ал өндірістегі табыстың артуы үшін өнім өндірудің әр кезеңі алдымен зерттеліп, нәтижесі алдын ала болжанып, жан-жақты жүйеленуге тиіс. Мұны әлбетте ғылым, ғылыми қауымдастық іске асырады. Осы ретте ғылымның бір бөлігі болатын, болуы қажет жоғары оқу орындары қалай әрекет етіп жатыр? Өндіріс орындарымен, өзге де ұйымдармен әріптестік байланыс орнатып, университеттегі ғылымның әлеуетін арттыруға, әрі өндірістің өнімін көбейтуге, өндірісі, дамуы артта қалған салаларға маман даярлауға қаншалықты күш салып жүр? Осы сұраққа жауап табу мақсатында шолу жасап көруді жөн санадық.
Неміс-қазақ ғалымдары термоядролық технологияларды бірге зерттемек. Ядролық физика институты мен әлемдегі ең жоғарғы ғылыми-зерттеу және білім беру мекемесі саналатын Карлсруэ технологиялық институты өзара меморандумға қол қойды. Дәл осы екіжақты келісім термоядролық технологиялар саласында бірлескен ғылыми-қолданбалы жобаларды әзірлеуге, сонымен қатар оларды бірлесіп жүзеге асыру, екі елдің ғалымдары арасында тәжірибе мен білім алмасу үшін тұрақты және өзара тиімді мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Сондай-ақ бұл ынтымақтастық осы кездегі маңызды мәселелерді шешу үшін және ғылыми әлеуетті кеңейтіп қана қоймай, болашақ физика саласындағы мамандарға сапалы білім беруге мүмкіндік жасамақ.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Алматы электр станциялары» акционерлік қоғамы бірлесіп «жасыл» сутегін шығармақ. Тараптар қоршаған ортаны қорғау және газ-сутегі отынының қоспасын пайдалану бағытында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды. Осы арқылы атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту үшін отынның жаңа түрін өндіру технологиясын әзірлеуге келісті. Аталған университет пен электр стансалары бірлескен жобасы «жасыл» сутегін өнеркәсіптік деңгейде өндіру және оны табиғи газбен оңтайлы араластыру мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған. Жаңа технология атмосфераға көмірқышқыл диоксиді қалдықтарын азайтуға, табиғи газдың жағылу тиімділігін арттыруға және оның шығындарын төмендетуге қажет.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде заманауи зертхана ашылды. Зертхана студенттер мен оқытушы-ғалымдарға өз идеяларын жүзеге асыруға, түрлі эксперимент пен зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, бұл жерде 25 білім беру бағдарламасы бойынша 394 зертханалық жұмысты орындауға болады. АтМГУ алдағы оқу жылынан бастап «Өнеркәсіптік энергетика» білім беру бағдарламасының барлық тәжірибелік сабағын зертханалық сабаққа ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл қадам тәжірибеге негізделген, зерттеуге бағытталған оқыту үрдісін қалыптастыруға оң ықпал етеді. Осы зертхана да – университет пен Теңізшевройл компаниясының әріптестік орнатуының нәтижесі.
С.Торайғыров университетінің ғалымдары мен жылқышылар бірігіп селекциялық жұмыстар жүргізген. Жақында Торайғыр ауылында ұйымдастырылған «Қазақстанда және іргелес мемлекеттерде табын жылқы шаруашылығының жай-күйі мен дамуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында селекциялық жұмыстарының нәтижелері көрсетілген асыл тұқымды жылқылардың көрмесі өтті. Ғалымдар мен жылқышылардың осындай бірлескен жұмысының нәтижесінде Павлодар облысында жылқы саны 250 мың басқа дейін өскен. С.Торайғыров университеті бірнеше жылдан бері Қазақстанның жылқы өсірушілер қауымдастығымен әріптестік орнатып, жұмыс істеп келеді. С.Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықовтың айтуынша, жылқылармен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ғылымның осы саласын дамытуға көмектесетінін түсінеді, сондықтан олар аталған университет өкілдерімен үнемі байланыста. Өткені сапалы әрі табысты өнім өндіруде бизнес пен ғылымның «достығы» әрдайым әріптестікте жұмыс істеуі аса маңызды.
Қазақ спорт және туризм академиясы мен Этноспорт қауымдастығы бірлесіп ат спортынан кәсіби мамандар даярлауды қолға алды. Бұл үлкен іс те кешенді жұмысты және, ең алдымен, зерттеуді қажет етеді. Себебі кадр даярлау үшін білім беру бағдарламасын құрастыру керек. Бірақ мұнымен іс бітпесі анық. Сондықтан аталған академия мен қауымдастық ат спорт түрлерін оқытатын білім беру бағдарламасын әзірлеу және енгізу жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізуге, спорттық-сауықтыру іс-шараларын, конференцияларды, семинарларды, симпозиумдарды, ғылыми зерттеу жобаларын дайындау және оны іске асыру, болашақ мамандарды даярлауда заманауи инновациялық әдістемелерді қолдануға уағдаласты.
Maqsut Narikbayev University-де Financial and Data Science Lab: Refinitiv зертханасы ашылды. Thomson Reuters және Eikon ретінде белгілі қаржылық нарық деректерін жеткізуші Refinitiv Workspace әлемдегі жетекші провайдерлердің бірі саналатын Лондон қор биржасы тобына тиесілі (LSEG). Жаңадан ашылған зертханада аталған университеттің студенттері мен оқытушылары жаһандық қаржылық деректерге, жаңалықтарға және материалдарға қол жеткізе отырып, Refinitiv деректер базасымен жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Олар осы арқылы қаржы нарығының қозғалысын талдап, әлемдік банк секторындағы жағдайлар мен компаниялардың инвестициялық тартымдылығы туралы аналитикалық деректерді жасай алады.
Baitursynuly University базасында North West Agriculture and forestry university-мен бірлесіп агроорталық ашылмақ.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетімен (NWAFU – North West Agriculture and forestry university) өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Міне, енді екі тарап Қостанай жерінде агрономия, ветеринарлық медицина, экология және биология саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді қолға алмақ. Осы мақсатта Baitursynuly University базасында агроорталық құрылады. Онда NWAFU-мен бірлесіп университет ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын сынақтан өткізеді. Бұл үшін университет жанындағы қолданбалы биотехнология ғылыми-зерттеу институтының базасында картоптың вируссыз тұқымдық материалының зертханасы ашылады. Жақын арада қостанайлық ғалымдар тағылымдамадан өту үшін Қытайға барады, ал 2024 жылдың мамыр айынан бастап зерттеу жұмыстарын бастайды.
Қорыта айтқанда, шолудан университеттердің ғылыми әлеуетін арттыру бағытында өндірістік орындармен, бизнес өкілдерімен, ғылымы қалыптасқан жоғары оқу орындары немесе ғылыми ұйымдармен тұрақты әрі тиімді әріптестікке қол жеткізіп жатқаны байқалады. Әрине, мұндай соны серпілістер көңілге қуаныш ұялатады, бірақ бәрі де – әзірге жоспар. Отандық ғылымға және елімізге әріптестіктің нәтижесі жоспардан да маңызды.