Маман • 16 Қараша, 2023

Әлемдік нарықтағы қазақ IT мамандары

392 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаһандық экономикадағы ең жылдам дамып келе жатқан сала – IT-индустрия. Сарапшылардың пікірінше, биыл әлемдік IT-на­рықтың көлемі 4,5 трлн дол­лар­ға жетеді. Өркениет өріс алған бұл саладан отандық IT мамандар да ойып тұрып орын алып жатыр.

Әлемдік нарықтағы қазақ IT мамандары

Кейінгі 3 жыл ішінде елдегі IT-қыз­мет­тің экспорты 5 есе өсті. 2023 жыл­­дың қорытындысы бойынша есеп 500 млн долларға жетуі мүмкін. Қазақстан бұл бағытта Орталық Азия­да көш бастап тұр. Тіпті дамыған елдерде жоқ тетіктерді жүзеге асырды. Ғылым мен технологияға, инженерия мен математикаға басым бағыт берген білім беру жүйесінің арқасында еліміз кейінгі онжылдықта IT-салаға айтарлықтай білікті мамандар даярлады. Бұл мамандарға шетелдегі алпауыт компаниялар қызығушылық танытып, әлемдік нарық бәйгесіне шақырып жатыр. Әсіресе АҚШ-тың сұранысы жақсы. Себебі ол жақта күн өткен са­йын білікті технология қызметкерлер тапшылығы сезіліп, білікті мамандар орны суый бастаған. Қазір АҚШ-тың технология саласында әлемнің түкпір-түкпірінен, оның ішінде біздің елден барған білікті қызметкерлер еңбек етеді. Мамандардың пікіріне сүйенсек, мұндағы IT-саладағы кадрлар сұранысын қамтамасыз ететін маңызды елдердің бірі – Қазақстан.

АҚШ-тың Калифорния штатында бірнеше жылдан бері тұрып жатқан «CoPath» негізін қалаушы және бас дирек­торы Нұржан Махмұдов Кремний алқабындағы қазақ IT мамандары туралы тың ақпарат айтты.

«Қазақстаннан келген мамандарды АҚШ-тағы жұмыс бірнеше себепке байланысты қызықтырады. Амери­кадағы технологиялық индустрия басқа елдердегі аталған сектормен салыс­тыр­ғанда, инновацияда жетекші рөл атқа­рады. Кремний алқабы жоғары техно­логиялардың әлемдік орталығы және әлемнің түкпір-түкпірінен талантты мамандарды тартады. «Google», «Apple», «Facebook», «Amazon», «Tesla» сияқты америкалық IT-компанияларда өз салаларында көшбасшы болып жүрген, техно­логиялық инновацияларда басқарушы позицияларды иеленетін отандық мамандар көп. Мысалы, «Tesla»-ның Global Supply Manager позициясында Әділ есім­ді азамат жұмыс істейді, ол өзінің негізгі жұмысынан бөлек аптасына екі рет біздің аймақтың жас мамандарына амери­калық алып корпорацияда жұмыс істеуге дайындалуға көмектеседі», дейді Н.Махмұдов.

ее

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Шетелдегі мамандардың көбінің техникалық қабілеттері басым. Өйткені Қазақстанның білім беру жүйесі бағдар­ламалық инженерия мен информатика сияқты салаларға баса назар аударады. Цифрландырудағы қазақ біліктілері әлемдік технология индустриясының негізгі тілі – ағылшын тілін де еркін мең­герген. АҚШ-тағы мамандардың айтуынша, заманауи және прогрессивті Орталық Азия қоғамынан шыққан мамандар АҚШ-тың корпоративтік нормаларына тез бейімделеді. Қазақстан этностық және діни әртүрліліктің жоғары деңгейімен ерекшеленетіндіктен, әртүрлі ортадағы адамдармен ынтымақтастыққа ашық.

«Booking.com» компаниясының (Амстер­дам) IT маманы Мақсұт Нәрікби Қазақ­станның цифрландыру бағыты, тіпті, Еу­ропа мен АҚШ-ты да артта қалдыра алатынын атап өтті.

«Қазақстандағы цифрландыру деңгейі кейінгі 5-10 жылда бұрынғы жағдаймен салыстырғанда өте жақсы деп ойлаймын. Айта кетерлік жайт, басқа мемлекеттермен салыстырғанда, Еуропа мем­лекеттерімен немесе АҚШ-пен, т.б. IT саласы дамыған мемлекеттерге қарағанда, жалпы біздің деңгейіміз жақсы. Шыны керек, біз көптеген мәселемен, мысалы, сыбайлас жемқорлықпен күресіп келеміз. Осы мәселе цифрландырудың көмегімен шешіледі деген ойдамын. Бұл сала азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасының барлық тұсы деп айтсам, артық емес»,  дейді М.Нәрікби.

Әлемдегі IT-cаланың үлкен жетістігі – цифрлық банктердің пайда болуы. Бұл жетістік нарықта жаңа жолдар салып, саланың екінші тынысын ашты. Кей мем­лекеттерде осы тұрғыдан біраз мәселе бар. Мысалы, Германияда халық әлі күнге дейін қағаз ақша ұстайды, ал Гол­ландияда керісінше қағаз ақша мүлдем пайдаланбайды. Осындай әртүрлі деңгей бар. Қазақ мамандарына нарықтың осы алаңында мыңдаған мүмкіндік бар дейді «Booking.com» компаниясының қазақ қызметкері М.Нәрікби. Ол біздің елдегі кейбір мә­селені шешуге үлгі болатын ұсыныс та айтты. Цифрландыру көлеңкелі экономиканы қалай жоя­тыны туралы баяндап берді. «Мен Голландияда тұрамын, осы жерде кәсіп ашуға арналған көптеген мемлекеттік жеңілдік бар. Ол жеңілдіктер цифрлық өнімдер ретінде ұсынылған. Төлем қабылдау үшін Голландия өзінің төлем жүйесін құрған, ол PIN деп аталады. Бұл жүйенің қызығы – мемлекет карталарды қолданбай, онлайн төлем жүргізеді, яғни мемлекетке ешқандай тәуелділік болмайды. Мысалы, үйіңізге сантехник келетін болса, төлем кезінде өзінің посттерминалын ұсынады. Бұл жерде цифрландырудың артықшылығы – мемлекеттегі көлеңкелі нарықты жояды», дейді ол. Рас, цифрландыру жүйесі қанша жерден өсіп-өркендегенімен, белгілі бір деңгейде мемлекет тізгінді өз қолына алуы керек.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазіргі кезеңде мемлекет саясаты елдегі инновациялық экожүйені қарқынды дамытуға бағытталып отыр­ғанын айтқан еді. Оның ішіне адам капиталының сапасын жақсарту, IT-ин­фрақұрылым мен венчурлық қорларды құру, шетелдік технологиялық компанияларды тарту және жергілікті стартаптар үшін қолай­лы жағдайлар жасау кіреді. Еске сала кетейік, шетелдік ірі технологиялық компанияларда жұмыс істейтін қазақ IT мамандардың қауым­дастығы іске қосылған еді. Ол – «Digital Nomads». Бүгінде оның құрамында 400-ден астам маман бар. «ІТ-саласындағы инвестиция көлемі өсіп, стартаптар Кремний алқабының акселерациясына да шығып жүр. Бұл – біздің цифрлық өнімдеріміздің халықаралық аренада бәсекелі болуының кепілі. «Astana Hub» – Орталық Азия өңіріндегі «Google for Startups»-тің жал­ғыз серіктесі. Осы­лайша, Қазақстан аймақтың ірі IT ойын­шысына айналып келеді», деген еді Б.Мусин.

Министр қазақстандық IT-қызмет­тердің экспортын ұлғайту үшін жақын арада Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста «Silkroad hub» өкілдіктері ашылатынын да мәлімдеген. Сондай-ақ білікті мамандарды тарту үшін «Digital Nomad Visa» жобасы іске асырылады. Бүгінде ел нарығында стартаптарға 145 млн доллар инвестиция салған 24 венчурлық қор жұмыс істейді. Мұның бәрі – мемлекеттің белсенді саясаты мен IT-салаға қызығушылықтың күрт өсуінің нәтижесі.